Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » РОБОТҚА АЙНАЛҒАН «АҚТӨС»

РОБОТҚА АЙНАЛҒАН «АҚТӨС»

  Екі құлағы елпілдеп, жонарқасы күжірейе қадымдай түсетін төрт аяқтыны алғаш көргенде адамзаттың сенімді серігіне айналған кәдімгі ит пе дерсің. Сосын мұқият көз жүгіртсең, заманауи техниканың озық мүмкіндіктері арқылы жасалған робот екенін аңғарасың. Бір қызығы, жасанды құрылғы кәдуілгі жаратылыс иесіндей әуелі алдыңғы аяқтарын, сосын соңғысын кезек-кезек басып, алға адымдай түседі. Жобаны құрастырушылар кеуде тұсы ақшыл тартқан робот итке нағыз қазақи сипатта «Ақтөс» деген атау беріпті.
Бұл – Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің магистрі Ұлжан Әбуованың жасаған дүниесі. Ол «Робототехниканы құрастырудың пәнаралық байланысы» тақырыбында диссертациялық жұмысын жазып, ғылыми тәжірибесінде аталмыш дүниені құрастырған. Төрт аяғын тең басқан робот елімізде алғаш рет құрастырылып отыр. Жоба жетекшісі, «Компьютерлік бағдарламалармен қамтамасыз ету» бөлімінің басшысы Арыстанбек Тұяқбаевтың айтуынша, робототехника саласында жасалған дүниелер көбіне сырғыма дөңгелек арқылы жылжиды екен. Ал, Ақтөстің төрт аяғы қозғалысқа арнайы сырғыма дөңгелексіз-ақ икемді етіп жасақталған. Аталмыш жобаның жаңалығы да осында жатыр. Бастысы, жасанды ит емін-еркін қозғалысқа түсе алады, алдындағы кедергіден де еш қиындықсыз өтуге мүмкіндігі жоғары. – Жобаның теориялық дайындығын 2016 жылы бастағанбыз. Іс жүзінде өткен жылы қолға алып, алты ай уақыт ішінде құрастырып шығардық. Жұмыс бірнеше кезеңді құрады. Алдымен, бағдарламалау кешенін әзірледік. Ақтөстің төрт аяғына қозғалыс мүмкіндігін арттыратын сегіз мотор орнаттық. Оны арнайы Қытайдан алдырдық. Ал, оның дене мүшелері толықтай 3Д принтерде жасалды. Қоғамда сан түрлі оқыс оқиғалар орын алғанда адам денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ондағы жағдайды реттеуге осындай жасанды интеллект туындыларын пайдалануға болады. Сондықтан Ақтөс сынды басқару құрылғыларымен жұмыс істейтін робототехникаларға болашақта сұраныс жоғары болады деп ойлаймын, – дейді Арыстанбек Тұяқбаев. Аталмыш жоба былтыр Алматыда өткен робототехника туындылары арасындағы республикалық байқауда үздік деп танылып, Жапонияға жолдама алған. Одан кейін жас ғалым Ұлжан Әбуова аталмыш саланың нағыз отаны – сол мемлекетке арнайы барып келген. Онда ол бірнеше күн бойы озық технологияның қыр-сырын тереңінен ұғына түсіп, білікті мамандармен тәжірибе алмасып қайтқан еді. Бүгінде ғалымдар Ақтөстің мүмкіндіктерін дамытып, жан-жақты жетілдіру үстінде. Қазірдің өзінде ақылды Ақтөс «Отыр!», «Жүр!», «Тұр!» бұйрықтарын бұлжытпай орындайды. Ал, болашақта жасанды робот арнайы тетіктер арқылы иісті, жарықты, температураны, тіпті адамдардың түр-келбеті мен дауысын ажырату қабілетіне де ие болмақ. Сөйтіп, ғалымдар осылайша жасанды интеллекттің игілігін көрсету арқылы елімізде әзірше кенжелеп тұрған робототехника саласының дамуын жеделдетуге үлес қоспақ.


Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
Суретті түсірген: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.
09 қаңтар 2018 ж. 2 284 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам