Шорттрекшілер ел чемпионатында табысты өнер көрсетті
Өскемен қаласында шорт-тректен 2005-2010 жылдары туылған кіші жасөспірімдер арасында өткен ҚР чемпионатында қызылордалық шорттрекшілер табысты өнер көрсетті.
Сыр спортшыларын дайындаған жаттықтырушы Марат Мұратбековтың айтуынша, жарысқа Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан және Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды және Қызылорда облыстарынан 196 спортшы қатысты.
Нәтижесінде қыздар арасында Жансая Есен 222 метр қашықтықта мәреге бірінші келіп, Қазақстан чемпионы атанды. Бұл қысқы спорт түрі шорт-тректен облыс тарихындағы алғашқы алтын медаль болып табылады. Ол көпсайыс қорытындысы бойынша 42 ұпаймен күміс жүлдені иеленді.
Сондай-ақ, қыздар арасында командалық эстафетада жерлестеріміз 2-орынды еншіледі. Команда құрамында Жансая Есен, Ұлту Құрманбай және Нұрай Исабек өнер көрсетті.
Шорт-трек спорты облыста ашылғанына небәрі екі жылдай уақыт болса да спортшылар республикалық жарыстарда, ҚР чемпионаттарында облыс намысын абыроймен қорғап келеді.
Спортшылар №4 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде тәлім алады. Спорт мектепте шорт-трек бөлімшесінде 70-тей спортшы айтулы спорт түрімен айналысады.