ІЛІМ – БҰЛАҚ, БІЛІМ – ШЫРАҚ
Қаладағы №235 К.Қаракөзов атындағы орта мектептің жарты ғасырға жуық тарихы бар. Алғаш ашылған жылы 8 сыныптық білім берген еді. Екі жылдан соң орта мектеп ретінде жұмысын бастады. Содан бері 46 жыл ішінде тарыдай бүлдіршіннен таудай тұлға қалыптастырған алтын ордаға айналды. Бүгінде айрықша орны қалыптасқан.
Мектеп ұжымына 1972-1978 жылдар аралығында білікті ұстаз Рахат Құлтанов басшылық жасады. Одан кейін де мұнда білікті, тәжірибесі мол мамандар келді. Олар шәкірт тәрбиелеп қана қоймай, мектептің әл-ауқатын арттыруға да барынша күш жұмсады. Әрқайсысы өз қолтаңбасын қалдырды.
Содан бергі жылдарда мыңнан астам шәкірт білім алды. Мектеп ғасыр көшіне ілесіп, саладағы жаңа жүйеге сай қызмет етуде. Талапқа сәйкес мультимедиалық құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Оқушылардың заманауи үлгідегі технологияны пайдалана отырып, ғылыми ізденістер жасауына мүмкіндік жасалған. Яғни, соңғы өзгерістерге сәйкес барлық жағдай қарастырылған. Ал, өрендерге білім беру ісінде бүгінде 100-ден аса ағарту ісінің мамандары қызмет етеді. Оның ішінде 24 жоғары, І санатты – 32, ІІ дәрежелі – 28 мұғалім бар. Олар үнемі ізденіс жасап, әрбір баламен жеке қарым-қатынас құру арқылы оқуға деген ынтасын арттыруға күш салды. Сабақ барысын тартымды, қызықты етіп ұйымдастыруды көздейді. Сонымен қатар, түрлі деңгейде әдістемелік құралдар, оқулық, авторлық бағдарламалар әзірлеу арқылы өздерін жетілдіріп келеді. Саналы ұрпақ тәрбиелеуде сапалы білім беру – басты міндет санайды. Облыстық, қалалық, деңгейдегі үздік пән мұғалімдері де осы ұжымнан табылады. Мәселен, денешынықтыру пәні мұғалімі Р.Наукеев өңірдегі спорт саласына қосқан еңбегі үшін облыс әкімінің 1 млн. теңге құрайтын грантын жеңіп алды. Бұл –ұстаздарға көрсетілген қолдаудың оң нәтижесі.
Соңғы екі жылдан бері Гүлзира Мәжитқызы осы ұжымды басқарып келеді. Ол – өзінің 30 жылдық еңбек жолында ұстаздықтан басшылық қызметке дейін жеткен білікті маман. Ұйымдастырушылық қабілетіжоғары – жаңашыл көзқарастағы басшы басқару ісінің қыр-сырын ақылмен ұштастыра білетін жан.
– Қазір ғылым мен технологияның қарыштап дамыған тұсы. Күн сайын алпауыт елдер тың дүниелерді ойлап табады. Осындай дамыған мемлекеттермен иық тіресе қатар тұру үшін бізге білім мен ғылымды тереңінен игеру қажет. Жуырда ғана жарияланған Мемлекет басшысының кезекті Жолдауында адами капиталды жаңғырту мәселесінде алдымен тәрбие мен білім беруді қолға алу керектігі баса айтылды. Осы орайда біздерге артылған сенім мен жауапкершіліктің еселенгенін ұғынуымыз керек. Ұстазы білікті болмаса оқушының да сапалы білім алуы екіталай. Сол себепті, қазіргі таңда баса назар аударылып отырған үштілділік мәселесі мен жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту көзделуде. Алдағы уақытта аталмыш бағыттағы пәндердің ішінде биологияны ағылшынша оқытуды қолға алмақпыз. Жаңартылған білім жүйесі бойынша біздегі мұғалімдердің 60 пайызы біліктілігін арттырды, – дейді ол кісі.
Әрине, бәсекеге қабілетті елдер көшіне ілесу үшін баланы сауатты, саналы етіп тәрбиелеу қажет. Соған сәйкес ұстаздарға қойылар талап үлкен. Соның үдесінен шығуда оларға талмай ізденіс керек. Шәкірттерінің қызығушылығын арттыру, алға жетелеу, танымын кеңейту, онымен етене жұмыс жасау – қай кезде де мұғалімнің негізгі міндеті. Үздік атанған әрбір оқушының жетістігінде ұлағатты ұстаздың маңдай тері, жылдар бойы еткен еңбегі бар. Сол еңбектің еш кетпегені ол үшін бәрінен қымбат. Жастардың ғылымды, заманауи технологияны игеріп, функционалды сауаттылығын арттыруда ізденіс жасағаны – кемел келешектің көрінісі. Мектеп абыройын биіктен көрсетіп жүрген шәкірттер әрқашан ұжым мақтанышы. Олар қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі білім додаларында жеңімпаз атанып жүр. Әсіресе, өрендер спорт, өнер саласында алдыңғы орында келеді. Мәселен, Азия жүлдегері Ж.Бозова, халықаралық дәрежедегі спорт шебері ағайынды Абдуллаевтар, В.Хасенова, С.Исмаилова, танымал футболшылар – Қ.Шерімбетов, М.Ысқақов, А.Досманбетов, А.Өтегенов, жеңіл атлетикадан – Қ.Наурызәлиев, Ә.Сыздықова, Ш.Ибраева, қол добынан Азия ойынының чемпионы Г.Меңліқұлова, каратэ-додан қара белбеу иегері, республика жеңімпазы С.Исмаилова сынды спортшылар осы руханият ордасынан түлеп ұшқан.
Өткен оқу жылында М.Бақберген, Г.Алдабергенова сынды шәкірттері үздіктер қатарынан көрінсе, Д.Омар Мәскеудегі техникалық институттың грантын жеңіп алды. Одан өзге 16 түлек еліміздегі беделді жоғарғы оқу орындарының білім грантын иеленді. Осылайша, ұстаз еңбегі ақталып, мектеп абыройы асқақтады.
Былтыр бұл руханият ошағына Сыр саңлағы, белгілі қоғам қайраткері Көмекбай Қаракөзов есімі беріліп, ескерткіш бюсті орнатылған еді. Сол сенімнің үдесінен шығуда талмай-тынбай еңбек етуге ұстаздар қауымы қажыр-қайрат жұмсап келеді. Атына заты сай азамат қалыптастыруда білім ордасының еселі еңбегі шәкірт жетістігімен өлшенері белгілі. Оқу-ағарту ісінің мамандары бұл ретте шәкірттердің мектеп мерейін үстем етеріне бек сенімді.
Биыл 32 түлек мектеп бітіргелі отыр. Оның ішінде 3 өрен «Алтын белгіге», екеуі «Үздік аттестатқа» үміткер. Ұстаздар қауымы олардан зор үміт күтеді. Жалпы, ұлттық бірыңғай тестілеуге тыңғылықты дайындық жасайтын білім ордасының бұған дейін орташа балы – 81 пайыз. Ендігі кезекте бұдан да жоғары жетістікке жетуді көздейді. Ол үшін әрине, ұстаздар қауымы оқушылардың білім деңгейін жіті қадағалап, олардың дайындығын пысықтап отырады.
Сапалы білім беру, саналы ұрпақ тәрбиелеу үрдісін жалғап келе жатқан білім ошағы оқытудың жаңа технологиялық әдістерін қолдану арқылы жаңа белестерге бет түзеді. Ендігі кезекте білім сапасын жетілдірудің жаңа бағыты бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілмек. Уақытында оның да жемісін көретін болады.
Айдана САЙДУЛЛАҚЫЗЫ