Қатты аяз болады: Синоптиктер еліміздің 9 облысының тұрғындарына ескерту жасады
Синоптиктер 5-6 ақпан күндері қатты аяз болатынын мәлімдеп, еліміздің 9 өңірінде дауылды ескерту жариялады, деп хабарлайды «Қазгидромет» РМҚ-ға сілтеме жасап Stan.kz.
5-6 ақпанда Жамбыл облысының кей жерлерінде оңтүстік-батыстан соғатын жел солтүстік-шығысқа ауысады, күші 15-20 м/с болады. Бесінші ақпан күндіз, алтыншы ақпан түнде желдің екпіні 23-28 м/с жетеді. Сондай-ақ, синоптиктер мәліметінше, 6 ақпанда түнде кей жерлерде қатты қар, бұрқасын күтіледі. Кей жерлерде тұман, көктайғақ болажы. Ал 6-7 ақпан аралығында облыстың солтүстік-шығысында ауа температурасы түнде 20-25 градус аязға дейін төмендейді деп болжанады.
5 ақпанда күндіз Түркістан облысының таулы аймақтарында қатты қар жауады деп күтіледі. 5-6 ақпан күндері кей жерлерде тұман, көктайғақ, бұрқасын болуы ықтимал. Солтүстіктен, солтүстік-шығыстан соғатын желдің күші 15-20 м/с, тау асуларында 23-28 м/с болады. 6 ақпанда түнде ауа температурасы 12-17 градусқа дейін, кей жерлерде 22-27 градусқа дейін төмендеп, аяз болуы мүмкін.
6 ақпанда Алматы облысының кей жерлерінде қатты қар, тұман, көктайғақ, бұрқасын күтіледі. Солтүстік-шығыстан соғатын жел кей жерлерде 15-20 м/с, екпіні 23-28 м/с болады. 6-7 ақпан аралығында түнде ауа температурасы10-15 градус, кей жерлерде 20-25 градус аязды көрсетеді. Сонымен қатар кей жерлерде 25-30 градусқа дейін аяз болады.
6 ақпанда түнде Қостанай облысында ауа температурасы 33-38 градусқа дейін төмендейді. Кей жерлерде қатты аяз болып, ауа температурасы 43 градус аязды көрсетеді.
6 ақпанда түнде Қызылорда облысында ауа температурасы 18-23 градус, кей жерлерде 28-33 градус болады деп болжанып отыр.
6-7 ақпан аралығында түнде Солтүстік-Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Қарағанды облыстарында қатты аяз болып, сынап бағаны 37-42 градусты көрсетеді. Кей жерлерде өте қатты аяз болып, – 45 градус болады деп күтіледі.
6 ақпанда Шығыс-Қазақстан облысының кей жерлерінде қатты қар, бұрқасын болады деп болжануда. Солтүстік-батыстан соғатын жел 15-20 м/с, кей жерлерде екпіні 30 м/с және одан асауы ықтимал. 6-7 ақпан аралығында түнде ауа температурасы 23-28 градус, кей жерлерде 33-38 градус аяздан 37-42-ге дейін, кей жерлерде 45 градусқа дейін төмендеп, аяз болады.
5 ақпанда Ақмола облысында қар, кей жерлерде бұрқасын күтіледі. Солтүстік-шығыстан соғатын желдің күші 15-20 м/с, түнде және таңертең екпіні 23-28 м/с жетеді.
Астана қаласында 5 ақпанда қар жауып, бұрқасын болады. Синоптиктер мәліметінше, солтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні 15-20 м/с болады. 6-7 ақпан аралығында түнде қатты аяз болып, ауа температурасы 37-39 градусқа дейін төмендейді.