Ешкі сүтінің емдік қасиеті
Жастар корпусын дамыту мақсатындағы «Zhas project» жобасы аясында елімізде ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. ҚР Білім және ғылым министрлігі, Халықаралық қайта құру және даму банкінің бірлесуімен қолға алынған жобалар қаламызда өз нәтижесін беріп отыр. Қалаға қарасты Ақсуат ауылдық округінде бірқатар жастар сол жобаның игілігін көрді. Ешкінің емдік сүті жобасы бойынша Кәмшат Жұбатованың тобы 1 млн. теңге қайтарымсыз грант жеңіп алды. Қазіргі оған таңда ешкілер алған. Одан сауылған сүтті мектепте мүмкіндігі шектеулі әрі тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылар балаларына тегін береді.
– Кәсіпті бастау үшін төрт адамнан топ құрдық. Жан-жақтан келген мамандар арнайы оқыту тренингтерін өткізді. «Ешкінің емдік сүті» атты жобамыз жеңіске жеткеніне қуаныштымыз. Қазіргі таңда ешкінің сүтін пайдаланатын тұрғындар жоқтың қасы. Ал, оның сүтінің бала денсаулығына пайдасы көп. Мақсатымыз – ешкі сүтін кәдеге асыру. Осыны негізге ала отырып, балаларға ешкі сүтін беруді жөн деп таптық. Жоба аясында алты ай бойы ауылдағы мектептегі аз қамтылған отбасы балалаларын сүтпен қамтамасыз етеміз. Одан бөлек қаламыздағы «Аналар үйіне» де қол үшін создық. Қайтарымсыз несие болғандықтан алты ай бойы қадағаланады, – дейді Кәмшат Жұбатова.
Расында, сексек ата төлінің сүті емдік қасиетке ие. Ол асқазан ауруларынан құлан таза айықтырса, өкпе дертінен, тағамдық аллергиядан, қан аздықтан сақтайды. Сонымен қатар, сүт құрамынан магний, фосфор, мыс, марганец, кальций, А, В1, С, Д және Е дәрумендерін кездестіреміз. Сиыр сүтін ішсе аллергиясы шығатын жандар үшін бұл өнім жағымды әсер қалдырады. Сүт пен ірімшік денеге күш береді, әлсіреген ағзаны қалпына келтіреді. Құрамындағы калий жүрек-қан тамырларының жұмысына оң әсерін тигізеді. Ал кальций мен Д дәрумені сүйектің қатаюына, сынған сүйектің қалпына келуіне ықпал етеді. Тіпті, жүкті әйелдер мен балалы ананың ағзасына қажетті дәрумендер мен минералдар осы сүттің құрамынан табылады. Артықшылықтарын тізбелей берсек, тоқсан тоғыз ауруға ем болып шығады. Әрине, бұл жылдар бойы зерттеліп, сауықтыру кешендерінде пайдаланылып жүрген сусын. Бір өкініштісі, өңірде ешкі бағып, сүтін, етін, түбітін кәдеге жаратып жүрген кәсіпкерлер аз.
– Көп адамдар ешкі сүтінің пайдасын ұғынып келеді. Оған деген сұраныс артады деп сенеміз. Алдағы уақытта мал басын көбейтуді жоспарлап отырмын. Әрине, бәріне уақыт төреші. Қолдан келгенше осы саладағы жұмысымды жүргізе бермекпін. Мемлекет бізді қолдады, біз халықтың игілігі жолында тер төгуге тиіспіз,– дейді аталмыш істің басы-қасында жүрген Асқар Байкенжеев. Бұл – жігерлі жастардың өмірлік ұстанымы.
Еңбекті сүйсең ғана, табыс бас иеді. Сондықтан еңбек адамының өзінің жұмыс жасау бағыты болу қажет. Сонда ғана жасалған шаруа өз жемісін бере бастайды.
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ.