КӨШЕ КЕЗГЕН ҚИЛЫ ТАҒДЫР...
Күзгі салқын леп... Күн бұлттанып жауын да жауғысы келеді. Жел соғып тұр. Адамдардың да көңіл-күйі дәл солай. Ауа-райы секілді мың құбылып тұр.
Қызылорданың орталық бөлігіндегі «Жайна» базары жақта бүрісіп отырған бір әйел кісіге көзім түсті. Өзіміздің қазақтың қаракөзі екен. Алдына бір қағазды жайып, оның айналасын таспен бастырып қойыпты. Шаң басқан қағаз үстінде 5-10 теңгеліктер жатыр. Пендеміз ғой, жанашырлық танытып, дереу қалтамдағы тиындарымды беріп кеттім. Ең құрығанда алдындағы ақшасы бір бөлке нанға жетсе екен деп ойладым. «Күн суытып кетті, тоңып қалатын болды-ау» деген ой көңілімнен біразға дейін кетпей қойды.
Шыны керек, алақан жайып, қайыр тілеп отырған пенделерді көргенде кез келген адам қолындағы барын садақа ретінде беріп кетеді. Кейбірі кәдімгідей аяушылық танытады. Бірақ, олар өмірде тағдыр талқысын көрген қайыршылар ма? Олардың арасында қаңғыбастар да бар екен. Қолына түскенін бір бөлкеге емес, бір бөтелкеге жұмсауға даяр тұрады.
Олардың осындай күй кешуіне қоғам кінәлі ме деген сұрақ тағы туады. Себебі, тағдыр деген бар. Алланың бізді жаратып, маңдайымызға жазып берген өмір сызығы болады дейді үлкендер. Сол өмір сызығы әр адамда әртүрлі сызылады. Бірінікі – түзу, енді бірінікі – бұралаң.
Міне, тартысқа толы тағдыр дегеніңіз осы... Күрес барда жеңіс пен жеңіліс болатыны сөзсіз. Қиындыққа қарсы тұрып, сынақтан сүрінбей өтіп, жеңіске жетсе жақсы. Ал, өз-өзін жеңе алмай, ақыр соңында бақытсыздыққа тап болатыны да қаншама... Иә, бақытсыздыққа біреулер өз аяғымен барады. Енді біреулері өзгенің таяғымен бейшара күй кешуде. Қайыр тілеп, қоқыс жағалаған кезбелік тағдырда да солай.
«БОМЖ» ДЕГЕН «БҮЖӘЙ» МЕ?
Бүгiнде «бомж» десе, бәрiмiз дерлiк мұрнымызды шүйiре қараймыз. Бойымызды қорқыныш билеп, жолда кезiксек, жанынан тезiрек өтiп кетуге асығамыз. Сөйлесе, жауап бермеймiз. Әрине, бұлай болуына сол «бомж» аталатын адамдардың өздерiнiң де тiкелей қатысы бар.
Мұндайда кiшкентайымыздан естiп өскен «бомждар» жанынан өтсең тиiседi, болмаса қуады. Олар сөйлегенде үндемеген дұрыс. Бiр сөйлессең, соңыннан қалмайды» деген сөздер ойға оралады. Қашқақтайтынымыз да содан болса керек.
Мұндайда кiшкентайымыздан естiп өскен «бомждар» жанынан өтсең тиiседi, болмаса қуады. Олар сөйлегенде үндемеген дұрыс. Бiр сөйлессең, соңыннан қалмайды» деген сөздер ойға оралады. Қашқақтайтынымыз да содан болса керек.
Анасы мен баласы аялдамада қоғамдық көлік күтіп тұр. Ал, аялдама жанында қаңғыбас адам отыр. Оны көрген бала: «Анашым, анау аға кім? Неге қап-қара?» деп сұрағын жаудырды. Алғашында анасы жауап бергісі келмеді. Кішкентай бала қоймаған соң:
– Балам, ол «бүжәй» деп жауап берді. «Ондайларға баруға болмайды. Ал, бұзық болсаң, соларға беріп жіберемін» деп баласын одан сайын қорқытып қояды. Енді қараңыз, әлгі жас өреннің ойында ол сол күйі «бүжәй» деп қалыптасып кетеді.
Жалпы, «бомждар» ұсқынсыз, кiрқожалақ, сүйкімсіз болсын, ауызынан арақ исi құрғамаса да, оларды шеттетiп бөлектеуiмiздiң өзi дұрыс па, бұрыс па? Өйткенi, олар да ет пен сүйектен жаралған адамдар. Қайсысы болсын, тағдырдың тәлкегiне шыдамай, басына түскен ауыртпалыққа қарсы тұра алмай, мойынсұнып кеткен болу керек. Бір жағынан біз оларды ақтағанымыз емес. Тек олардың тағдырын түсіне білу керек секілді.
ОЛАР ҚАЙДА ТҰРАДЫ?
Мұндай адамдарды көбіне көпқабатты үйлердің жертөлесінен, шұңқырдан, вокзал маңы мен қоқыс алаңынан, базар ішінен жиі кездестіреміз. Олар күннің жылы болғанын қалайды. Өйткені, тоңбай кез-келген жерде жүре береді.
Қайда қайыр тілейді? Қаладағы «Универсам» ауданында, облыстық медициналық орталықтың алдында, мешіт айналасында алақан жайып отырады. Мынаны қараңыз, егер осы атаулы жерлерге басқа қаңғыбас келіп отырса, оны қуып жібереді. Олардың да өз таласы бар екен. Тіпті, кейбірі «Жібек жолы» сауда орталығының артқы жағына жаймасын жайып, шағын үй етіп алған көрінеді. Иә, үйсіз кезбелер қаланың әр бұрышынан табылады.
Ал, күн суытса қайда барады? Баратын жерлері де дайын. Қалаға қарасты Тасбөгет кентінде өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталық бар. Бұл мекеме 2001 жылдан бері үй-күйі жоқ адамдарға қызмет көрсетіп келеді.
Жан-жағы қоршалған орталық ауласына қарай беттедік. Есік алданда бірнеше адам жүр. Кейбірі бір-бірімен әңгіме-дүкен құрып отыр. Енді бірі қалың ой үстінде. Ал, келесісі өз-өзімен сөйлесіп жүр. Иә, өмірі әрқилы болғанымен тағдырлас жандар бар бұл жақта.
Әдетте, сырттан келген кісі алдымен үй иесімен сөйлеседі. Бізде сол секілді жүздесуді орталық директоры Жанат Адрановадан бастадық. Жылы жүзбен қарсы алған басшы бәрін бірден түсіндіріп кетті.
– Негізі бұл жаққа аты айтып тұрғандай, жағдайы ауыр кісілер келеді. Бұл орталық қылмыстың, тазалықтың алдын-алу мақсатында құрылған. Мекеме 50 қызмет алушыға арналған. Сондай-ақ, тағы да 10 түнемелік орынға көбейтілді. Орталық 7 бағыт бойынша жұмыс жасайды. Яғни, әлеуметтік тұрмыстық, еңбек, медициналық, психологиялық, мәдени, экономикалық және құқықтық сала бойынша әр адамға қызмет көрсетеді, – деді Ж.Адранова.
Жалпы, осы жерге келген адамға алдымен қандай қызмет түрі көрсетіледі? Мұндай адамдар көбіне ішкі істер департаментінен, ауруханадан, түрмеден немесе дала кезіп жүрген жерінен осы орталыққа түседі. Содан олардың құжаты, өзімен бірге алып жүрген затынан бастап адамның өзіне дейін толық тексеруден өтеді. Сыртта үйсіз жүргендің жағдайы қандай болатыны түсінікті. Сол себептен оларды мамандар моншаға түсіріп, шаш-тырнағын алдыртып, үстін тазалап, киімін жаңалап, қалыпқа келтіреді.
– Биыл орталыққа осы уакытқа дейін 112 қызмет алушы келді. Қазір 36 адамға қадағалау жасап отырмыз. Қабылданған барлық қызмет алушыға 1 қосымшаға сәйкес өтініші қабылданып, тіркеу карточкасы ашылып, ресоциализация туралы шарт жасалып, айқындау парағы толтырылады. Әрқайсысына жеке жұмыс жоспары жасалды. Орталықта бірнеше мәрте келгендері де бар.
Осы азаматтардың 5-і ауруханадан, 30-ы өз өтініші бойынша, 12-і қалалық ішкі істер басқармасынан, қалғаны рейд барысында қабылданды. Олардың 20-на жеке куәлігін қайта рәсімдеу шарасы қолға алынды, 11 адам №1 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына орналастырылды. Сондай-ақ, денсаулығына байланысты кейбірі ауруханаға жатқызылып, ем-дом алып, қабылданды, 2 қызмет алушыға II топ мүгедектігі, тағы бірқатарына І, ІІ, ІІІ топ мүгедектігі берілді. Арасында кейбірі уақытша және қоғамдық жұмысқа тұрды. Орталыққа келген азаматтар арасында жазасын өтеп шыққандары да кездеседі.
Әлеуметтік және психолог мамандар орталық көмегіне жүгінгендермен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Әңгімелесу, семинар мен тренингтер өткізіледі. Осының әсерінен 6 адам өз отбасына қайта оралды. Мұндай жағдай кездессе, біз қуанып қаламыз. Әрбірінің үйіне оралғаны – үлкен қуаныш, – деді мекеме директоры.
Қаңғыбастық өмірін өзгерткісі келмейтін адамдарға тәуліктің түнгі уақытында жазғы сағат 21.00-ден 9.00-ға дейін, қысқы уақытта 18.00-ден 10.00-ға дейін орын беріледі және қажетінше алғашқы медициналық көмек көрсетіледі. Мекемеде 3 мезгіл ыстық тамақ беріліп, төсек-орын жабдығымен, жеке гигиена заттармен, киіммен қамтамасыз етіледі. Ал, орталық ішінде ерлер, әйелдер бөлмесі бөлек, тіпті демалыс бөлмесі де ұйымдастырылған. Бір сөзбен айтқанда, 35 адам қызмет ететін орталықтағы тыныс-тіршілік осындай. Әр қызметкердің өзіне тиісті тапсырмасы бар. Әрқайсысы мұнда жатқан адамдарға жақсы қарайтыны көрініп-ақ тұр.
ӨТКЕНГЕ ӨКІНІШ...
Біз осындағы тұрғындармен танысқанды да жөн көрдік. Орталық орынбасары Бегалы Нұрмаханов әр қызмет алушының қалай түскені жайында мағлұмат берді.
Жасы алпыстың үстіне шыққан, басында ақ тақиясы, қолында таяғы бар қариямен тілдескіміз келді. Амандасып, жағдай сұрастық. Қария да сөйлесуге қарсы болмады. Болат Сұлтанов есімді кейіпкеріміз 2009 жылдан бері осы орталықты пана тұтып келеді.
– Негізі Тасбөгетте дүниеге келдім. Одан кейін Қазалы ауданына көштік. Оқыдым, тоқыдым. Жастайымнан бастап еңбекке ерте араласқан соң біраз қызметтер атқардым. Бөлім басшысы да болдым. Бірақ, ақшаның буын көтере алмадым. Бір емес, үш рет үйлендім. Ұл-қыздарым бар. Не пайда? Ешбірі қасымда қалмады. Оған өзім кәнілімін. Өйткені, ішімдікті көп іштім. Дала кезіп кеттім. Ақыр соңында үйден де, отбасымнан да, ортамнан да, бәрінен айрылдым, – деді қария өткенін еске алып.
Мұңайып отырып, әңгімесін қайта жалғастырды. «Қазір ұлым ғана келіп тұрады. Оған да шүкір етемін. Ішімдікті қойдым. Мұндағы қызметтерге ризамын. Қолыма таяқ ұстасам да, есік алдындағы тірліктерді жасай беремін. Аптасына бір рет монша жағамыз. Сенбілікке қатысамын. Өйткені, қарап отырғым келмейді» деді ол кісі.
ТҮРМЕНІҢ АЩЫ ДӘМІ
Келесі тұрғынның аты-жөні – Владимир Байменов. Өзбекстанның тумасы. Он екі мүшесі сау, 46 жастағы тепсе темір үзетін шағында осы орталыққа қалай түсті десеңіз, тағы да ішімдіктің салдарынан деуге болады.
– Жас кезімізде 3-4 жігіт жиналып, спирттік ішімдікті ішіп отырып, соңы жанжалға ұласты. Сол төбелестен бір бала көз жұмды. Қайғылы оқиғаға орай 18 жылға бос бостандығымнан айрылдым. Түрмеде небір қиын күнді өткіздім. Оны ойға алғым келмейді.
Қазір ішімдікті де қойдым. Оны қою үшін емделудің қажеті жоқ. Тек өзіңе сенімді болу керек. Мен өзімді солай үйреттім. Алдағы өмірімді өзгерткім келеді. Мені 13 жыл 4 айын өтегеннен кейін босатып, осында жіберді. Үш айдай болды, орталыққа келгеніме. Осы жаққа келіп, бостандықтың не екенін түсіндім. Енді құжаттарымды күтіп отырмын. Бір қуанатыным, жаныма демеу болатыны – іздеушілерім бар. Бауырларыма қосылып, өз бетімше өмір сүрсем деп армандаймын, – деді Владимир.
Иә, ол кісіден өмірге деген құлшынысы бар екені байқалды. Дұрысталдым деген сөзі бізді қуантты. Өйткені, ол өткенінен сабақ алды. Лайым, енді өткен ортасы оралмасын, артта қалсын дедік іштей...
ТІЛШІ ТҮЙІНІ
Мұндағылардың бәрі өткеніне өкінішпен қарайды. Әттең дейді. Кейбірі отбасын, үйін аңсайды. Енді бірінің есіл-дерті – көше кезу, қайыр тілеу, қаңғыбастық өмірін ойлайды. Ондай жандар реті келсе, орталықтан сәл ұзаса, қашып кеткісі кеп тұрады. Сөйтіп, қайта ескі әдетімен жүргісі келеді.
Бұл жақта кімдер болмады дейсіз... Кезінді небір басшылық қызметті атқарғандар да кездескен. Бірақ, олар тағдырдың тәлкегімен осы жерді паналайтынын кім білген... Ешбір пенде алдында не күтіп тұрғанын білмейді. Айналаңызға көз салсаңыз, бiреудiң жаз күнiндей жадырап жүргенiн, ендi бiреудiң жабырқап бара жатқанын байқайсыз. Өмiр ғой, тағы бiреудiң бақыттан басы айналса, өзге бiреудiң бақытсыздықтан жаны ауырады.
Қазақ айтқандай, «Бiреу тойып секiрсе, бiреу тоңып секiредi». Десе де, еңсесi биiк, рухы жоғары адам қандай қиын жағдай болсын тауын жықпайды. Мұндайда өз-өзiне сенбейтiндерден, мәселе шешiмiн бөтелке түбiнен iздейтiндерден қорқу керек. Қомақты қаржыға қол жеткiзiп, бақытқа кенелгенде де, өз-өзiне сенiмдi адам жүрген жолынан жаңылмайды. Мұнда да берекесi қашатындар – сол баяғы өзiне қарағанда өзгеге сенетiндер. Осындайда дүние-байлықтың, атақ-даңқтың уақытша қолдың кiрiндей нәрсе екенiн ұмытып жатамыз.
Бір ұққанымыз, адам болып келген соң адам болып кеткенміз дұрыс екен бұл өмірде... Орталықтан шығып бара жатып, мына бір ән құлағымнан кетпей қойды.
Тулаған қаны бар,
Тұлпар да табылар,
Үміт болса,
Кун туса басыңа,
Мойыма, жасыма,
Жігіт болсаң!
Иә, бұл – Шәмшінің «Сыған Серенадасы» әніндегі өлең жолдары еді...
Тағдыр. Өмір жолы бұралаң. Адами қасиетіңді сақтап қалу өз қолыңда. Қиындық барлығымызда кездесіп жатады. Оған морт сынуға бола ма? Күйзеліске түскен ет жақынымызға жылы сөзімізді айтып, жанына жалау бола білсек дейміз. Кейде бізде осындай жүрек жылуы жетпей жататын секілді. Қаңғыбас күйге түскен жандарды көргенде осындай ойға берілеміз.
Өмір-өзен өз арнасымен ағып жатыр. Жүзе білген оған бата қоймайды. Енді бірі тұңғиығына түсіп кететіні өкінішті...
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.