Әріптестері Шахмардан Баймановты жаңа қызметке шығарып салды
Бұған дейін Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Шахмардан Байманов басқа қызметке тағайындалды.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Ш.Баймановқа қажырлы еңбегі үшін алғысын білдіріп, қала әкімінің орынбасары лауазымында өзін білікті маман ретінде көрсете білгенін атап өтті.
«Қызмет жолында өзінің іскерлігі мен біліктілігінің арқасында жемісті еңбек етіп, аймағымыздың әлеуметтік және экономикалық әлеуетінің артуына ерекше үлес қосып ғана қоймай, саяси технологияларды және идеология саласын жетік меңгергендігін көрсете білді. Онымен қоса, облыста алғаш халықпен тығыз байланыс орнату мақсатында әлеуметтік желіде «Open Qyzylorda» жобасының жүзеге асырылуына тікелей бастамашы болып, бүгінде бұл жоба толықтай нәтижесін көрсетуде. Сонымен бірге, облыс орталығындағы қоғамдық-саяси ахуалдың жағдайы бойынша күнделікті тұрақты бақылау орната білді, өзара жылдам ақпарат алмасу және дер кезінде нақты шешім қабылдай білетін білікті басшы, әлеуеті зор кәсіби кадр ретінде бағалаймын. Сондықтан да жергілікті атқарушы органдарда жемісті еңбек еткені үшін алғысымды білдіремін және болашақта атқарар жауапты қызметтеріне табыс тілейміз», - деді аймақ басшысы.
Аймақтың дамуына қосқан үлесі үшін Ш.Байманов Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Өз кезегінде Шахмардан Асқарұлы облыс әкімі мен барша әріптестеріне қолдау көрсеткені және бірлесіп атқарған жемісті еңбегі үшін алғысын білдірді.