"Қайсар" -"Тобыл": 5-1
Футболдан премьер-лиганың 10 турының орталық ойыны Қызылордада өтті. Жергілікті "Қайсар" "Тобылды" қабылдап, 5-1 есебімен айқын жеңіске жетті.
Кездесу басталысымен Стойчо шәкірттері алғаш болып шабуылға шығып, үш ұпайды алудың жолдарын қарастырды. Ойынның 8 минутында діттеген мақсатына жетіп, бірінші болып есепті ашты. "Қайсардың" армениялық легионері Тигран Барсегян оң қапталдан айып алаңына еркін кіріп, қақпаны нысанаға алып, кездесудің алғашқы голын салды. Есеп 1-0! Жылдам гол жіберіп алған қонақтар алаңда есеңгіреп, доп алмасуда көп қателікке бой алдырды. 38 минутта Асхат Тағыбергенның бұрыштамадан асырған добына Куле Мбомбо бірінші жетіп, есепті еселеді. Ойынның бірінші бөлігі аяқталар тұста сәуір айының үздік ойыншысы атанған Асхат Тағыберген айып добын керемет орындап, есепті 3-0-ге жеткізді. Үзілісте Владимир Газзаев шәкірттерін ширатып алғандай көрінді. Кездесудің екінші бөлігі басталмастан қонақтар сәтті ойнап, есепті қысқартты. Ника Квеквескиридың тепкен добы қақпа ішінен бір-ақ шықты. Есеп 3-1! Бұл голдан кейін қауіпті шабуылдарды жанкүйерлер байқай алмады. 85 минутта Тигран Барсегян маусымдағы алғашқы дублін жасап, таблодағы көрсеткішті ұлғайтты. Ойын аяқталар тұста Стойчо бапкер алаңға Шоқан Абзаловты шығарды. Тыңнан қосылған Шоқан қарсылас қорғаушыларын біраз састырды. Төрешінің қосымша уақытында Шоқан премьер-лигадағы дебюттық голын салып, кездесудің нүктесін қойды. Қорытынды есеп 5-1!
"Қайсар" ФК баспасөз қызметі