АЛҒАШҚЫ АСТАНАДАН СӘЛЕМ!
А. Тоқмағамбетов мәдениет Үйінде Елорданың Нұр-Сұлтан қаласы болып қайта аталуын қолдау мақсатында «Алғашқы астанадан сәлем!» - атты облыстық акция-концерт ұйымдастырылды.
Шараға ардагерлер, этно-мәдени бірлестік өкілдері, үкіметтік емес ұйым және БАҚ өкілдері, белсенді жастар қауымы, барлығы 500-ден аса адам қатысты. Аталған шарада облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамовтың алғы сөзімен бастау алса, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ардагерлер кеңесінің төрағасы, экономика ғылымдарының кандидаты Қазыбай Құдайбергенұлының сөзімен жалғасты. Өз пікірін білдірушілер қатарында, ҚХА «Орыс қауымдастығының» Қызылорда облысы бойынша филиалының төрағасы Владимир Петрович Толоконников те өз ойын жиналған жұртқа білдірді.
Сонымен қатар, шараға қатысушыларға әсерлі түрлі өз лебізін ақын, қоғам қайраткері, облыстық мәслихат депутаты Шәкизада Өтетілеуұлы Әбдікәрімов білдірді. Елбасының елорданың алғашқы кірпішін қалауынан бастап жасаған еңбектеріне тоқталып өткен ақынның айтқан сөздері жиналған жұртшылықты тебірентіп тастады.
Шара соңында Қызылорда облысының «Азаматтық Альянсы» қауымдастығының төрағасы Жандос Нұртайұлы Базартай өз пікірін аймақтағы үкіметтік емес ұйымдар атынан ортаға салып, елорданы Нұр-Сұлтан атау - жаңа тарихи даму кезеңге жол бастайтынын көпшіліктің назарына жеткізді.
Республикаға белгілі айтыскер ақын, «Алтын домбыра» иегері, Сырдың саңлақ ақыны Мұхтар Ниязов өз сөзін арнаумен жеткізіп, елорданың
Нұр-Сұлтан қаласы атауына ауысуын тарихи дәлелдермен келтірілген жыр-шумақтарымен жеткізді. Бұл көпшіліктің үлкен қолдауына ие болды.
Шарада жергілікті өнерпаздардың орындауында патриоттық әндер орындалып, жиналған қауымның жүрегіне отансүйгіштік сезімді жеткізе білді.