Қызылордада үш жылда 132 көше жөнделетін болды
Қызылорда қаласында алдағы үш жылда 132 көше жөнделетін болады. Бұл шағын жолдарды дамыту бағдарламасы бойынша жүзеге асады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыс орталығында шағын жолдарды дамыту бағдарламасы әзірленді. Осының аясында Қызылорда қаласындағы шағын аудандар мен қалаға қарасты елді мекендердегі жолдар мәселесі өз шешімін табады. Биыл 56 көше бойынша осындай жұмыстар атқарылса, 2020 жылы - 35, 2021 жылы 41 көше ел игілігіне беріледі. «2022 жылға дейін шағын жолдарды дамыту бағдарламасы бойынша қаланың шағын аудандарында және қала маңындағы ауылдарда 132 көшеде құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Ең бастысы, барлық жұмыстар мерзімінде сапалы орындалуы тиіс, лауазымды тұлғалар жұмыстардың тиісті деңгейде атқарылуына жауапты болады», - деді Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев тұрғындармен кездесу барысында Облыс әкімі Қызылорда қаласындағы «Саяхат», «Сәулет», «КБИ» секілді бірқатар шағын аудандарында болып, жергілікті тұрғындармен жүздесті. Қызылорда қаласында жалпы ұзындығы 619 шақырымды құрайтын 766 көше бар. Оның ішінде 409-і асфальт-бетонды, 35-і қиыршық тасты және 322-і қара жол болып табылады.