МОЛШЫЛЫҚ ТОЙЫ

Дала еңбеккерлерін марапаттау Н. Бекежанов атындағы облыстық драма театрында өткізілді. «Алтын дән» мерекесіне арналған салтанатты жиынға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.
Ала жаздай атыз жағалаған еңбеккерлердің еңбегі «Алтын дән» мерекесінде еленді. Салтанатты шарада облыс әкімі ауылшаруашылығы саласының қызметкерлерін егін жинау науқанының сәтті аяқталуымен құттықтап, сала бойынша үздік қызметкерлер мен ардагерлерді марапаттады.
– «Алтын дән» – бұл еңбек мерекесі. Сондықтан бүгінгі шараны Социалистік Еңбек ері Сәлима Жұмабекованы марапаттау рәсімінен бастау керек деп санаймын. Сәлима Жұмабекова кезінде ерен еңбек үлгісін көрсетті. Еңбекпен қатар 11 бала тәрбиелеп өсірген Батыр ана атанды. Қалың қазақ Сыр өңірін «Алаштың анасы» деп атайды. Ал біздің Сәлима Жұмабекованы Сыр анасы деп атауға толық негіз бар, – деді аймақ басшысы.
Еселі еңбекпен толайым табысқа кенелген ардақты жан Сәлима Жұмабекова осы уақытқа дейін көпқабатты үйде тұрып келген екен. Ендігі кезекте ол кең, жайлы үйге қол жеткізіп отыр. Ол облыс басшылығына қамқорлығы мен жаңа кең баспанасы үшін алғысын жеткізді.

Биылғы «Алтын дән» мерекесі осылайша толайым тартуымен келіп жетті. Сыр диқандары ауа райының қолайсыздығы мен су тапшылығына қарамастан орақ науқанын абыроймен аяқтады. Осыған орай облыс орталығында мерекелік іс-шаралар өтті. Мереке аясында облыстың барлық аудандары мен қала төңірегіндегі елдімекендерінің қатысуымен дәстүрлі ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері ұйымдастырылды. Аталған шараға облыс шаруалары 1500 тоннаға жуық ауылшаруашылығы өнімін әкелген. Оның ішінде көкөніс, бақша,сүт өнімдері және балық, ет өнімдері бар.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Жаңақорған және Шиелі аудандары диқандары мен еңбекшілері алып келген ауылшаруашылығы өнімдері жәрмеңкесін аралап көрді. Алты ай бойы аптап ыстық пен аңызақ желде тер төккен ағайынды егін жинау науқанының сәтті аяқталуымен құттықтады.
– Мемлекет басшысының қамқорлығы арқасында соңғы жылдары облыстың аграрлық секторында серпінді даму динамикасы қалыптасып келеді. Соңғы 5 жылда бұл салада өндірілген өнім көлемі 16,4 млрд. теңгеге өсті. Осы жылдары ауыл шаруашылығына салынған инвестиция көлемі 23, тамақ өнімдерін өндіруге салынған инвестиция 5 есеге ұлғайды. Биыл еңбекшілерге оңай соққан жоқ. Ауа райы сан түрлі құбылды. Әсіресе, мамыр-маусым айларында күн қабағы әдеттегіден салқын болды.

Айтолқын АЙТЖАНОВА.