ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСТЫҒЫ ХАЛЫҚПЕН КЕЗДЕСТІ
2015 жылғы 30 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1142 қаулысымен бекітілген «Ішкі істер органдарының жергілікті полиция қызметі туралы ережеде» жергілікті полиция қызметі бастығының өкілеттіктері айқындалған. Аталған құжатта «жылына екі реттен сиретпей өкілді және атқарушы органдар алдында, сондай-ақ, жылына бір рет халық алдында есеп беруі қажет» делінген.
Заң талаптарын орындау бағытында 2017 жылғы 27 желтоқсанда халықпен өзара іс-қимыл жасасуды және полиция қызметіндегі ашықтықты қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында Қызылорда ОІІД Жергілікті полиция қызметінің бастығы полиция полковнигі Ибраев Бауыржан Әшімұлы Қызылорда қаласы №278 орта мектебінде қала тұрғындарына есеп берді.
Жиын барысында есепті мерзімде атқарылып жатырған жұмыстар жайы сөз болып, полиция қызметкерлерінің жұмысына қатысты айтылар сын-пікірлері мен ұсыныстары тыңдалды.
Есеп беру барысында, Бауыржан Әшімұлы Қызылорда облысы көлемінде 24 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталып, заңды шара көрілгенін атап өтті. Сонымен қатар, жалпы қылмыстық құқық бұзушылық түрлері 11,1 пайызға, оның ішінде, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру 26,5 пайызға, отбасылық-тұрмыстық қылмыстары 33,3 пайызға, пәтер ұрлығы 4,5 пайызға, мал ұрлығы 9,6 пайызға, бөтен мүлік ұрлығы 15,3 пайызға, бұзақылық 38,4 пайызға, алаяқтық 17,6 пайызға төмендегенін, сондай-ақ, қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар 15,2 пайызға, мас күйінде жасалатын қылмыстар 14,4 пайызға, пәтер ұрлығы 4,5 пайызға азайғанын атап көрсетті.