Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Мұз айдынның ханшайымы

Мұз айдынның ханшайымы

  Мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаеваның есімі біраз жылдан бері қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс. Оң-солын енді таныған балғын шағынан ол мұз айдын үстіндегі қыр-сыры көп спорттың осы түрінің әдіс-тәсілін меңгерді. Әкесі Байтақ желкілдеп өскен жеткіншектің келешек кемерінде толағай табысымен тәмам елді көзайым ететініне зор үміт артатын. Оған еліміздің барша жұртшылығы тілеулес болды.
Бұдан бұрынғы жылдарда жасөспірімдер және жастар арасында бәсекеге түскен Сыр саңлағы былтырдан бастап ересектер жарысында да жарыс көрігін қыздырды. Биыл Элизабет толағай табысымен тілеулес елдің көзқуанышына айналып үлгерді. Наурыз айының басында Ресейдің Красноярск қаласында жалауын желбіреткен қысқы Универсиадада күміс жүлдегер атанып, жеңімпаздар тұғырынан көрінді. Арада ай өткен жоқ, айдын үстінде шыр көбелек айнала білетін ай маңдайлы ару қыз тағы да жоғары жетістігімен қазақстандық барша жанкүйерлерді орасан зор қуанышқа кенелтті.
Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында қиырда жатқан Жапонияның Сайтама қаласында ашылған мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатына жер-жаһанның әр түкпірінен қаншама саңлақ жиналды. Әдеттегідей әрбір жампоз өздерінің дүбірлі додаға қаншалықты әзір екенін әлемнің білікті мамандары алдында таразыға тартты. Сол сәтте жаңа жұлдыздың жарқырай түсеріне ешкім үміт артқан жоқ шығар. Біздің еліміз бүгінгі күнге дейін мәнерлеп сырғанау спортынан ешқандай үздігін осындай дүбірлі додаға үкілеп қоса қойған жоқ еді.
Элизабет жер жүзінен жиналған жанкүйер алдында өзінің тамаша өнерімен көзге түсті. Шынашақтай ғана қазақ қызының әрбір қимылына зор қошеметпен қол соққан патша көңілді көрермен оған өз қолдауын білдірді. Қысқа бағдарламада ол Бетховеннің «Ай сонатасына» таңдау жасаған екен. Қазақ елінің үкілі үміті мұндай бәсеке төрінде алғаш бақ сынап отырса да, оған ешбір абыржымастан әрбір қимылын жоғары деңгейде орындап шықты. Сол сәтте жанкүйер қошеметі де аз болған жоқ. Жарыста бақ сынайтын әрбір өреннің іс-қимылын қалт жібермей қадағалайтын білікті мамандар да қаршадай қазақ қызының өнеріне жоғары бағасын берді. Алғашқы күнгі нәтиже бойынша Элизабеттің еншісіне 75,96 балл жазылды. Бұл нәтиже бойынша ол үздік үштікке табан тіреді.
Екі күн өткенде Сайтама төріндегі аренада мәнерлеп сырғанаудан бәсеке көрігі тағы да қызып жатты. Барша қазақстандық жанкүйерлер жапон жеріне құлақ түріп, онда өтіп жатқан жарыс нәтижесін асыға тосқаны рас. Тілеулес елдің ақжарылқап тілегін қабыл еткен шығар, бұл жолы да алыстағы аламаннан жыл құсындай жеткен жағымды жаңалық ұлан-байтақ даладағы дүйім елдің жүрегін елжірете түсті. Мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева күрделі әдіс саналатын сальхов төрттігін жоғары деңгейде орындап шықты. Осының нәтижесінде қоссайыстың қорытындысымен күміс жүлдеге қол жеткізді.
Жарыс барысында бас жүлде Олимпиада және Еуропа чемпионы атанған Алина Загитовға бұйырды. Қола медальге екі дүркін әлем, Еуропа және Олимпиаданың күміс жүлдегері Евгения Медведева ие болды. Жеңімпаздар қатарын саралап көрсеңіз, аталмыш жарыста Элизабетке жүлдеге қол жеткізу оңайға түспегенін аңғару қиын емес.
Элизабет Тұрсынбаева бұған дейін жасөспірімдер және жастар арасында жеңімпаз тұғырынан бой көрсеткен еді. Соңғы жылдарда ересектер арасында сынға түсіп, толағай табысқа қол созды. Атап айтқанда, ол универсиададағы күмісінен бөлек биыл АҚШ-тың Анахайм қаласында өткен төрт құрлық чемпионатында күміс жүлдегер атанған еді.
Әділет ТАЛАПТАН.
27 наурыз 2019 ж. 1 084 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
2425262728 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 449 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам