Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Батыр бабалар бейнесі

Батыр бабалар бейнесі

   Еліміздің қылқалам шеберлерінің ішінде ағайынды Үмбетовтердің есімі ерекше. Нәзік өнердің иірімін терең меңгеріп, сырлы өнердің кәусарынан нәр алып, тамырына таратқан бұл әулетті өнерсүйер халық "суретшілер династиясы" деп атап кеткен. Себебі, өнермен сусындап қанатын жайған мәуелі шаңырақтан бес бірдей суретші шығыпты. Бүгінде аты елге мәшһүр, жасаған дүниелері шекара асқан әулеттің ақсақалы, суретші-мүсінші, ҚР суретшілер одағының мүшесі Мұратбай Үмбетовтің қылқаламынан туған төл туындылары Франция, Бангладеш, Венгриямен өзге де халықаралық көрмелерде жоғары бағасын алған. Мұратбай ағамыз елдің тәуелсіздігі жолында ерен еңбек сіңірген елеулі тұлғалардың бет-бейнесін айшықтаған дүниелерді жасаумен ерекшеленеді.    
Бұл күнде қала орталығындағы мүсіншінің қарашаңырағы мен үйінің ауласы аспанасты мұражайға айналғандай. Сырттағы дарбаза есігінен енген бойда тас мүсіндер қалашығына тап болғандай әсерде қаласыз. Оң жақта орналасқан шеберхана ішінен де дәл осындай көріністі байқайсыз. Ірілі-ұсақты мүсіндер қаз-қатар тізіліп, бекзат өнердің қасиетін паш етіп тұр. Әлі де кесіп-жонып, нүктесі қойылмаған тастұғырлардың бетін мүсінші ақ матамен көлегейлеп, жауып қойыпты. Үлкен қажырлы еңбек пен талассыз талант, ой-қиял, ерік-жігер өзара тоғысатын бұл шеберханадан талай батырлар мен билердің, қайраткер мен ағартушы ғалымның, ақын-жазушының тас бедеріндегі бейнесі дүниеге келді. Шебер қолынан туған Мұстафа Шоқай, Мұхтар Әуезов, Ыбырай Жақаев, Әбділдә Тәжібаев, Қалтай Мұхамеджанов, Зейнолла Шүкіров, Қобыланды батыр сынды өзге де тарихи тұлғалардың мыс пен қоладан жасалған мүсіндері де осында соғылған. Ал, шеберхананың екінші бөлмесі нағыз шығармашылықпен айналысуға, ізденуге таптырмас орын. Бөлменің бір қабырғасын толайым кітап сөресі алып тұр. Іші ел тәуелсіздігі жолында атқа қонған батыр, қолбасшы, би-шешендер өмірінен сыр шертетін том-том тарихи кітаптар мен жеті атаны түгел тәпсірлейтін шежірелерге лық толы. Мүсінші қандай да бір батырдың не қайраткердің мүсінін жасамас бұрын әуелі осы бөлмеге бас сұғып, күні бұрын кейіпкері туралы барлық ақпаратпен қанығады. Ол өмір сүрген тарих жылнамасын түгел оқып, батырлық бет-бейнесін, жауынгерлік қасиетін, ел азаттығы жолындағы ерлік істерімен терең танысып шыққанды құп көреді. Ал, бұл өз кезегінде тастұғырға қонар мүсіннің тарихи тұрпатының дәл әрі сәтті шығуына бірден-бір ықпал етеді.   
– Бейнелеу өнерінде де, мүсіндеме де тарихи жанрдың орны бір төбе. Сондықтан мен шығармашылық жұмысымның басым бағытын осы жанрға арнағанды ұнатамын. Мүсіндеме өнеріне біраз ерік-жігерімді арнадым, әлі де күш жұмсап келемін. Қаладан ашылған реалистік тұрғыдағы біраз мүсіндердің орнатылуына авторлық жұмыс жасадым. Кескіндемені шынайы әрі нақ беруге тырыстым. Сол үдеден шыға білдім деп те ойлаймын. Мәселен, 2009 жылы ашылған Қобыланды ескерткішін жасауға жеті айдай уақыт кетті. Бұл жерде аздап кідіріс жасаған дүние ол – батырдың бет-бейнесі, кескін-келбеті туралы нақты суреттемелік деректердің болмауы. Сондықтан мен ол туралы ел арасында таралған әңгімелерде оның сөзбен салынған портретіне, жырмен суреттелген батыр бейнесін қиялымда жетілдіріп барып, бедерледім. Жансыз бейне болса да, қараған жанды таптап өтердей екпінмен, қадалған жанардың мысын басатындай әсерде болуын басты назарда ұстадым. Қол шеберлігі қалыптасып қалғасын ба, бұл бағыттағы жұмыстардың аса бір қиындық тудырғаны есімде жоқ. Ойға шомып отырып, батыр бабаның батыл бейнесін дүниеге әкелдім, – дейді мүсінші.
Расында, тума талант бабымен өрілген саз балшыққа жан бітіре мүсіндеуде өте шебер. Әбділдаша буырқанып, Әуезовше ойланып, Мұстафа Шоқайша толғанды. Олармен рухани жан-дүниесі үндесті. Нәтижесінде тастұғырға қонған тарихи тұлғалар бейнесі бір қарағаннан-ақ өрелі өнер мен мінсіз шеберліктің үлгісін көрсетті. Жұртшылық баба рухына тағзым жасады, шебер туындысына тәнті болды. Ең бастысы, тағылымды тарихқа тәу етті.
– Біз – дәстүрге, тарихқа ерекше мән беретін халықпыз. Әрқайсымыз бір-бір батырдың не ханның ұрпағымыз, – деген суретші өзінің Қоқан басқыншыларына қарсы көтеріліске белсене қатысқан Жаназар батыр мен ел азаттығы жолында ағартушылық әрі қайраткерлік ісімен көзге түскен Мұстафа Шоқайдың аталас ұрпағы екенін де мақтанышпен айтады.
Шежірені жатқа айтып, тарихты тереңнен тәпсірлейтін қылқалам иесі ондаған жылдарға созылған тынымсыз іздестіруінің нәти­жесінде Жаназар бабасының жерлен­ген орнын тапты. Сыр бойының атақты батырына қатысты көнекөз қариялардан естіген білгендерін жинақтап, кітап етіп шығарып, перзент­тік парызын бүгінде түгел орындаған. Оның ескеркіш кешенін де тұрғызды. Әсілі, ел шежіресіне деген, батыр бабаға деген құрметтің шыңы – осындай болса керек. Айта кетейік, Сарысу-Сұлутөбе өңі­рінде кездесетін "Жаназар қырғыны", "Жаназар құдығы", "Жаназар көлі", "Жаназар тауы" деп аталатын жер-су атаулары осы біз әңгімелеп отырған батыр есімімен тығыз байланысты.
Атадан балаға дарыған өшпес өнерді әспеттеп, жібін үзбей сабақтау дәстүрі – қашаннан жалғасқан ұлттық құндылықтарымыздың бір көрінісі емес пе? "Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілесің" демекші әке жолын қуған Мұратбай мүсіншінің қос ұлы – Бейбіт пен Асқар да осы кәсіптің шеберлері, он саусағынан өнер тамған мүсіншілер. Екеуі де – Қазақстан Республикасының Суретшілер одағының мүшелері.  Ендеше, нағыз өнер майталмандары шыңдалған суретшілер династиясынан әлі де талай таңдай қағар дүниелер туып, көпшілікті тәнті етері сөзсіз.
                                                              Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
20 желтоқсан 2018 ж. 1 646 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 473 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30