Жастар жылы: жаңа бастамаларға жарқын жол
Қашанда Елбасының жастарға деген қамқорлығы ерекше. Әсіресе, биылғы Жолдау біздер үшін жігерлі, жалынды идеяларға толы болмақ. Себебі, Мемлекет басшысы 2019 жылды жастар жылы деп жариялап, бүгін Астанада ашылу салтанаты өтті.
Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Бүгінгі жастар креативті пікірге ие. Шыны керек, қазір көбісі жиналыс, форум, флешмобтардан шаршаған. Жастарға рухани тәрбие беретін, жұмыссыздық мәселесін шешетін, баспанамен қамтитын, талантты ауыл жастарының шығармашылығын дамытып, бұқаралық спортты қолға алатын шараларға кеңінен көңіл бөлу керек.
Қазақта «Жас келсе – іске» деген сөз бар. Ақылды технология заманында ақыл да, тың идея да жастардан шығады. Ендеше, Жастар жылы – жастарға арналуы тиіс. 2019 жыл жалаң сөз, жаттанды дүниеге құрылмай, олардың нақты түйткілдерін шешетін жыл болғай деген үміттемін. Болашақ – біздікі, ұлттың ертеңі – біз. Олай болса, жастарға артар сенім де, жауапкершілік те үлкен. Сондықтан, Елбасының сөзімен айтсақ, біз Отанымызда жүзеге асырылып жатқан барлық үдерістерге атсалысуымыз қажет.
Сағатбек СИЮОВ,
«Нұр Отан» партиясының мүшесі,
«Жылы жүрек жастар» еріктілер тобының жетекшісі.