Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Желбіретіп желкенін жыр кеменің

Желбіретіп желкенін жыр кеменің

    Қашанда Сыр өңірі ұлттық өнердің өрісін кеңейтуге еліміздің өзге өнірлеріне өнеге көрсетіп келеді. Соның айғағы ретінде айтыс өнері біздің аймақта тұрақты түрде қолға алынып келеді. Жергілікті жұрт осындай тағы бір өрелі өнер шарасын тамашалады.
 Н.Бекежанов атындағы драма театрында «Жастар жырлайды» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Бұл шараны облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырды. Онда Қазақстанның 7 қаласынан келген елге танымал ақындар сайысқа түсті. Айтыс Жастар жылы аясында қазақ халқының көрнекті тұлғасы  Әйтеке бидің Бәйбекұлының 375 жылдығына арналды. Аламан бәйгеде облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемұлы шешен-бидің өнегелі өмірі мен тағылымды ой-пікірін көпке үлгі етіп, Қызылордаға келген сөз зергерлеріне сәттілік тіледі. Жастар жылында Қызылорда облысы мұндай дүбірлі доданы елімізде алғашқы болып өткізіп отыр. Айтыста Астана, Алматы, Тараз, Павлодар, Шымкент, Орал, Петропавл және Сыр өңірінің белгілі жампоздары бақ сынады.
    Қазылар алқасына ақын Жүрсін Ерман төрағалық етсе, оның құрамында «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, республикалық «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан, жазушы-журналист Айжарық Сәдібекұлы, айтыскер ақын Кенжебай Жүсіпов болды.
          Айтыстың алғашқы жұбында алматылық Рүстем Қайыртайұлы мен шымкенттік Біржан Байтуов сөз қағыстырды. Айтыс жампозы Рүстем Қызылорда облысының бүгінде көз тоймастай өзгергенін жырмен жеткізді. Ол мұндағы құрылыстың қарқынды жүріп жатқанын жырқа арқау етті.
        Ақын деген атты арқалап жүрудің жауапкершілігі зор. Осыны сезінетін сахна майталмандары өз кезегінде көпшілікке жібектей есілген жыр жолдарымен келелі ой, рухани күш, ұлттық рух берді. Ел бірлігінің биік белеске, баянды берекеге бастайтынын жеткізуге тырысты.
         Айтыстың ең қызық жұбы тараздық Аруна Керімбек пен қызылордалық Сырым Әділбековтің кездесуінде болды. Қыз бен жігіт айтысында жерлесіміз өз кезегінде қарсыласын әзілмен қағытып, ұтымды ойымен жұрттың ықыласына бөленді. Бірақ Аруна да сөзден жаңыла қойматынын көрсетті. Ол Сырымның қалжыңына жүйелі де өткір сөзімен жауап қатып, шеберлігін көрсетті. Алайда, Сырым сөз тауып оны шаң қаптырды.
         Желбіретіп желкенін жыр кеменің,
         Не көрсем де халқыммен бір көремін
         Аруна, айналайын аман болшы
         Мен осымен орнымнан түргелемін.
         Жүрсіндей ағамызбен қатарда
         Осы айтыста боп тұрсын жүлдегерім
         Шынымен не сыйлайды деп отырсын ба?
         Асықпа, мен бәріне үлгеремін.
         Жүрсіндей ағамызға жыр беремін,
         Ал Аруна саған гүл беремін, – деп сахнада Сырым тараздық ақын қызға гүл шоғын табыс етті. Оған барша тындарман қол соғып, қостағанын білдірді.
             Шашасына шаң жұқтырмас кіл мықтылар қатысқан айтыста кімнің кімнен озық өнер көрсеткенін анықтау қазылар алқасына оңайға соққан жоқ. Алты ақын айтыстың ақтық сынына жолдама алды.
            Ақындар айтысы халыққа үлкен рухани күш-қуат беріп, қуаныш сыйлады, ғажайып өнерге куә етті. Қаршадай қыздар мен жігіттер кешегі ата-баба көкейіндегі арманын бүгінгі күнге жалғағандай әсерде болды.        «Ақынның сөзін аузына Алла салады», «Ақынның құлағы өзінен бұрын туады» деген қанатты сөздер рас та болар. Айтыс ақтангерлері Сырдың бас қаласы – Қызылорда жайында ағынан жарыла сыр ақтарып, қазақтың қасиетті қазынасы – айтыс өнерінде өз өрнегін салды. Әрбір ұтымды ұйқас, тартымды тіркес, байыпты бейнелеуге көрермен қошеметпен қол соқты.   Айта кетерлігі 12 ақын аламанға түскен додада қазақ қоғамына қажет ойлар мен парасатты пікірлер тиегі ағытылды. Ақындар да ойларын ірікпей, жырларын жаңбырша жаудырды.
         Осылайша, қазылар құрамының шешімімен жыр додасының бас бәйгесі Нұрмат Мансұровқа бұйырып, ол 1 млн. теңгені олжалады. Айтыста алғашқы болып сөз бастаған алматылық Рүстем  Қайыртайұлы жүлделі бірінші орынды еншіледі. Шымкенттен келген Біржан Байтуов екінші орын биігінен көрінді. Ал, павлодарлық Аспанбек Шұғатаев пен тараздық Аруна Керімбек үздік үштікті түйіндеді.
Жарасхан ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ.
Суреттерді түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.
16 ақпан 2019 ж. 954 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам