Қызылордада қала әкімі қабылдауына келген әйелді ұрып-соғу дерегі расталған жоқ
Әлеуметтік желіде жарияланған Қызылордада әйелді ұрып-соғу дерегі расталған жоқ. Онда Қызылорда қаласы әкімінің қабылдауы кезінде құқық қорғау органдары тарапынан бір азаматшаға қысым көрсетілгені туралы айтылған еді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы Қайрат Мұхитов мәлімдеді. Ол жазбаны 2019 жылдың наурызының 4-нен 5-не қараған түні Алматы қаласының тұрғыны Құрал Сейітханұлы facebook әлеуметтік желісінде жариялаған еді. Онда Қызылорда қаласы әкімінің қабылдауы кезінде құқық қорғау органдары тарапынан бір азаматшаға қысым көрсетілгені туралы сол азаматшаның шағымы негізінде жазба қалдырған. Аталған дерек бойынша Қызылорда облыстық полиция департаменті, Жергілікті полиция қызметі және облыс әкімдігі басшылары журналистермен жүздесті. «Бұл ақпарат түнде жарияланды. Оған байланысты департаменттің баспасөз қызметі әлеуметтік желілерде ақпаратқа байланысты тексеру жұмыстары басталғандығы туралы жазба қалдырып, жауап берді. Тексерудің нәтижесінде аталмыш дерек расталған жоқ, - деді Қызылорда облыстық Полиция департаментінің бастығы Қайрат Мұхитов. Департамент бастығы Қайрат Мұхитов ҚР Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша жалған ақпарат таратқан азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын атап өтті. Сондай-ақ, департамент бастығы облыстық полицияның әрдайым ашық диалогқа және тұрғындарды дер кезінде ақпараттандыруға дайын екенін атап өтті. «Қызылорда облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес 9 ақпаннан бастап жергілікті тұрғындарды жеке қабылдау шаралары жасалып келеді. Онда тиісті сала басшылары тұрғындардың өтінішін тыңдап, оның шешілу жолдарын қарастырды», - деді Қызылорда облыстық аппарат басшысының орынбасары Серік Шотаев.