Атқа міну – асыл өнер
Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында қазақ даласы әлем халқы көз тіккен, қызыға қарайтын дүниелердің барлығына тұнып тұрғандығы айтылған. Соның бірі – ұлттық мұрамыз, атқа міну мәдениеті. Жылқы шаруашылығы жер жүзіне ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі.
Елбасы ұлттық брендіміз жылқының халқымызға берген ұлағатын тілге тиек етеді. Сондықтан бүгінде жастар арасында атқа мінуді кеңінен насихаттап, ұлттық дәстүрді дамытуға ерекше назар аударғанымыз артық емес.
Әрбір қазақ баласының рухы биік азамат болып ер жетуі үшін ұлттық тәлім-тәрбие берудің маңызы зор. Сондықтан жеткіншектердің жылқы түлігі туралы таным-түсінігін байыту – бүгінгі күннің талабы.
Осы бір қасиетті түлікті қазақ қастерлі санайды. Ата-бабамыз жас баланы ерте бастан атқа мінуге тәрбиеледі. Бұл жас жеткіншектердің нағыз азамат болып өсуіне септігін тигізді. Осы орайда ұлттық құндылыққа тән дәстүрлерді қайта дамыту бойымызда Ұлы дала ұлағатын дарытуға өз септігін тигізетіні анық. Солардың бірі – баланы ашамайға мінгізу. Бұл бала өміріндегі қуанышты әрі атаулы күндердің бірі. Қазақы тәрбиелік мәні бар салт ұл балаға арналған. Ол бала жан-жағын танып, ат үстінде ойнай алатын жасқа жеткенде жасалады. Әрине, қазақ ұрпағы үшін атқа міну таңсық емес. Өйткені, олар 2-3 жасынан бастап-ақ аттың құлағында ойнаған.
Ашамайға мінгізу баланың сана-сезімін жетілдіру үшін жасалатын тәрбиелік салттың біріне баланады. Жас өренге бәсіре ретінде аталған тайды ашамай деп аталатын ермен ерттеп, қолына арнайы қамшы өріп береді. Аталмыш дәстүр жөнінде жастар білмегенмен, көнекөз қарияларымыз әлі ұмытпаған.
– Баланың аяғы қысқа болғандықтан, оған үзеңгі салынбайды. Терлік жабағы жүннен жасалады. Тайға салынатын тоқымды көз тартатындай әдемілеп, жиектерін шашақтап өрнектейді. Ашамайдың үстіндегі аткөрпені де балаға лайықтап тігеді. Оның үстінен тепкішек салынады. Тепкішек қоржынға ұқсайды, бала атқа мінген кезде екі аяғын тепкішекке салады. Ашамайлы тайға мінетін күні бозбаланы әдемілеп киіндіреді. Шашу шашылып, тілек айтылады. Жас жігітті үлкен аталарының бірі қолтығынан көтеріп тайына мінгізеді. Содан кейін ол ағайын-туғанына барып, ауыл аралайды. Олар шашу шашып, көрімдік береді. Міндетті түрде ерге қажет ат әбзелдерін тарту етеді, қамшы сыйланады. Бұл да – қазақтың өзінің салты. Себебі, көшпенді халық болғандықтан әркімнің өзінің жеке ер-тұрманы болған. Үлкендер жағы «міне, сен ат жалын тартып мінер жігіт болдың» деп бұдан кейін өзінің жеке тайы бар екенін балаға ұғындырып өсірген, – дейді Қосшыңырау ауылдық округінің тұрғыны Пазыл Боданов.
Бұл дәстүрдің ерекшелігі – баланы еңбекке баулудың алғашқы баспалдағы. Себебі, бәсіре тайын ендігі жерде өзі бағып-қағады. Бала жануардың алдында жауапты екенін, соның иесі өзі екенін сезініп өседі. Яғни, жауапкершілікке жастайынан үйренеді. Ерте есейеді, ақылы толысады, ой-санасы өседі, байсалды мінез қалыптасады.
– Әсілі, біздің қазақ баласы ойыншықпен көп ойнамаған. Ал қазіргі орда бұзар жасқа келген жігіттерге қарап, балалығы әлі қалмағанын байқаймыз. Себебі, қай үйге барсақ та, бөлме толы қытайдың ойыншығы. Яғни, аталы сөзді ұғынбайтын ұрпақтың көбеюінің бір ұшы осында. Сондықтан кішкентай қазақты жауынгер, шабандоз әрі ер-азамат етіп тәрбиелеудің басы – осы ашамайлы тайға мінгізуден басталады. Осы дәстүр орындалғаннан кейін жас өреннің көңілі өсіп, өзгелерден ерекшеленіп, тұратыны байқалады, – деп П.Боданов баланы ерте жастан атқа мінгізудің маңыздылығына тоқталды.
Бүгінде қазақы бұзылмаған ауылдың өзінде бұл көрініс азайды. Сондықтан ежелден келе жатқан дәстүрлерді еске салып, ұмыт қалдырмағанымыз жөн. Ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіру қажет. Сонда ғана ұлы даламызға тән дәстүрлер ұрпақ жадында сақталады.
Айтолқын АЙТЖАНОВА.