Әншілер ақша жинауға кірісті
Гауһар Әлімбекованың жағдайына алаңдаған әріптестері оның қарызын қайтару үшін ақша жинауға кірісті. Күні кеше Мейрамбек Бесбаев, Сәкен Майғазиев бастаған бір топ өнер иелері бас қосып, Әлімбековаға қол ұшын созудың амалын қарастырған. Бұл туралы журналист Бибігүл Дәулетбек айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпараттық агенттігі.
“Бүгін Мейрамбек Бесбаев, Сәкен Майғазиев, Ерғали Әбдірайымов, Сержанәлі Әлібек, Ақбота Керімбекова бастаған әншілермен кездестік. Барлығымыз тығырықтан шығатын жол іздедік.
Адвокаттарға шығып, алдағы 3 айдың ішінде Гауһардың ісін қайта қолға алуға болатынын естіп, қатты қуанып кеттік. Үкім әлі күшіне енген жоқ. Қазір сүйікті әншіміз төрт қабырғаның ішінде қамауда отыр. Қабырғамыз қайыссақ та, ол суық жерден шығара алмаймыз. Дәрменсізбіз.
Сондықтан да, Сіз бен біз болып ат салысып, жұмылған жұдырықтай бірігіп, Гауһарды бостандыққа шығуды ойлайық. Ол үшін қаражат жинаймыз. Әншілер өзара жинап та жатыр. Уақыт тездетуді талап етеді.
Барлығымыз қолдан келгенше көмек қолын созайық. Ертең сүйікті әншілеріңіз Ақбота Керімбекова банкке барып, Гауһар Әлімбековаға арнайы шот ашпақшы. Ертең осында жариялаймын. Шамаларыңыз келгенше ақша салсаңыздар болады. Ешкімге зорлық жоқ.
Тек сол шотқа ғана ақша аударыңыздар! Әйтпесе, кешеден бері әншіні пайдаланып, шотқа ақша жинағысы келіп жатқандар бар”, – дейді Дәулетбекқызы.
Журналис Әлімбекованың туған сіңлісімен сөйлескенін атап өтті. Айтуына қарағанда, осы уақытқа дейін сотқа куәгер ретінде қатысып келген Гауһар сол күні өзіне үкім шығарылатынын білмеген.
“Туған сіңлісінен тағы бір білген ақпаратым: Гауһар алаяққа өзі де алданып қалған. Жаздыгүні болған бұл іске әнші куәгер болып келіп жүрген. Кеше де солай сот залына барған екен. Журналиске: «Сот біткеннен соң, жақсылап сұқбат беремін» деп айтқан екен. Алайда, сот залынан кісен салынып алып кетерін әнші білмеген еді.
Бағана Мейрамбектің айтқан сөзіне дән риза болдым. «Бір қазағымның қызын ол жақта отыруына жол бермеспіз» деген. Ана бақытын да сезінбеген Гауһардың алар асуы әлі алда екеніне сенімдімін”, – дейді Бибігүл Дәулетбек.
Еске сала кетейік, күні кеше Гаухар Әлімбекованың алаяқтық үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылғаны белгілі болды. Отандық жұлдыздар сотталған Әлімбековаға қолдау білдірді.
Ал күні кеше Әлімбекованың елбасыдан араша сұрап, хат жазғаны анықталды. Әншіні сотқа берген Бақыт Назарова болса оны түрмеге жабады деп ойламағанын айтты.