ҚАЙЫР ТІЛЕП, ЖАН БАҚҚАН ПЕНДЕЛЕР БАР НАН ТАПҚАН

«Осы жақын маңда тұрамын. Алла маңдайыма жалғыз қыз беріп, оны да өзі алды. Жасым 53-те. Зейнетақы тағы жоқ. Аяғым сырқырап бастырмай, жұмысқа жарамай қалдым. Осы жасқа келгенде кімнің есігін жағалайын? «Ағайын бар болса көре алмайды, жоқ болса бере алмайды» деген сөздің растығына бүгінде көзім анық жеткен. Жоқшылық пен қайғының зарын тартқан мен бір жүрген сормаңдаймын ғой», – деді, жыламсырап. Ары қарай қазбалап сұрай берудің ретін таппай айналып өте бердім. Соңымнан «Жағың түспей жамандық көрме, қызым», – деген алғысын құлағым шалды. «Біреуге қарап күпір қыласың, біреуге қарап шүкір қыласың» деген осы болар, бәлкім. Сол апайдың сөзі ұзап кеткенше құлағымда қалып қойды. Қазір қаланың қай бұрышына барсаң да қол жайып, тиын сұраған тіленшілерге сүрініп жығыласың. Олардың басым көпшілігі сырттан келген тәжіктер, өзбектер, қол арбаға таңылған мүгедектер, келін-балаға жақпай далада қалған ата-ана, есігіңді қағып аяқасты мүсәпірсіп тиын сұрайтындар, одан қалды ащы судың құлы болған бейбақтары тағы бар. Базар, вокзал, адамдар көп жиналатын орындар мен аялдамаларда отыратын қайыршыларға етіміз өліп, көзіміз үйреніп те кеткен. 40-43 градус күннің ыстығында балаларын құшақтап, көше кезеді. Балаларының да көздерін тырнап ашқалы көрген-білгендері осы болған соң ба, әйтеуір, адам қарасы көрінсе болды аяққа оралғы болып бермесіңізге қоймайды. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігініӊ нұсқауына сәйкес, облыс көлеміндегі қоғамдық орындар мен көпшілік қауым шоғырланған жерлерде кәсіпкерлік негізіне жатпайтындай мақсатпен табыс табумен, яғни бал ашу, қайыршылық, сексуалдық сипатта қызметтер көрсету не мазалап өтініш білдіру деректерін анықтау, тұрғындарға үгіт-насихат шараларын жүргізу мақсатында жедел-профилактикалық іс-шаралар жиі өткізіліп келеді. Мұндай науқандық іс-шара болғанымен, аз да болса қаланы қайыршылардан тазартуға септігін тигізетін бірден-бір жол ретінде бағалауға болады. «Қайыр тілеген мүсәпірдің азапты күйін шыбынның басындай қайыр берсең де азайт», – дейді Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.с) 504-хадисінде. Мына бес күндік фәниде ешкім жиған-тергенін арқалап кетпейді. Бақилық ғұмырда қайыршы да, бай да, кедей де бірдей. Қолда болса, көмек беріп, садақаның сауабын алу – әрбір мұсылманмын деген пенденің парызы. Дегенмен, тек бір күндікті ойлап, еңбек етіп кәсіп қылмай, көрінгенге қол жаюды әдетке айналдырғандар да жоқ емес. Мұндайлар шын мәнінде қайыршылар емес, оңай олжаны кәсіп қылғандар. Көпті алдап, арбап қолындағысын алады. Мұны да ескерген жөн.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.