Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы тұрғындарды қабылдады
Халықпен өзара іс-қимыл жасасуды және полиция қызметінде ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Арыстанғани Заппаров жаңа қызметінде алғашқы қабылдау жүргізді.
Департамиент бастығы ішкі істер органдарына сенімділік деңгейін көтеру мақсатында тұрғындармен кері байланыс орнатуда. Мұндай шаралар нәтижесінде қызылордалықтар тікелей департамент бастығына өз сауалдарын жолдауға мүмкіндік алады.
Алғашқы қабылдау Құқық қорғау қызметтері орталығында өткізілді. Тұрғындар тарапынан түрлі сипаттағы сұрақтар қойылды.
Мәселен, ұлын ішкі істер органдарына тұрғызу жөнінде бірнеше мәрте жүгінген Шиелі ауданының тұрғынына ішкі істер органдарында штаттық қысқарту жүргізіліп жатқанына қарамастан ел аймақтары бойынша бос орындар жөнінде толық мағлұмат берілді. Өз кезегінде жеке қабылдауға келген жалғыз басты ана ұлының жұмысқа орналасуына мүмкіндік бар екендігіне қуанып, толғандырған мәселесін жан-жақты түсіндіріп, кеңес берген департамент басшылығына алғысын білдірді.
Жалпы, департамент бастығымен өткізілген бұл қабылдауға 10 адам жазылды. Департамент бастығы Арыстанғани Расылханұлы жеке қабылдауға келген азамттардың барлығының талап-тілектерін мұқият тыңдап, заң шеңберінде сапалы кеңестер айтты. Әр сауалды назарға алып, тиісті жұмыстар жүргізу үшін сала басшыларына тапсырмалар берді.
Ел қорғаны тәртіп сақшыларының қызметі халықтың сенімі арқылы өлшенетінін айта келіп, халық көкейіндегі мәселелерді шешуге және олардың конституциялық құқықтарының қорғалуына бағытталған Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының өткізген азаматтарды жеке қабылдауы тиісті деңгейде өткізілгендігін атап өткен жөн болар.