Тырнақ әрлейтін алматылық шебер тырнағын дұрыстауға келетін азаматтар туралы айтты
Тырнақ әрлеумен 15 жылдан аса уақыт айналысатын алматылық шебер Елена тұрақты клиенттерінің арасына 6-7 азаматтың бар екенін айтты. Бірнеше сән салонын ауыстырып үлгерген шебердің айтуынша, ер азаматтар мұндай маманға “адал” болып келеді екен, оны жиі ауыстыруға бейім емес, көбіне жылдар бойы тек бір маманның қызметіне жүгінеді.
“Біздің қоғамда еркектерге тырнағын күту, сырт келбетіне аса назар аудару жараспайды деген стереотип қалыптасқан, бірақ қазір заман басқа. Жоғары деңгейдегі кездесулер өткізетін немесе ірі бизнес иелеріне қалай болса солай жүруге болмайды, олардың тіпті тырнағына дейін күтімі мықты болуы керек”, – дейді Елена.
Маманның айтуынша, клиенттерінің арасында тек педикюр (аяқ башпайларының тырнағына жасалатын күтім – ред.) немесе маникюр (қол саусақтарының тырнағына жасалатын күтім – ред.) мен педикюрды қатар жасататын ер азаматтар бар. Педикюрды көбінесе башпайларындағы тырнақпен проблемалары бар, тырнағы ішке қарай өскен, тырнағы дұрыс өспеген ер азаматтар жасауға мәжбүр екен, себебі өздіктерінен дұрыс күтімін жасай алмайды.
“Көбіне ол азаматтарды маған әйелдері жетектеп әкеледі. Тіпті әйелімен қатар келіп жүрген азамат болды. Кейін ол әйелімен ажырасып кетті, дегенмен әлі күнге дейін маған келеді. Қазір Астанаға көшіп кеткен, екі-үш аптада бір Алматыға іс-сапарға, туыстарына келген сайын, маған арнайы жазылып, қалдырмай тырнақ күтімін жасатады”, – дейді маман.
http://stan.kz