"Жасыл" экономика – жарқын болашақ кепілі
Облыста жыл сайынғы дәстүрлі шараға айналған "Bаikonur invest" инвестициялық форумы өтті. Дүние жүзінің бизнес қауымдастықтары мен қаржы институттарының белсенді өкілдері бас қосқан ауқымды шарада бірлескен жаңашыл жобалар талқыланды.
Аталмыш форум аймақ экономикасының жан-жақта өркендеуіне жол ашуда. Бүгінге дейін ұйымдастырылған форум жұмысы нәтижесінде облысқа шетелдік түрлі қаржы ұйымдарынан инвестиция тартылып, өндіріс орындарының көптеп ашылуына ықпал етті.
Форумның келесі күні "Жасыл" экономика – өңір дамуының жаңа бағыты" атты пленарлық отырыспен жалғасын тапты. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, 5 жыл ішінде аталмыш форумның әріптестік байланысты нығайтуға тигізген ықпалын сөз етті. Ал, әлемнің озық тәжірибелеріне арқа сүйеген облысымыз бүгінде дамудың жаңа сатына көтерілді. Энергия үнемдеуші технологияны қолданысқа енгізу, энергия тұтыну көлемін төмендету, мейілінше баламалы қуат көзін пайдалану арқылы экономикалық тиімділікті арттыруды қолға алынуда. Кезекті форумның "жасыл" экономика мәселесіне арналу себебі де – осы.
– Келесі жылы біз аудандарда жалпы қуаттылығы 140 МВт болатын 4 күн электр станциясын салуды бастаймыз. Одан бөлек, Сырдария өзеніндегі "Ақлақ" гидротехникалық құрылғысы қуаттылығы 20-25 МВт-ты құрайтын гидроэлектр станциясын салуға мүмкіндік береді, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, жиын барысында дипломатиялық миссия өкілдері, мемлекеттік органдар мен қаржы институттарының басшылары да әріптестік байланыстың нәтижесін сарапқа салды.
– Аймақтағы өңдеу өенркәсібінің көлемі 1,9 есе артты. Нәтижесінде саланың негізгі капиталына тартылған инвестициялардың өсу қарқыны жөнінен Сыр өңірі көшбасшылардың үштігіне енді, – деді ҚР Инвестициялар және даму министрлігі инвестиция комитетінің төрағасы Ерлан Хаиров.
Сонымен қатар, "Халықаралық "жасыл" технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы" КЕАҚ басшысы Рәпіл Жолшыбаев әлемнің көптеген мемлекеті үшін "жасыл" экономика халықтың әл-ауқатын арттырудың басты қозғаушы күші екенін жеткізді. Басқосуда "Франция-Қазақстан" достық тобының президенті Пьер Кабарэ, Корея Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Ким Дэ Сик пен өзге де делегаттар баяндама жасап, өз тәжірибелерімен бөлісті.
– Франция 2030 жылға дейін жалпы тұтынатын энергияның 32 пайызын балама қуат көздерінен алуды басты ұстаным еткен. Нәтижесінде елдегі шағын және орта кәсіп, ірі компаниялар барлық салаларда баламалы қуат көздерін пайдалану бойынша жобалар жүзеге асыра бастады. Бүгін бұл мақсаттағы жобамыздың Қазақстанды және Қызылорда облысын дамытуға пайдалану мүмкіндігі туғанын мақтаныш етеміз. «Тоталь» француз компаниясы қазақстандық әріптестерімен бірге Жалағаш ауданында күн электр станциясын салуды міндетіне алды. Бұл жұмыс жақын күндері басталады және келер жылдың қазан айына дейін жалғасады, – деді Франция Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Филипп Мартинэ.
Облыс дамуы үшін келелі бастамаларға жол бастаған жиын қорытындысында өңір экономикасының қуаттылығын арттыратын бірнеше тың жоба мен өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Аталмыш келісімшарт негізінде түріктің бизнес өкілдері Шиелі ауданында керамикалық тақта шығаратын зауыт салуға ниетті екенін жеткізді. Алдағы 2019-2021 жылдарға жоспарланған жоба 400 жаңа жұмыс орнын ашумен қатар, отандық өнім түрлерін өндіруге де жол ашпақ. Сондай-ақ, болгариялық "Hydro Energy" АҚ Қызылорда мен Жаңақорғанда, отандық "Samryk Kazyna – United Green" және ресейлік "Avelar Solar Technology" компаниялары Шиелі ауданында күн электр станцияларын салуда әріптестік байланыс орнатпақ.
Пленарлық отырыс әрі қарай "Жасыл" экономика бағытындағы секциялық жұмысқа ұласты. Онда жаңартылған энергия көздері бойынша жобаларды қолданысқа енгізу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы энергия тиімділігі қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру, цифрландыру, жер-су ресурстары мен аграрлық саланы дамыту мәселелері талқыланды.
Біздің облыс үшін аграрлық сектордың одан әрі дамуы Арал-Сырдария бассейніндегі су деңгейіне тікелей байланысты. Соңғы жылдары Сырдария өзенінде судың азаюы, сумен жабдықтауға қатысты кейбір мәселелердің туындауы ауыл шаруашылығы өндірісін ұлғайтудың жаңа тәсілдерін енгізуді талап етіп отыр. Жалпы, облыс аумағындағы шамамен 238 мың гектар егістік жер толығымен суармалы жүйеге бейімделген. Сондықтан біз үшін суды тиімді пайдаланудың маңызы зор. Бұл орайда биылғы жылы Арал өзенінің тұзды жерлерін ауыл шаруашылығына қайтару мақсатында облыста "Оазистік суарудың көрсетілімі" жобасы іске асырылды. Жаңа бастаманы Жалағаш ауданындағы “Манақ Баба” шаруа қожалығы қолға алып, жазық далаға тамшылатып суару әдісімен алма бағын еккен еді. Сондай-ақ, аймақта суды үнемді пайдалану үшін егіс дақылдарын әртараптандыру шаралары да қолға алынған. Яғни, мал азықтық және майлы дақылдардың көлемін арттыруға басымдық беріліп отыр. Мәселен, 5 жылда мақсары көлемі 1,3 мың гектардан 10 мың гектарға дейін артқан болса, одан әрі 20 мың гектарға дейін жеткізу жоспарлануда. Сонымен бірге, жылыжай жобалары, органикалық өсімдіктер өсіру, оларды табиғи әдіспен зиянкестерден тазарту, ет, балық өнімдерін дайындаудың жаңа әдістері бағытындағы бірқатар ұсыныстар бойынша байыпты бастамаларды іске асыруға келісім жасалды.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.