Маған бәрібір, жүргізе беремін: Қайрат Әділгерей өзін ұнатпайтындарға жауап берді
Тұрсынбек Қабатовтың театрында өнер көрсетіп танылған актер Қайрат Әділгерей бүгінде “Түнгі студия” бағдарламасын жүргізеді. Аталған шоудың тізгінін ұстағанына да жақында бір жыл толады. Әйткенмен, Әділгерейді дейін сынап, Қоянбаевты қайтаруды талап ететін көрермендер әлі де баршылық екен.
Бұл туралы Қайрат Әділгерей “Қалаулым” бағдарламасында айтты, деп жазады Stan.kz.
Әділгерей Қоянбаевпен ара-қатынасы жақсы екенін айтады. Ол тіпті, бір кездері өзін телеарнаға қонақ ретінде шақырған Нұрланға алғысын айтудан шаршаған емес.
“Әзіл әлемі” арқылы танылып, телеарнаға келдім. Ең алғаш Ұлттық арнада “Сенбілік шоу” бағдарламасын жүргіздім. Нұрлан Қоянбаевпен жұмыс істеуге маған үлкен мүмкіндік болды. Кейін сол кісінің шақыртуымен Бақыт екеуміз “Түнгі студияға” қонақ болып келдім. Одан кейін өткен жылдың басында киноға түсіп жатқанбыз. Сол кезде Ұлттық арнаның продюсері Қуаныш Сұлтанұлы звондап: – Ертең Ерлан Қарин мырза жиналысқа күтіп отыр, – деп шақырды. Таңертең ұшып бардым. “Түнгі студияны” жүргізуге шақырды. Бұл шақырту мен үшін бір жағынан қорқыныш, бір жағынан құрмет болды”, – дейді Әділгерей.
Актер Ұлттық арна тарапынан түскен ұсынысты бірден қабылдай салмаған. Ол, алдымен театрдағы басшысы Тұрсынбек Қабатовтың “ақ батасын” алуды көздеген.
“Біраз ойланып қалдым. Сол кездері бір ақпанның 24-інен бастап сәуір айының 1-не дейін гастрөлдік сапарға шығайын деп жатқанбыз. Түсірілім барысы ақпанның 20-сынан басталады деді. Наурыз айларында да болады. Ерлан Қарин мырзаға: – Мен “Әзіл әлемі” театрының актерімін. Сол себепті Тұрсынбек мырзаны шақырайық, алдынан өтейік, – дедім. Тұрсынбек келді, бәріміз шешіп, Тоха да біраз қолдау көрсетіп, солай бастап кеттік”, – дейді Қайрат.
Әділгерейдің айтуынша, Тұрсынбек Қабатов қарамағындағыларға жай ғана қызметкер деп емес, жолдас ретінде қарайды екен. Сол себепті де әріптесінің жағдайын бірден түсінген.
Ал көрермен тарапынан сын әлі күнге дейін тыйылмаған көрінеді. Бұл орайда Қайрат өзін Қоянбаевпен салыстырып, тележүргізушілік қабілетіне күмән келтіргендерге жауап берді:
“Қорыққан жоқпын деп айта алмаймын. үрей болды, халық қалай қабылдайды, 4 жылдан бері келе жатқан бағдарлама, Нұрлан мырзаның орнын басу қиын ғой. Бірақ басталған кезде 50-60 пайыз аудитория қолдап кетті. Ешқандай кем де, артық та емес. Осы күнге дейін: – Нұрлан Қоянбаев қайда? Оны қайтарыңдар, – деген пікірлер кездеседі. Маған бәрібір, мен жүргізе беремін. Әр адамның сөзіне тоқтап, пікіріне қарай беретін болсаң, жұмысың тоқтап қалады. Өзіңді жейсің. Кейін пікірлерге мән бермейтін, тіпті оқымайтын болдым”.
Бұған дейін, Әділгерейдің әнші жұбайы Бақыт Тұрманмен қалай танысқаны жайында жазған едік.