Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Жүргенге жөргем ілінер

Жүргенге жөргем ілінер

  "Балаларға жөргем беріңдер. Ішек-қарынға су құйған еңбек – осылардыкі..." Бұл – біздің бала күнімізде ең жиі естіген сөзіміздің бірі ғой. Үйге сыйлы мейман келіп, қонақасы кәдесі беріле қалса, біз де "жөргем-сыбағамыздан" құр қалмайтынбыз. Келген қонаққа жағаласып, мазасын алмасын дейтін болуы керек, буы бұрқырап тұрған жөргемді ортаға салып, шүпірлеген балаларды бөлек бөлмеге жайлайтын. Төстің етегіне оралған тоқ ішек пен таспалап тілінген қарынға нан қосып жеп, тыңқиып тойып алған біздер үй қарасын көрмей ойнап кетуші едік.
         Мал сойғанда ішек-қарынға су құю да үлкен жұмыс қой. Кішкентайдан еңбекке баулудың бір түрі ме, әлде, қыз баласы болған соң осындай тірлікті көзбен көріп өссін дейді ме екен, әйтеуір ойнап жүрген жерімізден шақырып алып, аршылатын ішек-қарынға су құйдырып қоюшы еді. Біз болсақ, кәдеге жарағанымызға мәзбіз. Кейін есейе келе анамызға әжептәуір қолғабыс болып, ішек-қарын аршуды үйрендік.
         Нағыз ауыл дәмі мен балалық шақты еске түсіретін ұлттық тағамның осы бір түрін қазір неге әрбір қазақтың ас үй мәзірінен көре алмай жүрміз? Жасыратыны жоқ, бүгінде жөргем айналдыру былай тұрсын, ішек-қарын аршудың өзін үлкен бейнетті тірлікке балап, лақтыра салатын жандар бар. Тоқшылық па, әлде, ысырапшылдық па? Ара-жігі белгісіз. Ал, осы тамақ санатына жатқызбай мұрын шүйіре қарап жүрген асымыз кезінде өзегі талған, ашқұрсақ талай жолаушыға талғажау болғанын көнекөз әлі де ұмыта қойған жоқ. Олардың айтуынша, ертеректе ел қоныстан көшкенде ағашқа жөргем іліп кететін көрінеді.
         Бұл халық аузында «жолаушы сыбағасы» деп аталса керек. Ел көшер алдында арнайы мал сойып, оның ішектерін пісіреді де, жақын маңдағы ағаштарға іліп кетеді екен. Қарны ашып келе жатқан жолаушы жөргемге кездессе, оны суға қайнатып, нәр алады деседі. Ел аузында қалған «Жүргенге жөргем ілінеді» деген тәмсіл осыдан қалса керек. Ал, атадан жеткен бұл жоралғы шын мәнінде, қазақ деген халықтың қонақжайлық дәстүрін қалыптастырып кеткені анық.
         Бір қызығы, "Әр елдің заңы басқа, иттері қара қасқа" демекші біз әңгімелеп отырған әлгі жөргемді еліміздің әр өңірі әрқалай дайындайтын көрінеді. Мәселен, Арқаны мекендейтін ел жөргем деп тоқішектің ет пен шажырқай қосып өрілген түрін айтады екен. Ал, Жетісу өңіріндегі қазақтар өкпені бір елідей етіп жіңішкелеп іліп шығады да, ішек сияқты өрілген асты дәл осылай атаған.
         Бір айта кетерлігі, бұл ас қонақтың табағына салынбайды. Етпен бірге былқылдап піскен жөргемді қазан асқан келіншектер мен отын тасыған ерлер жиналып, ошақ басында бөлісіп жеген. Осылайша "қайнаған қазанда қасиет бар" деп бұйырған астан сыбаға жеп тарқасқан.
                                                   Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
04 қаңтар 2019 ж. 4 501 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 442 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30