ІСКЕРЛІК БАЙЛАНЫС БЕКИ БЕРЕДІ
Қызылорда қаласында осы айдың 15-16 күндері «Халықаралық ынтымақтастықты дамыту» тақырыбында ІХ «Baikonyr Invest» инвестициялық форумы өткізіледі.
Шараның негізгі мақсаты – өңір кәсіпкерлеріне шетелдік және отандық инвесторлармен өзара серіктестік орнатуға ықпал жасау. Сондай-ақ, қолға алынған жобаларды іске асыру үшін бизнес, білім және ғылым өкілдерін біріктіріп, экономиканы әртараптандыру болып табылады.
Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев мәлімдеді.
Аталған форум 5 секциядан тұрмақ. Ең алдымен пленарлық отырыстан бастау алады. Шараның негізгі бөлігі – «Туған жерге тағзым» жобасы. Оған өңірден шығып, еліміздің өзге аймақтарында қызмет ететін іскер азаматтар қатысады. Ал, қалған бөлігінің басты жұмысы Ресей, Иран, Қытай, Өзбекстан елдерімен ынтымақтастыққа бағытталуда.
– Жылда дәстүрлі түрде өткізілетін халықаралық жиынға Ресей, Қытай, Өзбекстан және Иран делегациялары қатысады. Сонымен қатар, Түркия, Оңтүстік Корея, Малайзия елдерінен де қонақтар келеді деп жоспарлануда. Шара барысында инвестиция талап ететін жобалар көрмесі мен В2В, G2B, G2G кездесулер ұйымдастырылады. Сонымен қатар, қытайлық «Xinjiang Bo Boa Trading Co.» компаниясы арасында қаланың сол жағалауында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөнінде меморандумға қол қойылады деп күтілуде, – деді Ринат Сұлтангереев
Айта кету керек, аталған форумда бірнеше ірі жобалар ұсынылмақ. Солардың бірі – аймақта ілеспе газдан тыңайтқыш жасайтын зауыт салу. Бұл бастаманы қытайлық инвесторлар мақұлдаса, оның біздің өңірге пайдасы зор болмақ. Өйткені, құрамы 45 пайыз азоттан тұратын тыңайтқыш егін шаруашылығының дамуын бірнеше есеге арттырады.
Шара соңында ынтымақтастық жөнінде бірқатар меморандумдарға қол қойылады деп жоспарлануда.
Ақмарал ОЛЖАБАЕВА.