Мектеп – ғылымның ұстаханасы
Облыс орталығындағы №212 мектеп-гимназия өзінің іргетасы қаланғанына 50 жыл толуын атап өтті. Білім ордасының іргетасы 1968 жылы 760 оқушыға арналып қаланған болатын. Тарихы тағылымды білім ошағының мерейтойы А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде «Самғатқан сан қыранды алтын ұяма – 50 жыл» деген тақырыппен атап өтілді.
Жарты ғасырлық тарихында оқу ордасының іргесі бекіп, керегесі кеңіді. Білім шаңырағы биік белестерден өтті. Мектепке алғашқыда 650-ге жуық оқушы келген. Содан кейін қазақ сыныптары ашылған. Сондай-ақ, көршілес Коммунизм және Абай мектептерінен қосымша оқушылар мен ұстаздар қосылды. Жаңа оқу ошағының директоры қызметіне Мырзахмет Жетпісбааев тағайындалған. Одан кейін де мұнда білікті, тәжірибесі мол мамандар келді. Олар шәкірт тәрбиелеп қана қоймай, мектептің әл-ауқатын арттыруға да барынша оқу ошағы күш жұмсады. Әрқайсысы өз қолтаңбасын қалдырды.
Содан бергі 50 жыл ішінде тарыдай бүлдіршіннен таудай тұлға қалыптастырған алтын ордаға айналды. Соңғы үш жылдан бері Габира Тілеуова осы ұжымды басқарып келеді. Мерейтойлық кеште мектеп директоры түлектерді 50 жылдық мерейтойымен құттықтады.
– Бүгін біздің алтын ұямызда үлкен той, мереке. Сонау 1968 жылы іргетасы қаланған білім шаңырағында бүгінде жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Осынау уақыт ішінде 50 рет алғашқы қоңырауы мен 50 рет соңғы қоңырауын соққан білім ошағы қаншама жас ұрпақты тәрбиелеп, білім нәрімен сусындатып келеді. Осындай шәкірттерді тәрбиелеуде аянбай еңбек еткен ұлағатты ұстаздардың еңбегі еш кетпейтініне сенімдіміз, – деді мектеп директоры.
Салтанатты шараға қала әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов қатысып, аталмыш мектеп жарты ғасырлық тарихында терең де тағылымды тарихи жолдан өтіп, биік белестерді бағындырғанын айтып өтті.
– Талайдың бағын ашқан алтын ұя мен онда қызмет жасаған асыл ұстаздарды әрдайым мақтаныш етеміз. Сондықтан білім бәсекесінде тек қалалық деңгейде ғана емес, облыстық көлемде зор маңызға ие мектептің 50 жылдық мерейтойы – ортақ қуанышымыз. Жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруде білім ошағының үлесі зор, – деді қала әкімінің орынбасары.
«Ағаш жапырағымен, адам ұрпағымен, ал ұстаз шәкіртімен көрікті» деген. Осы мектептен білім нәрін алып, көктеген талай жас шыбықтың тамыры тереңдеп еменге айналғанына қала жұртшылығы куә. 50 жылда талай ұрпақ білім алып, тәрбие көріп, болашаққа қадам басты. Берісі – қала, облыс, әрісі республиканың экономикасы мен мәдениетіне үлестерін қосуда. Солардың ішінде журналист, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткері Досмахамбет Көшім, «Ана тілі» қоғамын құрушының бірі, «ORION» LTD құрылыс компаниясының бас директоры Шалқар Жаңабергенов, Қарағанды облыстық фтизиопульмонология орталығынын директоры, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі Қалдыбек Исмаилов, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, «Қайсар» футбол клубының директоры Серік Досмамбетов, Абай атындағы ҚазҰПУ-нің PhD докторанты Алмат Ержановтың еңбек жолдары бүгінгі ұрпаққа өшпес өнеге.
Мерекелік жиынға 1968-2018 жылдар аралығында қызмет жасаған ардагер ұстаздар мен осында оқыған түлектер келді. Олар мектеп ұжымына ізгі тілектерін білдірді.
– Жарты ғасыр ғұмыр кешкен мектеп қасиетті шаңыраққа айналып отыр. Қашанда адамзат баласы үшін білімнің алатын орны өлшеусіз. Осынау жылдар ішінде айтулы жетістікке жеткен мектептен түлеп ұшқанымызды мақтан етеміз. Алтын ұядағы ұстаздардың ерен еңбегінің нәтижесінде білім алып, өмірден өз орнымызды таптық. Қаншама оқушылар рухани байыды. Сол жолда қызмет атқардық. Алдағы уақытта оқу ордасы тек қана жоғары жетістіктерден көріне берсін, – деген тілегін жеткізді ардагер ұстаз Шәймерден Төкенов.
Мерейтойда аталған мектептің білікті ұстаздары облыс және қала әкімінің алғыс хаттары мен арнайы дипломдармен марапатталды. Облыс әкімінің Алғыс хатына ие болған жанның бірі – Гүлзипа Ботанбайқызы. Ол осы мектепте кітапхана меңгерушісі болып қызмет атқарып келеді. Бүгін еңбегі бағаланып, марапатқа ие болуда.
– Мектебіміздің мерейтойы құтты болсын. Сапалы білім беріп, өрендерді тәрбиелеуде ұстаздар аянбай тер төгіп келеді. Жас ұрпаққа бағыт-бағдар беруде абыройлы еңбек етуде. Бүгін сол еңбектер бағаланған күн. 50 жылда қасиетті шаңыраққа айналды. Бұл – аяулы ұстаздардың жемісі, – деді ол.
«Елу жылда ел жаңа» демекші № 212 мектеп-гимназия осы уақыт аралығында заманауи тұрғыда дами түсті. Бүгінде білім ордасында жас өрендерге барлық мүмкіндіктер жасалған. Мұнда 26 оқу кабинеті, 2 компьютерлік сынып, спорт зал, 45 орындық асхана, акт залы, дәрігерлік қызмет көрсету кабинеті, кітапхана бар. Қазіргі кезде 1109 оқушы жаңартылған білім жүйесі арқылы оқиды.
Салтанатты шара соңы мерейтойлық концетке құласты.
Айтолқын АЙТЖАНОВА.