Бизнесті дамытуға тағы 34 млрд теңге бағытталмақ
Қызылорда облысында жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 13%-ға артты. Бұл туралы бүгін халық алдындағы есепті кездесуінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев мәлімдеді.
Аталған көрсеткіштің өсу қарқыны бойынша өңір республика бойынша көш бастап тұр. Жұмысқа орналастыру, салық базасын кеңейту және қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау сияқты мәселелерді шешу мақсатында 2018-2020 жылдар облыста Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үшжылдығы болып жарияланды.
Осыған байланысты өткен жылы әзірленген кешенді "Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі жол картасы" шеңберінде әртүрлі көздерден 32 млрд.теңгеден астам қаражат тартылды. Мәселен, мыңнан астам жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар жалпы сомасы 4,3 млрд.теңгеге шағын несие алды, 1000-нан астам микробизнес жобасы іске асырылды, бұл 1,5 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындарын құруға мүмкіндік берді.
- Облыста кәсіпкерлік саласында жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 2018 жылы аймақта шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 13%-ға артты. Бұл көрсеткіштің өсу қарқыны бойынша аймақ республика бойынша көшбасшы орынға ие. Сондай-ақ, тіркелген субъектілердің ішіндегі олардың үлесі 75%-дан 83% дейін артты. Бұдан басқа, шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 2 есеге өсті. Олардың айналымы жылына 2 млн теңгеден асады – бұл жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің 24%-ын құрайды, - деді өңір басшысы.
Ағымдағы жылы аймақта осы секілді "Жол картасы" әзірленген еді. Оның шеңберінде бизнесті дамытуға тағы 34 млрд теңге бағыттау көзделіп отыр.
Айта кетейік, 2018 жылы Қызылорда облысы рейтинг бойынша бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасаған ең үздік аймақ болып танылды, Мемлекет басшысы облыс әкіміне арнайы "Алтын сапа"сыйлығын табыстады.