Димашқа сын айтқан Әли Оқапов әншінің жанкүйерлерінен кешірім сұрады
Димашқа хит керек екенін айтып, сынға қалған Әли Оқапов жақында жағдайды түсіндіріп, фанаттар армиясынан кешірім сұраған болатын. Ол Димаш туралы тек жақсы ойда екенін алға тартып, ешкімді ренжіткісі келмегенін түсіндірді. Соған қарамастан, Әлиге жағымсыз пікір жазатындар азаймаған. Бұл ретте Роза Рымбаева ұлының Димашқа қатысты сөзіне пікір білдірді, деп хабарлайды "Время".
"Әркім өз пікірін айтуға құқылы. Әли кәсіби маман ретінде ойын айтты, ол Димашты нашар музыкант деген жоқ. Мен де ол өзінің бірегей даусымен танылған әнші, жұлдыз деп санаймын, бәріміз де одан ұлы ән күтеміз. Бізге сұрақ қояды, біз шынайы жауап береміз. Ал кейін бізге шабуыл жасайды, себебі біздің халықтың сондай әдеті бар, мәдениеті сондай", - деп жауап берді Рымбаева. Танымал әнші әрі педагог, Димаш әлемге танылмай тұрған кезде-ақ оның жарқын болашағын болжаған Лаки Кесоглу да бұл жайтқа қатысты ойын айтты. "Расымен де Димаштың өзінің хит әндері жоқ. Ол халық әндерін орындап танылды. Бірақ бұл жерде Димаштың кінәсі жоқ. Бар кінә Димаш үшін жұмыс істемейтін композиторларда. Осындай жетістікке жеткен жалғыз Димашқа бүкіл Қазақстан болып жұмыс істеуіміз керек. Бүкіл әлем солай жұмыс істейді. Ал бізде, өкінішке қарай, композиторлар жоқ. Оған нағыз хит жазып бере алмайтын мелодистер, жекелеген авторлар бар. Ал сауатты бұл азамат той әндерін орындамайды. Сондықтан да ол қазір әлемдік хит әндерді орындауда, онда тұрған ештеңе жоқ, осылайша ол тәжірибе жинайды. Ал Әли - өте сауатты адам әрі талантты музыкант. Жеке пікірі үшін оны осыншалықты сөгудің қажеті жоқ. Фанаттар сәл де болса істің ақ-қарасын ажырата алса, Димашқа лайықты ән тауып берудің жолын іздеулері керек. Енді Димаш пен Әлидің фанаттары маған шабуыл жасайтын шығар, бірақ олардың тіл тигізіп, қорлауы - бос дыбыспен тең", - дейді Кесоглу.