«ТӘУЕЛСІЗДІК – ТҰҒЫРЫМ» ЖАС АҚЫНДАР АЙТЫСЫ
Бүгін «Нұр Отан» партиясы Жалағаш аудандық филиалы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанатының Жалағаш аудандық бөлімшесінің бастамасымен Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар; рухани жаңғыру» мақаласы аясында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне тарту ретінде «Тәуелсіздік – тұғырым» атты аудандық жас ақындар айтысы болып өтті. Айтысқа бұрын соңды көрініп жүрмеген, тіпті сахнаға алғаш қадам жасап отқан 14 пен 30 жас аралағындағы қабілетті алты жас ақын қатысты.
Айтыстың мақсаты қазақ ауыз әдебиетінде ертеден қалыптасқан, ұлттық рухымызды асқақтатқан айтыс өнерін аудан көлемінде жаңғырту, жандандыру. Ел ішіндегі ақындық қабілеті бар жас таланттарды тауып олардың шеберлігін шыңдау, ішкі дарынын дамыта отырып үлкен өнерге дайындау.Қазақтың бай сөздік қорындағы небір інжу маржандарын паш ете отырып қазақ тілін дамыту.
Ауданымызда «Жас Отан» ЖҚ аудандың бөлімшесінің бастамасымен алғаш өткізіліп отырған айтыстың шымылдығын аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қ.Мұстафаева ашып, қазақтың айтыс өнерінің бүгіні туралы сөз қозғағанда, әңгіме ауанын айтыскер қауымға бұрмасақ болмайды. Қарсыласын ә дегеннен-ақ қаймықтырып, сөзбен төпелеп, жеңіске жетуді бүгінгі ақын да мақсат етеді. Кешелі-бүгінгі айтыстағы ақынның мақсаты бірдей болғанмен айтысудың жолдары өзгерді. Кешегідей бәдіктен тартып, жұмбақтап сөз соқпаса да түрелеп, сүрелеп, қайымдасып, ара-арасында қыз-жігіттің әзіл мен қалжыңға толы өлең сайысы айтыстың табиғатынан әлі ажырамаған екенін айтып, ақындарға сәттілік тіледі.
Айтысты елімізге танымал жергілікті ақын, жырау Айдос Рахметов жүргізіп отырды.
Айтыскерлер жас екенбіз деп жалтақтамады, елдің жетістігін өткір тілмен айшықтай жеткізді. Сәлемдесуден кейін-ақ бауырын жаза шапқан сөз жүйріктері маңызды тақырыптарға ойысып, ел-жер тағдырына байланысты өз пікірлерін білдіріп, халықтың ықыласына бөленді. Елбасы бағындырған биік белестер де аталып өтті.
Сонымен қатар жас ақындардың өнерін бағалау үшін Республикалық айтыстадың жеңімпазы атақты ақын Ержеңіс Әбдиевтің төрағалығымен, аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің жауапты хатшысы Қуат Әдис және «Жас Отан» ЖҚ Жалағаш аудандық бөлімше басшысы А.Абдрахмановтар қазылық етті.
Қазылар алқасының шешімімен жас ақындар төмендегідей дәрежелермен марапатталды:
Бұл жыр бәйгесінде бас жүлдені Қайран Еркебұлан жеңіп алып, 50 мың теңге ақшалай сыйлықты қанжығасына байлады. Бірінші орын Жасұлан Серік 40 мың теңге, екінші орын алған Отар Еркебұлан 30 мың теңге, үшінші орынды иеленген Рахымберді Шуақ 20 мың теңге ақшалай сыйлықтармен марапатталды және арнайы дипломдармен марапатталды. Айтысқа қатысқан Серіков Еркебұлан және Кішкенбай Жақсыбекке 10 мың теңгеден ынталандыру сыйлығы табысталып және арнайы Алғыс хаттармен марапатталды.
Сондай – ақ айтыс өнерінің жанашырлары, жеке кәсіпкерлер «Көк төбе» шаруа қожалығының төрағасы А.Абдалиев, «Монтаж строй !» ЖШС-нің директоры М.Төребаев, «Мақпалкөл» шаруа қожалығының директоры Ә.Бердалиев, «Қ Қанатбаева» ЖШС-нің директоры Қ.Қанатбаевалар қаржылай демеушілік жасады.