Робот – болашақтың кереметі
Бүгінде «ақылды» ойыншық көліктер өмірімізге дендеп ене бастады. Сан салада медицинадан бастап космонавтикаға дейін адамдар роботтардың көмегіне жүгінеді. Төбеде қалықтап жүріп, мерекелік шараларды бейнеге түсіретін робот-дрондарға, күрделі механизмдерді көз ілеспес жылдамдықпен және асқан дәлдікпен құрастыратын робот-қолдарға көз үйрене бастады. Зерттеулерге сүйенсек, сарапшылар алдағы 20 жылда адам істейтін жұмыстың тең жарымын роботтар атқаруы мүмкін екен. Қысқасы, біздің заманымыз – робототехника заманы десек артық болмас. Қазіргі таңда бүкіл дүние жүзінде робототехника ғылымы кең қолданыс тапты. Яғни, ХХІ ғасыр – робототехниканың заманы. Экономикамызды ілгерілету үшін осы салаға терең ден қоюымыз қажет. Жаңғырудың үшінші белесіне жүктелген робототехника саласы Сыр елінде де қарқынды дамуда.
Өткен жылы жас кәсіпкер Серікбол Ералиев «Smart Generation» робототехника мектебін ашқан болатын. Ол қаладағы қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығында робототехника үйірмесінде жетекші болып жұмыс жасаған. Одан кейін өз ісін ашуды қолға алады. Кәсіпкер бұл мектепті ашуда 2,4 млн теңге қаржы жұмсаған. Мектепте жасы 6-ға толған балалардан бастап кез келген ниет білдіруші жастар қатысып, білім алады. Олар аптасына 4 сағат оқиды.
Бүгінгі күннің талабы аталған мектепті ашуға түрткі болған. Себебі, робототехника саласы өте қарқынды дамып келе жатыр. Сондықтан да заман сұранысынан артта қалмау керек. Осы орайда, ақпараттық техника саласының мамандарын дайындап шығару қажет. Сол үшін алға мақсат қойып, өрендерді ерте бастан дайындауды қажет деп тапқан. Мектепке керекті құрал-жабдықтар әр елден жинақталған. Мұнда жеткіншектер көптеген зерттеулер жүргізіп, өз жобаларын жүзеге асырады. Сабақ барысы балалардың жобаларды бірлесіп әзірлеуіне және ойлау еркіндігін дамытуға бағытталған. Осы салаға ден қойып, қызығушылық танытып жүрген өрендердің нәтижесін көретін күнде алыс емес.
Қазіргі таңда аймағымызда IT-технологияларды қолдану арқылы балаларды оқытуда қолжетімділікті арттыру мақсатында 13 IT-сынып жұмыс жасап отыр. Бүгінде онда 650 бала тегін оқиды. Сонымен қатар, жергілікті бюджет есебінен қалалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығында «IT-Imaqorda» балалар технопаркі ашылды. Аталған орталықта 3D-сурет салу және спорттық робототехника секциясы, lego-конструкцияларды бастапқы техникалық модельдеу және құрастыру секциясы, мүсіндеу үйірмесі, 3D-LABIMAQ зертханасы, өзін-өзі тану кабинеті, 3D-модельдеу және құмды анимация үйірмесі секілді 12 оқу бағытын қамтиды.
Сонымен қатар, роботты бағдарламалау, инновациялық технологияларды одан әрі дамытуда облыс орталығындағы №3 ІТ мектеп-лицейдің орны зор. Аталған білім ордасында бүгінде STEM жүйесі бойынша ІТ және робототехника сыныбы қолданысқа енген.
– Балаларға ІТ бағдарламаларды, робототехниканы меңгеріп кетуіне жағдай жасау да күн тәртібінен түспек емес. Сол үшін де технологиялық жаңалықтарды танып-білуге ұмтылу қажет. Қазір оқушыларға «Python Programming», «3D модельдеу және анимациялау», «Web программалау және сайт құру негіздері», «Си++ программалау тілі» бойынша арнайы курстар жұмыс жүргізуде, – дейді мектеп-лицей директоры Меруерт Әбдіхалықова.Начало формы
Болашақ тың дүниелерді меңгерген өрендердің қолында. Сондықтан да оқушылар жаңа технологияларды толыққанды меңгеріп шығады. Ал, оны меңгерген ұрпақ көштен қалмай, еліміздің көркеюіне үлес қосары сөзсіз.
Айтолқын АЙТЖАНОВА.