Қайым айтыстың құлагері
Қазақтың айтыс өнерінде өз орны бар Бекұзақ Тәңірбергенов суырыпсалма ақындығымен оза шығып, қалың жұрттың ыстық ықыласына бөленді. 2002 жылы 44 жасында өмірден озған ақын көзі тірі болғанда былтыр асқаралы 60 жастың биігіне шығар еді. Ақындығымен қатар сазгер, әнші, домбырашы, термешілігімен елдің көзіне түскен ол 1987 жылы облыстық ақындар айтысында жеңімпаз атанды.
1988 жылы Алматыда республикалық телеайтыста көптің жылы ықыласына бөленді. Оған қатысушылар қатарында өңкей өр мінезді айтыскерлер бар еді. Мысалы, маңғыстаулық Мэлс Қосымбаев, көкшетаулық Көкен Шәкеев, оңтүстік қазақстандық Әселхан Қалыбекова, Таушан Әбуова өткір тілді, көкжал мінезді ақындар екені баршаға аян. Осы сапарында ақын сол саңлақтармен тізгін қағыстырып, кейбірін орта жолда тапқыр жыр жолымен, ұтырлы жауабымен жеңді.
Теңіз бен жағалауды мекендеген халықтың тағдыры егіз. Дәл осы айтыста ақын сол егіз тағдырдың бірлігін:
Аралдың табанынан су кеткенмен,
Халқының жүрегінен жыр кеткен жоқ, – деп жырға қосып, миллиондаған телекөрерменнің делебесін қоздырды. Бұл өрнекті сөзге бәрінен бұрын араға талай жылдар салып қайта оралған, халықпен сағына қауышқан шоқтығы биік осы айтысты теледидардан кірпік қақпай тамашалаған күллі Сыр бойы жұртшылығының, аралдық ағайынның айызы бір қанғандай еді.
Кейін Бекұзақ ақынның сол айтыстың түндігіне ту ілген, ажарына ажар қосқан жалғыз ауыз жыры талай жүректің төрінен биік орын алды. Керек болса, тасқа қашалған баяғының бәдізі сияқты керуен-уақытпен ілгері көшіп барады. Жыр құдіреті деген осы болса керек.
– Сыр сүлейлерінің көрнекті тұлғалары қатарынан табылған Еспенбет шайыр мен Бітімбай жырау, Нұртуған мен Сұлтан ақындар, Кәрібоз бен Жаңабергеннің ұлт руханиятына қосқан үлестері аз болмаса керек-ті. Өзіміз ортасында болып, қызмет жасаған кеңестік дәуір мен тәуелсіздік жылдарындағы тұлғалардың қатарында айтыстың ақтаңгері атанған Бекұзақ Тәңірбергеновтың орны ерекше болатын, – деген еді ақын шығармашылығын жоғары бағалаған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.
Ақын жайлы жылы естеліктердің бірін Журналистер одағының мүшесі, «Құрылтай» газетінің редакторы Ерғали Абдулла айтқан еді.
«...Бір жиында өлеңге бір табан жақын жастар қатарласа отырып, екі топқа бөлініп жарысып өлең оқыдық. Бекұзақ маған қарсы топта болды. Үйренісе бастады ма, аздан соң бізге араласа бастады. Бір байқағаным, біздің оқыған өлеңдерімізді бес саусақтай біліп отыр. Авторларын да айтып қояды. Жас кезінде адам өзін мықты санайды ғой. Қай жерде де өзіңді артық етіп көрсеткің келеді. Бекұзақты сынағым келді. Кезек тағы бір айналып маған жеткенде:
– Жақында ғана жазған өлеңім. Сиясы кеппеген. Оқып берейін, – дедім де:
Раңды сайдағы ыза суындай,
Өз көзін өзі аша алмайтын.
Қыздардың махаббаты тамшы тектес,
Қолдан жасалмайтын.
Қыздар, қыздар, тамшыдай мөлдірейсіңдер,
Бақыттың терезесінен телміресіңдер.
Өз махаббаттарыңды ешкімге сездірместен,
Өз кеуделеріңде сөндіресіңдер, – деп бұдан аз бұрын жаттап алған сол кездегі жас ақын Ұлықбек Есдәулеттің бір өлеңін заулатып айтып бердім. Барлығы жарыса қолпаштай қол соқты. Бекұзақ орнынан ұшып тұрып, сұқ саусағын шошайтып:
– Өй, мынау Ұлықбек Есдәулеттің «Қыздардың махаббаты» деген өлеңі ғой, – деді.
Олай емес екенін айтып ем, бой бермеді. Ұлықбектің тағы бірнеше өлеңін оқып берді. Таңғалдым. Мойындадым...», – дейді Ерғали ағамыз.
Ақын айтты деген сөздер де көп. Ел ықыласына бөленіп, атағы дүркіреп шыққан кездің бірінде қызметтестеріне:
– Әй, жігіттер, менің жұмысқа неге кеш келетінімді білесіңдер ме? Директордан күнде сөгіс естіп... Мен көшеміздегі почтальон келіншекті аңдимын ғой. Қашан келеді екен деп. Ол сағат онда біздің көшенің газет-журналын таратады. Күтіп алып, алдынан шығамын. Үйіліп-төгіліп хат келеді. Танитыны да, танымайтыны да жазады, – депті.
– Ол хаттар қайда, – деп қызығушылық танытқандарға:
– Кейде ішінде жақсы өлең арнайтындар болады. Соларын ғана сақтап қоямын, – дейді екен.
Сірә, осының өзі баспа-бас қайым айтыстың нағыз су жорғасы атанған ақынға деген елдің ықыласын танытса керек...
Бекұзақ Тәңірбергенов Арал ауданының Шижаға ауылында дүниеге келген. Тумысынан дарынды, ақындық пен жыршылық өнерді қатар ұстаған өнерлі жан болған. Алғашқы ұстазы – өз әкесі Жақсан жырау. Сондай-ақ, өңірімізге белгілі ақын Әбілхан Махановтың да аса назар аударып, талантына ден қойған бірегей шәкірті. Жыр қорында Нұртуған ақынның, Жәмет, Дәріғұл, Жаңаберген жыраулардың терме-толғаулары болған.
Саусағына қыдыр дарыған Қаппар күйшінің батасын алып, алғысына бөленіп, ақын-жыршы атанды. Бүгінде оның өнерін ұлықтау да жаңа үрдіс алған. Б.Тәңірбергеновтің «Дүние саған не дейін?», «Жыр ғұмыр» атты кітаптары 2001, 2013 жылдары жарық көрді. Дауысы «Тұран» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығының фонотека қорында сақтаулы. 2002 жылы өмірден өткен өзгеше талант иесінің соңында жұбайы, екі қызы мен ұлы қалды.
Республикалық деңгейде өнер көрсетіп жүрген танымал жас ақындар қатарында көрініп жүрген баласы Ұлықбек Бекұзақұлы әкесінің екінші өмірі басталғанын, өмірден өткен соң өнерін дәріптеушілердің әлдеқайда көбейгенін айтады.
Соның бір мысалы – өткен жылы ақынның 60 жылдығына өткізілген шаралар. Былтыр Б.Тәңірбергеновтің 60 жылдығына арналған үлкенді-кішілі деңгейдегі еске алу кештері және жас ақындар айтысының өтуімен есте қалды. Сондай есте қалар есті шараның бірі – Ақмешіттің төрінде «Қайым айтыс Құлагері» атты дүбірлеген жыр додасымен жалғасты. Сондай-ақ, ақынды еске алуға арналған «Үзілмейді өлең-жыр» атты шара өткізілді. Тасбөгет кентіндегі оқушылар мен жасөспірімдер үйінің ұйытқы болуымен өткен шара да дарынды тұлғаның дүниеге келгеніне 60 жыл толуына орай ұйымдастырылды.
Мұнан бөлек, 2016 жылы ақын шығармалары, ол жайындағы естеліктер топтастырылған жинақ оқырманға жол тартты. Сонымен қатар, Ұлттық кітапхананың бастамасымен барлық шығармалары электронды нұсқаға көшірілу үстінде. Қазіргі уақытта Арал қаласында Бекұзақ Тәңірбергенов атындағы көше бар. Ақын есімін дәріптеудегі тағы бір жаңалық – жақында ғана іргетасы қаланған Шижаға ауылдық мәдениет үйіне Бекұзақ Тәңірбергеновтің есімін беру туралы бастама көтерілген.
Ақынын ардақтаған ел азбайды. Бүгінде Бекұзақ Тәңірбергеновтен үлгі алған, еліктеген шәкірттері жан-жаққа түлеп ұшып, есімін елге таратып жүр. Демек ақын жыры уақыт өткен сайын жаңғырып, жадымызда түлей береді.
Биболат Сәтжан.