РУХАНИ ӨРЛЕУДІҢ САРА ЖОЛЫ
Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы - «Рухани жаңғыру бағдарламасының» жалғасы. Ұлы Даланың ерекше жеті қырын тілге тиек ете отырып, Президент Қазақстанның тарихына терең ой салуды үндейді және оны ел-жұрттың рухани игілігіне практикалық тұрғыда айналдыру мақсатында ірі, маңызды жобаларды ұсынып отыр. Ол жобалар «Архив – 2025», «Ұлы Даланың ұлы есімдері», «Түркі әлемінің генезисі», «Ұлы Даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы», «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» деп аталады.
Бұларды жүзеге асыру рухани саланың жаңа өрлеу сатысына жетелейтіні анық. Қазақтың Ұлы Даласы және сол кеңістікті мекендеген ұлт пен ұлыстар дүние жүзінің материалдық һәм рухани мұрасына өшпес іздер қалдырды. Оның негізі түпқазығы көшпелі өркениет пен отыршылдық мәдениеттің тоғысында жасалды. Көшпелілер империясының әлем картасына елеулі өзгерістер енгізгені, материалдық мәдениет пен рухани мұралардың бай қазынасын қалдырғаны тарихта мәлім.
Жылқы ұстау мен оны адам игілігіне пайдалану мәдениеті шеңберіндегі технологиялық жетістіктерді адамзат қоғамы сан-мыңдаған жылдар бойы қолданып келді, оны әртүрлі мазмұнда байыта білді. Ал түркілердің, соның ішінде қазақ халқында фольклорлық мұралардың, сонымен қатар музыкалық өнердің мол қазынасы сақталып бүгінгі заманға жетті. Ұлы Даланың көп ғасырлық рухани һәм материалдық мұраларын заманауи технологиялар мен жаңа қалыптасып жатқан цифрлық өркениеттің сұранымына сай қайта жаңғырта білу, оны ел жұрттың пайдасына жарата түсу – еліміздің рухани және технологиялық тұрғыдан дамуына жаңа екпін қосады.
Серікхан ЖҮЗЕЕВ,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-нің PhD докторанты