ЖЕРЛЕСТЕР ТУҒАН ЖЕРДЕ КЕЗДЕСТІ
Қызылорда облысында «Baikonur invest» инвестициялық форумы аясында «Туған жерге тағзым» тақырыбында басқосу өтті.
Онда Сыр елінен шыққан танымал тұлғалар, қарымды жазушылар, ғалымдар мен кәсіпкерлер бас қосты. Аймақ басшысы туған жерге міндет емес, тағзым жасап, елдің ертеңі үшін әрбір білімді жан аянбай еңбек етуі тиіс екендігін айтты. Форумның құрметті қонағы талантты жерлесіміз, белгілі композитор Кеңес Дүйсекеев өңірден шыққан өнерлі өрендерді қолдауға әрдайым дайын екендігін жеткізді. «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру үшін бірнеше жоба ұсынып, өзі басқарып отырған басылымнан қызылордалық жас тілшілердің тағылымдамадан өткізу туралы ұсыныс айтты. Ал, «Нұр-мүбарак» университетінің проректоры Шамшәдин Керім аймақта діни тұрақтылықты қадағалайтын білікті теолог мамандар даярлау үшін аталған діни оқу орнымен ынтымақтастықты арттыратындығын айтты. «Болашақ» университетінің ғылыми жетекшісі Бақберген Досманбетов Сырдария өзенінің сол жағалауынан салынып жатқан студенттер қалашығының құрылысы туралы баяндады. Сыр елінің мақтанышы, суырып салма ақын Мейірбек Сұлтанхан «Baikonur invest» инвестициялық форумына арнауын оқыды. Жиын нәтижесінде әкімдік пен жеке компаниялар арасында демеушілік жасау жөнінде 7 меморандумға қол қойылды. Аталған келіссөздердің нәтижесінде облыста бірнеше әлеуметтік нысан бой көтермек.