Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ЕЛБАСЫ ҚАМҚОРЛЫҒЫНДАҒЫ СЫР ӨҢІРІ

ЕЛБАСЫ ҚАМҚОРЛЫҒЫНДАҒЫ СЫР ӨҢІРІ

  Жаны жарқын, көңілі дархан Сыр өңірі Елбасы назарынан ешқашан тыс қалған емес. Тәуелсіздік жылдары президент Нұрсұлтан Назарбаев облысымызда бірнеше мәрте ресми сапармен болып қайтты. Сол сапарларының бірінде ағынан жарылып «Сыр – Алаштың анасы» деген жүрекжарды лебізін білдірді. Тарихқа жүгінсек, бұл жерде Жент, Сығанақ және Қызылорда секілді қазақтың үш астанасы болған. Бұл дана Қорқыт бабамыздың, Жанқожа мен Бұхарбай сынды батырлардың, Мұстафа Шоқайдың, Сыр сүлейі Кердері мен ғұлама Тұрмағанбеттің, ақын Әбілда мен Нартайдың, тамаша жазушылар Әбдіжәміл мен Қалтайдың, өзге де көптеген ардақты, дарынды перзенттердің туған өлкесі.
1991 жылдың 1 желтоқсанында Президент қызметіне Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды.
Ал, 10 желтоқсандағы алғашқы президентті ұлықтауға (инагурация) арналған салтанатты жиын отырысында бұрынғы Қазақ кеңестік социалистік республикасы Қазақстан Республикасы деп аталатын шешім қабылданды. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің отырысында Президент лауазымды жоғарғы мемлекеттік қызметке тағайындалды. Көп ұзамай 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заң күшіне енді.
Президентті ұлықтау рәсіміне барған облыс делегациясы құрамында болдым. Ерекше сәттің куәгері болғанымды мақтанышпен еске аламын. Уақыт көрсеткендей көптеген қиындықтарды артқа тастап, барлық жағынан алғанда әлем картасынан өз орнымызды еншіледік. Ант берген сәттен бастап Елбасымыз бекем ұстаған байрағымыз әлемнің көптеген елдерінде мен мұндалап тұрғанының бәріміз де куәгеріміз.
1989 жылы 1 ақпанда Қызылорда қаласында Арал проблемаларына арналған республикалық кеңес өтті. Елбасымыз ол кезде Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметінде еді. Кеңес отырысында ол кісінің Арал туралы шешіле сөйлегені есімде. Міне, сол бір қиын шақтан бастап, Елбасымыз бұл проблеманы бір сәт есінен шығарған емес. Бүкіл әлем халқының назарын Аралға қарай бұрды. Орталық Азия елдерінің басшыларын осыған байланысты Қызылорда қаласында кездесуге шақырды.
Онда проблеманың маңыздылығына тоқталып, біздің күшіміздің бірлікте екенін жеткізді. Арал тағдыры тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл дүние жүзінің қасіреті екенін айтты. Оны қазірден бастап қолға алмасақ, келешекте кеш болатынын нақты дәйектермен түйіндеді. Көп ұзамай Аралды құтқару жөніндегі Халықаралық қор құрылды.
Елбасының осы мақсаттағы талай бастамаларына куә болдық. Аралдықтарға таза ауыз су келуінің ашылу салтанатына Елбасымыз да қатысты. Ол – тарихта қалатын ерекше күн. Аралға келген бұлақтың суынан алғаш дәм татқан Президентіміз:
– Мынадай таза да дәмді су Қазақстанда жоқ, – деген жүрекжарды лебізін білдірді. Сол таза судың рахатын қазір Арал мен Қазалының барлық елді мекендеріндегі тұрғындар көріп отыр.
Ал 1997 жылғы 24 ақпандағы «Арал аймағы қазақстандық бөлігінің қазбалар кен орнын игеру туралы» Президент Жарлығының шығуы Арал өңіріне соны серпін әкелді.
2015 жылы Мемлекет басшысы Қызылорда облысында жұмыс сапарының қорытындысы бойынша БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді. Индустрияландыру аясында облыста ірі кәсіпорындар іске қосылатын болды. Соның ішінде бүкіл Қазақстанды өз өнімімен қамтамасыз ете алатын шыны зауыты да бар.
– Елдің барлық өңірінің ахуалы жақсарды, олардың бәрі Елордаға қарап бой түзеуде, – деді Қазақстан Президенті. Сондай-ақ осы сапарында рекордтық көлемде күріш жинаған жергілікті диқандарды құттықтады.
Мемлекет басшысы Сыр бойындағы экологиялық апаттан зардап шеккен халықты қат-қабат қасіреттен құтқаруды алдыңғы кезекке шығарды. Ғасырдың ғажайып игілікті ісінің бірі – Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу жобасы (САРАТС) дүниеге келді. Қазақстанның дүниежүзілік банкпен ынтымақтастығына негіз қаланды. Теңізді бөліп тұратын 14 шақырым Көкарал бөгеті тұрғызылып, Ақлақ су тоспасы салынды. Сырдария өзенінің арнасы реттеліп, Қараөзек, Әйтек тоспалары қайта жаңғыртылды. Кіші Арал суы бұрынғы жағалауына жетіп, теңіз акваториясы бес есе ұлғайды. Аймақтың ауа райы өзгеріп, климаттың табиғи болмысы қалыптасты. Арал ауданында балық шаруашылығы өркендеп, жергілікті жұрт ата кәсібіне қайта оралды. Жағалаудағы елді мекендердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсарды. Қазіргі таңда Аралда бұрынғы кеңес заманында салынбаған жаңа технологиялы балық зауыттары жұмыс істейді.
Сыр өңірі үшін маңызы аса зор САРАТС жобасының алғашқы нәтижелерімен танысқан Нұрсұлтан Назарбаев оның екінші кезеңін жалғастыруға тапсырма берді. Қасиетті Арал топырағында тұрып, «Мен Аралға көмектессем деген арманыма жеткеніме қуаныштымын» деген сөзі халық жадында мәңгі қалды. Теңіздің оралуы туралы әлемдік ақпарат құралдары жарыса жазып, табиғи апат салдарын жоюдың осынау үлгісіне таңдай қақты. Қазіргі таңда «САРАТС-2» жобасын жүзеге асыру қолға алынуда. Мамандардың талқысынан өткен, қабылданған шешімдер бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Сырдария өзенінің төменгі ағысында орналасқан ел ежелден бері Жер-анадан ризығын теріп келеді. Қайсыбір жылдары қыс айларында арнасы толған дария асау мінез көрсетіп, қала іргесіндегі мекендер мен саяжайларды су басып қалды. Арнасына сыймай жатқан өзеннің суы егістікке керек кезде тапшылық етті. Бұл күрделі мәселенің де шешімін Елбасы айтты. Ол Оңтүстік Қазақстанның аумағынан Көксарай су реттегішін салу идеясы еді. Су реттегіші пайдалануға берілгеннен кейін қыс соңында судан құтыла алмай, көктемде су таба алмай қиналатын еңбекшілердің уайымы азайды. Қазір Көксарай су реттегіші дарияның төменгі ағысындағы ел игілігіне жарап тұр.
Экономикалық құрылымы жағынан көп жылдар бойы аграрлық аймақ болған Сыр өңірі кейінгі кезеңде мұнайлы аймаққа айналды. Елбасының тікелей тапсырмасымен Қарағанды облысынан жалға алу мерзімі аяқталған Құмкөл жерін әлі де біздің облыстың еншісіне қалдыра тұруға шешім қабылданды. Қазақтың дархан даласының, қойнауы қазынаға толы жерінің байлығы баршаға ортақ. Ширек ғасырдан астам уақыт бұрын мұнайшылық кәсіпті игерген сырбойылықтар бүгінде Елбасының осы шешімінің игілігін көріп отыр.
Қызылорда халқы кеніштерде есепсіз шығын болған ілеспе газды жылдар бойы тұтына алмады. Қисапсыз байлық-газ босқа жанып жатқанда қала халқы құны аспандап тұрған отын мен көмірді пайдалануға мәжбүр болды. Елдің қамын ойлайтын Елбасы бұл істе де бастамашалық танытып, Қызылорда қаласын газдандыру жобасына қыруар қаржы бөлгізді. Жыл сайынғы Жолдауларында газдандыруды аяқтау туралы Үкіметке тапсырма берді. Міне, осының арқасында облыс орталығы мен аудандар арзан көгілдір отынның игілігін молынан көріп отыр.
Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асып, құрылысы аяқталған «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автомагистралі Сыр өңірінің әлеуетінің артуына қызмет етуде. Қытай мен Еуропаны жалғастыратын транзиттік дәліздің 800 шақырымнан астамы Қызылорда облысынан өтеді. Президент бастамасымен қолға алынған бұл ұлы жол облыстың барлық аудандарын басып өтіп, өн бойында көптеген инфрақұрылымдық нысандар іске қосылды. Нәтижесінде көптеген адамдар үшін жұмыс орындары ашылды.
Сыр бойылықтар облыстардың мәдени күндерін өткізудің бастамашысы болғанын мақтан етеміз. 1996 жылдың 6 қарашасында Тәуелсіздіктің 5 жылдығына орай алғаш рет Алматыда Қызылорда облысының мәдениет пен өнер күндері өтті. Онда да Елбасымыз қызылордалықтарды ризашылық сезіммен құттықтады. Кейінгі жылдары Астанада өткен біздің облыстың мәдени күндеріне Елбасымыз өзі келіп, өз лебізін білдіруді әдетіне айналдырған.
«Тәуелсіздік жылдарындағы қол жеткен табыстарымызды Қызылорда облысының мысалынан көруге болады» деген Елбасының қадап айтқан сөзі Сыр халқының еселі еңбегінің бағасы деп түсінеміз. Өңір басшысы Қырымбек Көшербаев Елбасы қолдауымен сан алуан игіліктердің жүзеге асуына сүбелі үлес қосып келеді.
Иә, өзім Президентпен 5 мәрте жүздестім. Екеуінде ол кісінің алдында сөйлегенімді мақтанышпен айтамын. Студенттеріме, ұл-қыздарыма, немерелеріме сол кездесулер жайында тебірене айтып отырамын.
Барша халқымызды тәуелсіздік күнімен құттықтаймын.

Қазбай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ профессоры.


20 желтоқсан 2017 ж. 1 749 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам