МЕНІ ДИМАШПЕН САЛЫСТЫРАТЫНДАРДЫ ТҮСІНБЕЙМІН - ЕРНАР САДЫРБАЕВ
«Славян базары» халықаралық өнер фестивалінде 1-орын алған Ернар Садырбаев Астанада баспасөз мәлихатын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әміре лақап атымен танылған әнші өзін әнші Димаш Құдайбергенмен салыстыратындарға реніш білдірді. «Конкурсқа дейін де, Беларуське барғанда да Димаш туралы көп айтылды. Ондағы халық Димашты қатты сыйлайды. Тіпті қытайлық жанкүйерлер Димаштың артынан еріп жүрді. Біз оған, әрине, қуанамыз. Өкінішке орай, кей адамдар екеумізді салыстырып жатады. Димашқа жетпейсің деп жамандайтындар бар. Ондай адамдарды түсінбеймін», - деді Ернар Садырбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. «Әміренің» айтуынша, қос әнші баяғыдан таныс және араларында құрмет пен сыйластық бар. «Әрдайым айтудан жалыққан емеспін, Димашпен баяғыдан таныспын, оны досым ретінде, әріптесім ретінде қатты сыйлаймын. Жүрген жерімізде бір-бірімізді қолдап жүреміз, «Славян базарында» да қуанышпен көрістік. Димашқа тек қана сәттілік тілеймін. Ал бізді салыстыратындарға айтарым, әр адамның өз дара жолы бар», - деді Әміре. Айта кетейік, Ернар Садырбаев Беларусьте өткен «Славян базары» халықаралық өнер фестивалінде жүлделі 1-орынды жеңіп алды. 2015 жылы бұл байқауда қазақстандық Димаш Құдайберген бас жүлде иеленген болатын. Ернар Садырбаев әуелі Нұрғиса Тілендиевтің «Құстар әнін» шырқады. Екінші күні оркестрдың сүйемелдеуімен Раян Поустың «Подбери музыку» және Рокопера Моцарттың «Я сплю на розах» атты шығармаларын орындады. Әншінің продюсері Жан Мұқанов байқауда болған қызықты оқиғаларды айтып берді.