Өткеннен ұлағат – ұрпаққа аманат
Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы халқымыздың рухани түрде дамуына тың серпіліс әкелді. Бұл – тарих ғылымын жүйелі түрде жаңаша көзқараспен жазу, қазақ даласындағы өркениеттердің мәдени даму үдересіне қосқан үлесін айқындауға үлкен септігін тигізеді.
Сонау заманда Ұлы дала төсінде тіршілік еткен бабадан келе жатқан ұлттық мұраларды, мәдениетімізді терең тануға, жаңа қырынан ұлықтауға және түркі бірлігін бұрынғыдан да күшейтуге жаңа серпін, жаңа жігер берді. Осылайша Қазақ елі рухани сананыжаңғырту бағытында орайлы істер қолға алынды. Осы орайда, А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын іске асыруға арналған қалалық актив жиыны болып өтті. Оған қала әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов қатысты.
– «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы өткеніміз мен бүгінді түгендеуге жол ашады. Тарихқа зерделі зерттеу жасауға бағдар береді. Жеті қазынамыздың бірі – жылқыға ерекше мән берілген. Ұлы дала халқы металл өндіру және оның терең тарихымен мақтана алады. Алма мен қызғалдықтың түпкі мекені – қазақ жері екені зерделенді. Сондай-ақ, «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасау, Түркологтардың дүниежүзілік конгресін ұйымдастыру, «Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейін ашу сынды тарихи әрі маңызды міндеттер бағытында да жұмыстар жасалады, – деді қала әкімінің орынбасары.
Актив жиынында ұлттық сананы жаңғыртып, рухани жаңғыру жолында тарихымызды зерделеу бағытында маңызды ой-пікірлер айтылды. Аталмыш шарада «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының орынбасары Ержан Байтілес «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы жастарға идеологиялық тәрбие ретінде үлкен пайдасы тиетінін жеткізді.
– Бүгінде біз сананы жаңғыртатын, рухани жаңаратын кезеңге келіп отырмыз. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Елбасы нақты тапсырмалар берді. Оның ең біріншісі «Архив – 2025» бағдарламасы. Бұл – тарихшы, зерттеушілер үшін таптырмас бағдарлама. Сондықтан сала мамандары біздің төл тарихымызды түгендеуде, тірілтуге белсенді түрде атсалысады деген ойдамыз. Жобаны жүзеге асыру барысында тарихшы, деректанушы мен мәдениеттанушы мамандардан құрылған арнайы топтардың отандық және шетелдік ірі архивтермен өзара жүйелі әрі ұзақ мерзімді ықпалдастықта болып, іздеу-зерттеу жұмыстарына баса мән беру керектігі алға тартылды. «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу – ұлтымыздың тарихи жаңғыруының кепілі. Расымен, әрбір ел тарихта орнын ойып алған ұлы тұлғаларымен мақтанады. Қазақ жерінен де талай ғылыми сенсация жарыққа шықты, терең ойлы мағлұматтар дүниеге келді. Сол үшін де Қазақ елінің ұлы есімдерін асқақтату – бізге парыз, – деді Е.Байтілес.
Жиын барысында Т.Жүргенов атындағы қоғамдық қор төрағасы Сәпен Аңсатов «Қазақи дүниетаным – ұрпақ тәрбиесі» тақырыбында өзінің пікір-пайымдарын ортаға салды.
– Қазіргі жастар кітап оқымайды. Қанша жерден дамысақ та ішкі жан дүниеміз мешеу қалмауы қажет. Тәуелсіз мемлекеттің ұлттық болмысын сақтай алатын ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің негізгі мақсаты. Ал ол үшін болашақ ұрпақтың тұлғалық болмысын қалыптастырып, оның рухани мәдениетін дамыту – басты мәселе. Сананы жаңғыртуды ұлттық болмыстан, ұлттық кодты сақтап саяси-экономикалық жүйенің дамуымен үйлестіре отырып, ел игілігіне жарату қажет,– деді ол.
Актив жиынында «Сыр өңірінің фольклорлық антологиясын жасау», «Қазақы салт-дәстүрдің мағынасы», «Сыр өңірінің ұлттық тарихтағы орны» деген тақырыпта ой-пікірлер айтылды. Қатысушылар игі іске атсалысу – баршаның қастерлі міндеті екенін және бұл бастамаға қолдау білдіретінін жеткізді.
Айтолқын АЙТЖАНОВА.