АЛАШТЫҢ АНАСЫ АТАНҒАН АЙМАҚ
"Сыр – Алаштың анасы". Кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев облысқа кезекті сапарының бірінде мәдени мұралардың алтын көмбесі, талай тарлан тарихты қойнына бүккен киелі топырақтың қасиетін осылайша бір-екі ауыз сөзбен өте әдемі түйіндеген еді. Ұлт Көшбасшысының берген бұл бағасы бүгінде мұндағы жұртшылықтың айта жүрер тағылымды тәмсіліне, дүйім ел алдындағы мәртебесін де, рухын да көтеретін ұранға айналды. Ал, көңілі дариядай шалқып-тасқан Сыр өңірі Елбасы назарынан ешқашан тыс қалған емес.
Тәуелсіздік жылдары Нұрсұлтан Назарбаев облыста бірнеше мәрте ресми сапармен болып, аймақтың даму деңгейін ұдайы назарда ұстады.Әсіресе, ел мен Елбасы егіз өрілетін егемендік шежіресінде Мемлекет басшысының өңірге деген ықыласты қам-қарекеті ерекше көрініс берді. Санаулы өндіріс орындарының оттығы бітеліп, дала төсінде мыңғырған төрт түлігінің бабы қашып, шаруасының кетеуі кетіп, Арал қасыретінен зардап шеккен бұл өңірге сонау жылдары балаға ананың қамқорлығындай ерек ықылас қажет болған-ды. Міне, дәл осы сәтте үлкен іскерлік танытқан Елбасы аймақты тікелей өзінің қанатының астына алып, көреген басшы үлгісін көрсете білді. Өңірді өрге сүйрейтін бірнеше ірі жобаларды қолға алып, оның нәтижелі жүзеге асуына өзі бастамашы болды.
Елбасы қолдауымен әуелі Арал аймағында іргелі жоба жүзеге асты. Көк теңіздің кешегі шалқыған дәурені көпті көрген қариялардың көз алдында әлі де сайрап тұр. Арада сан жылдар өтсе де, жергілікті көнекөз ақсақалдар оны кеше ғана болғандай тізбектеп әңгімелеп береді. Бүгінде қарт теңіз ескі жұрттан ауылын аулақ салса да, оның табанын мекен еткен халық келер күнге қашанда үмітпен қарайды. Себебі, өткен ғасырдың бел ортасы ауған тұста Арал сортаң тарта бастап, тәуелсіздік табалдырығын кезенесі кепкен құрғақ теңізбен аттаған едік. Табиғат-Ананың осындай келеңсіз кейпін көріп, халықтың біраз торығып қалғаны рас. Кезінде асау толқыны жағаға соғып, бекіресі аттай тулаған теңіздің біраз бөлігі қазір көзден ғайып болған. Бұрын бұл жердің көк айдын болғанын бүгінгі өскелең ұрпаққа тек сортаң тартқан іздер ғана айғақтайтын секілді. Ал, біздің өткен шақтың еншісінде баяндап отырғанымыздың да өз себебі бар. Қазір тіршілік жанданып, айнала жаңарғандай. Себебі, Аралдың солтүстік аумағындағы теңіз айдынын сақтап қалу мақсатында іргелі жоба өз нәтижесін берді. Бастысы, Арал толысты, арнасы ұлғайды. Осындай ірі бастамаға Елбасының өзі ұйытқы болып, тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарында-ақ Аралды сақтап қалу мақсатында жарқын жобаны қолға алды. Аталмыш жоба аясында Орта Азия аумағындағы бес мемлекет басшыларының басын қосып, бұл мәселені алғаш рет халықаралық деңгейде талқылады. Соның нәтижесiнде «Сырдария өзенiнiң арнасын реттеу және теңiздiң солтүстiк бөлiгiн сақтау» (САРАТС) жобасы дүниеге келдi. Оның алғашқы кезеңiнде Көкарал бөгетi бой көтеріп, Ақлақ су тоспасы салынды. Сырдария өзенiнiң арнасы реттелiп, Қараөзек, Әйтек тоспалары қайта жаңғыртылды. Кiшi Аралдың суы бұрынғы жағалауына жақындап, теңiз көлемi бес есе ұлғайды. Теңіздің осылайша ауылға қайта бет бұрып келе жатқанына аралдық ағайынның қуанышы айрықша. Нәтижелі жұмыстың арқасында жобаның бiрiншi кезеңiнде теңiздiң су деңгейi бірден 4 метрге дейін көтерілді. Су арнасын аудан орталығына 50 шақырымнан астам аумақта жақындатуға, аймақтағы экологиялық жағдайды жақсартуға, өңiрдегi көлдер жүйесiн қалпына келтiруге жағдай жасалды. Сондай-ақ, жойылып кеткен ондаған балық түрлерiнiң қайта пайда болуына мүмкiндiк бердi. Оның басым бөлігі бүгінде Еуроодақ елдерiне тiкелей экспортталуда. Қарап отырсақ, мұның барлығы да ел мерейiн көтеріп, болашаққа деген сенімділіктің нығая түсуіне ықпал ететін шаралар екені даусыз. Ал, аралдықтардың ендiгi үмiтi – ғасыр жобасының екiншi кезеңiн сапалы нәтижемен жүзеге асыру. Бұл мақсат аясында да атқарылар біраз тірлік жоспарда тұр. Аталмыш шара толығымен сәтті іске асқан жағдайда теңіз суы Арал қаласының маңына дейін жақындайды деп көзделіп отыр. Осының нәтижесінде маңайдағы бұрын құрғап қалған көлдердің табанына толығымен су жетеді. Біз айтып отырған жобаның діттеген мақсаты да – осы. Ал, Елбасының «Мен Аралға көмектесемін деген арманыма жеткеніме қуаныштымын» деген сөзі де мұндағы жерлес ағайынның жүрегіне мәңгілікке жазылып қалғандай.
Елбасы бастамасымен жүзеге асқан және бір игі іс – "Батыс Еуропа-Батыс Қытай" автожолы да қызылордалықтар игілігіне болысып жатқан тағы бір нәтижелі шаруаның бірі. Бүгінде еліміздің бірнеше облысын басып өтетін аталмыш көлік дәлізінің өңірдің өндіріс, транзиттік байланыс, кәсіпкерлік саласына елеулі серпін беріп жатқаны баршаға аян.
Сондай-ақ, бүгінде жүзеге асырылып жатқан облыс аумағын газдандыру жағдайы да Елбасының Сыр өңіріне қамқорлығының бір парасы. «Өңірлердің дамуы – елдің дамуы» деп Мемлекет басшысының өзі айтқандай, тұтас елдің өркендеу деңгейін әрбір ауыл-аймақтың ілгері жылжуынан бастаған Нұрсұлтан Назарбаев тағы да өзінің іскерлік қабілетін аңғарта түскендей.
Ал, түбі бір түркі әлемінің рухани тәлімгері, ғұлама ойшыл Қорқыт бабамыздың мемориалдық кешені осыдан төрт жыл бұрын қайта жаңғыртылып, оның жанынан қосымша «Қорқыт ата зиярат ету орталығы» салынғаны белгілі. Бұл өз кезегінде Елбасының руханиятқа деген жанашырлығын, тарихқа деген құрметін паш ете түсті.
Сыр өңірінің әрбір игі ісін қуана құптап, қолдап жүретін Ұлт Көшбасшы облысқа кейінгі жылы жасаған ресми сапары кезінде де өндіріс орындарын аралап, қызылордалық бірнеше тұрғынның қоныстойына куәгер болды. Сондай-ақ, сол жағалаудағы жаңа қаланың бас жоспарымен танысып, Сырдағы соны серпінге ерекше ризашылығын білдірді. «Тәуелсіздік жылдарындағы жетістікті бір ғана Қызылорда облысынан көруге болады» деген бір ауыз сөзі шапағат дарыған киелі Сырдың осындай көркейген келбетін дөп басып айғақтап тұрғандай.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.