Көші-қон қызметтерінің орталығы ашылды
Қызылорда қаласында көші-қон қызметтері орталығы ашылды. Оның ашылу салтанатына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов Байхожаев қатысты.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы еңбек мигранттарына арналған көші-қон орталықтарында көрсетілетін мемлекеттік қызметтер санын арттырады. Бұдан бұрын аталмыш орталықта шетелдіктер жұмыс істеуге рұқсат беретін құжатты алып, ҚР аумағына уақытша келетіндер үшін жеке сәйкестендіру нөмірі ғана берілетін.
– Еліміз бойынша 12 көші-қон орталығы жұмыс істейді. Қазақстанға келетін еңбек мигранттары көп. Бірақ, барлығы қызметін заңдастыра бермейді. Бірнеше мемлекеттік органның арасындағы сергелдеңнен олар құжаттарын реттеуге асықпайды. Көші-қон орталығы – көлеңкеде жүрген еңбек мигранттарының заңды түрде тіркелуіне ықпал етеді. Осы ретте көші-қон халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы көрсетілетін қызметтер саны көбейетін болады, – деді Абылайхан Оспанов.
Осы жылғы ақпан айының соңына дейін көші-қон орталықтары арқылы бірнеше қызметтер көрсетіледі деп жоспарлануда. Айталық, олардың қатарында ҚР аумағына уақытша келетін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғаларды тіркеу, ҚР тысқары аймағына тұрақты тұруға шығатындардың құжаттарын рәсімдеу, визаларын беру бойынша қабылдаушы тұлғалардың шақыруларын қабылдау және келісу бар.
Бүгінде ІІМ-мен бірлесіп ашылған миграциялық ХҚО-да еңбек мигранттары қажетті мемлекеттік қызмет түрлерін «бір терезе» қағидаты бойынша ала алады. Бұл жерде медициналық тексеріс пен дактилоскопиядан өтіп, сақтандыру полисін де қоса рәсімдеуге болады. Бұрын олар еңбек етуге берілетін рұқсат құжаттарын алу және оның мерзімін ұзарту үшін 6 мемлекеттік мекемеге барып, 3-5 күнін жұмсайтын. Қазір қажетті құжаттарды көші-қон қызметтерінің орталығы арқылы бір сағаттың ішінде рәсімдеуіне мүмкіндік бар.
Өткен жылы облыстық полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасы 36 577 шетел азаматын тіркеп, 15 614 еңбек мигрантына рұқсат құжатын берген. Қызылордада мұндай орталықтың ашылуы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және көлеңкелі еңбек нарығын қысқартуға септігін тигізеді деп күтілуде.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.