Жоғалып кеткен жолаушылар әлі табылған жоқ
Өткен жылдың 17 желтоқсанында Сырдария ауданының тұрғындары 45 жастағы Ә.Қайдаров пен 54 жастағы Ж.Әліпбаев «УАЗ Фермер» автокөлігінің басқаруына ие бола алмай Қараөзек арнасына суға түсіп кетіп, батып кеткендігі туралы төтенше жағдайлар департаментіне хабарлама түскен.
Болжам бойынша олар мал шаруашылығымен айналысатын жандар. Жолдан адасып, каналға түсіп кеткен деген болжам бар. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағы мемлекеттік мекемесінің басшысы Бақыт Ембергенов мәлімдеді.
"2018 жылғы 18 желтоқсан күні 06 сағат 15 минутта жасақтан 4 құтқарушы 1 бірлік техника және 1 үрлемелі моторлы қайықпен және сүңгуірлік құрал-жабдықтарымен оқиға орнына жеттік. Онда туыстарынан 20 адамның қатысуымен құтқарушылар Қараөзек арнасында су асты және су бетінде іздестіру жұмыстарын жүргізді. Іздестіру жұмыстары барысында сағат 10.30-да құтқарушылар су астында жатқан «УАЗ Фермер» автокөлігін тапты, бірақ онда адамдар болмай шықты. Сағат 18.10-да автокран көмегімен су астындағы автокөлік жағаға шығарылды. Оқиға орнында су астында сүңгуірлік, су бетінде арнаның табанын тырмалап сүзу әдісімен қайықпен іздестірілді. Сондай-ақ жасақтың кинологтары іздестіру иттерін де пайдаланды. Қараөзек арнасында сең жүруіне байланысты 20-21 желтоқсан күндері су асты іздестіру жұмыстары тоқтатылды. 23 желтоқсан күнінен бастап іздестіру жұмыстары қайтадан жалғасты", - деді Б.Ембергенов.
18–31 желтоқсан күндері құтқарушылар су астына 13 рет түсіп, сүңгуірлер су астында 8 сағат бойы жұмыс жасады.
Қазіргі таңда іздестіру жұмыстарына мұз астында су ағысының күшеюі, сүңгуіршілердің демалу автоматтарының қатып қалуы қиындық туғызуда.
Өңірлік коммуникациялар қызметі