Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ЕРКІН ЕЛДІҢ ЖАСАМПАЗ ЖАСТАРЫ

ЕРКІН ЕЛДІҢ ЖАСАМПАЗ ЖАСТАРЫ

 Сыр өңірінде облыстық жастар форумы өтті. Оған жергілікті жастармен бірге есімі елімізге белгілі бірқатар азаматтар қатысты. Форум шарасында «Сұлтан плаза» қонақ үйінде жиынның пленарлық отырысы болды. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, өңірдегі жастарды қолдау саясатының жүргізілу барысына тоқталды. Елбасы өзінің әрбір Жолдауы мен мемлекеттік бағдарламаларында жастарға ерекше басымдық беріп келеді. Өскелең ұрпақ бойында патриотизмді қалыптастыру, салауатты өмір салтын ұстануға үндеу, кәсіпкерлікке бейімдеу, шығармашылығы мен біліктілігін арттыру сынды жан-жақты дамытуға зор мүмкіндіктер жасалуда. Осы мақсат аясында облыста өтетін жастар форумы жыл сайынғы дәстүрлі шараға айналды. – Сыр елі – Алаштың анасы, сондықтан, рухани жаңғыру мәселесінде біздің өңір ньюсмейкер болуы керек. Бұл орайда барлық жаңалықтар, ұлтымыздың мүддесі мен рухани жетілуіне, ұйысуына, рухани құндылықтарды дәріптеуге қатысты бастамалар бізден бастау алуы тиіс. Кезінде Қызылорда астана болған уақыттағы ҚазЦИК ғимаратының сызбасы мұрағаттан табылып, қазір сол жағалаудағы музей құрылысы осы жобамен салынып жатыр. Бұл ғимаратқа Рухани жаңғыру орталығы да орналаспақ. Сондай-ақ, жастар ресурстық орталығы да бой көтермек. Қазіргі жастар орталығы маргинал буындарды қоғамға бейімдеуге, оның жан-жақты қызығушылығын арттыруға жұмыс жасаса, ал сол жағалаудан ашылатын орталық бұл саладағы тек даму жоспарларымен айналысады, – деді облыс әкімі. Одан әрі аймақ басшысы бұл салада атқарылып жатқан жұмыстар мен жарқын жетістіктерді саралады. Қазіргі таңда 642 бала облыс әкімінің грантымен, 452 бала Ресей жоғары оқу орындарында білімін жетілдіруге мүмкіндік алған. Ал, алдағы жылдан бастап Мәскеу мемлекеттік университеті тарапынан физика-математика мамандықтарына 20 грант бөлінеді. Сонымен бірге, 2018 жылы Ресей жоғары оқу орындарын бітіруші түлектердің барлығын жұмысқа орналастыру мәселесі толығымен шешімін тапқан.– Өңірде жастар саясатын дамытуға бағытталған «Жол картасы» мен кешенді жоспарлар қабылданып, 60-тан астам әлеуметтік жобалар іске асырылуда. Аталмыш бағытты қаржыландыруда біз республика аймақтарының көшін бастап тұрмыз. Ал, биылғы мектеп бітірген түлектердің 97 пайызы жоғары және орта оқу орындарының студенті атанды. Біз үшін 97 пайыз – білім саласының жетістігі, балаларымыздың жарқын болашағы ғана емес, олардың маргинал жастар қатарын толықтырмайтынына, өмірде өз орнын табатынына деген сенімділік. «Серпін» бағдарламасы бойынша 4000-нан аса жас білім алуда. Бұл бағдарламаға да біздің қызылордалық жастар өте жоғары белсенділік танытуда, – деді облыс әкімі.Облыстың 26,7 пайызын жастар құрайды. Аймақта «Дипломмен ауылға», «Нәтижелі жұмыспен қамту», «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту», «Жасыл ел» бағдарламалары сәтті жүзеге асуда. Биылғы жылдың өзінде өңірдің 8000-ға жуық өрен аталмыш бағдарламалардың игілігі мен мол мүмкіндігіне қол жеткізіп отыр. Облыстың барлық аймақтарында жастар саясаты жөніндегі кеңестер жүйелі жұмыс жасап келеді. Кеңес отырыстары көшпелі негізде шалғай елді мекендерде де өткізу дәстүрге айналған. Бір айта кетерлігі, республикадағы бұл тәжірибе осы Сыр өңірінен бастау алған. Өңірде барлығы 9 жастар ресурстық орталығы жұмыс жасаса, онда 100-ге тарта белсенді жас қызмет етеді. Биыл орталық жанынан жастар ұйымдарын дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылған. Ағымдағы жылы қаладағы ресурстық орталық жобалық басқару жүйесіне көшкен. Орталық қызметкерлерінің біліктілігін арттыру да тұрақты іске асырылуда. Күрделі жөндеуден өткен нысанда жастардың уақытын тиімді өткізуге арналған коворкинг-орталық, психологиялық-кеңес беру кабинеттері, спорттық әрі мәдени клубтар жұмыс жасайды. Сонымен қатар, ағылшын тілі, компьютер және құқықтық сауаттылық, бейнетаспагер курстары бар. Бүгінде мұнда 300-ден астам жас қосымша даярлық курсын бітірген. Бұл туралы облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Еркебұлан Меңлібаев жыл бойы атқарылған жұмыстар туралы баяндамасында әңгіме өзегіне арқау етті. Сонымен қатар, форум қонағы, белгілі саясаттанушы Айдос Сарым ел мүддесіне бағытталған мақсат-міндеттерді жүзеге асыру аясындағы бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Ал, «Инновациялық технологиялар паркі» автономды-кластерлік қорының басқарушысы Әлжан Бірәлиев, «АТОМ-media» компаниясының атқарушы директоры Нұрбек Матжани аталмыш тақырып жөнінде ой-көзқарастарын білдірді. Форум жұмысы түстен кейін секциялық отырыстарға ұласты. Ауқымды шараны Н. Бекежанов атындағы облыстық драма театрында өткен облыс әкімінің кубогіне арналған «Жайдарман» ойыны қорытындылады. Оған республикаға танымал жайдарманшылар қатысып, Сыр жұртшылығына үздік әзілдерін ұсынды.
Облыстық жастар форумы аясында «Бизнес» бастау орталығында «Qyzylorda: Білім. Болашақ. Жаңғыру» атты арнайы шара өткізілді. Форумда жастар көшбасшылары және еліміздің өзге өңірлерінің белсенділері қатысты.
Жиынға облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Еркебұлан Меңлібаев, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских, саясаттанушы Айдос Сарым және «Қазақстан КВН одағының» президенті Есен Елеукен, аймақ жастары қатысты.
Форум «XXI ғасырдың жаңа шақыртулары» және «Рухани жаңғыру» атты екі секциядан тұрды. «Рухани Жаңғыру» секциясында форумға қатысушылар Елбасы мақаласы аясында пікір білдірді.
Белгілі саясаттанушы Айдос Сарымның айтуынша, ең басты мәселе – ұлттық бірлікті сақтау. Бұл – сөзсіз саяси, өркениеттік таңба. Әріп кішкентай ғана нәрсе сияқты. Бірақ көшедегі жазбалар, кітап атауы латынша болса, балабақшаға барған, мектеп бітірген ұрпақ ұлттық рухта тәрбиеленеді. Бұл – мақсат.
– «Кезінде жазған бірталай мақалаларым бар еді. Бәлкім, латын қарпіне кейінірек көшсек болар еді…» деп жүре берсек, онда бұл мәселе сөзсіз кешеуілдей береді. Латын қарпіне өтіп жатқан жоқпыз, оралып жатырмыз. Шындап келер болсақ, бүгінгі таңдаудың жөні де, реті де бөлек. Яғни, басты мәселе – тарихи контекстіге қатысты болмақ. Керісінше, бүгінгі латынға көшу арқылы көп пайда көреміз. Латын қарпіне өту жаңа заманға, жаңа дәулетке деген ұмтылыс. Сол серпіліс арқылы зор мүмкіндіктерге жол ашылады, – деді.
ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских «Бәріңізге де мәлім, Елбасы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында еліміздің рухани дүниелерін, салт-дәстүрімізді жаңғыртатындай үлкен бағыттар берді. Соның бірі және ең үлкені – латын әліпбиіне көшу. Мен өзім де екі тілді еркін меңгергем, ағылшын тілін де білемін. Бірақ, Қазақстан елінің әрбір азаматы қазақ тілін білуге міндетті. Дегенмен, Ата Заңымыз бойынша екі тілді де қолдануға құқылы. Бірақ, біздің арамызда өзінің ана тілінде сөйлей алмайтын адамдар бар. Ал, дәл осы латын әліпбиінің қолданысқа енуі – қазақ азаматтарына ана тілін үйренуге үлкен мүмкіндік жасайды, – деді
Ал, форумның екінші секциясына «GRAND MASTER» бағдарламалау мектебінің директоры Алмат Қуанышбаев, «Инновациялық технологиялар паркі» автономдық кластерлік қорының басқарушы директоры Әлжан Бралиев және «Aтом-media» компаниясының директоры Нұрбек Матжани қатысты. Олар «XXI ғасырдың жаңа шақыртулары» тақырыбы аясында сөз сөйлеп, пікір алмасты.
Қатысушылар дамып келе жатқан компаниялармен ынтымақтастық байланысты қалай жасау керектігі жайлы, цифрлық бизнес-жобалары біздің облыста қаншалықты маңызды екенің және IT-технологиялармен жұмыс істеу үшін қай бағытты таңдауға мүдделі екені турасында сұрақтар қойып жауап алды. Одан кейін қонақтар облыстық Жастар ресурстық орталығына барып, тыныс-тіршілігімен танысты.


Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА,
Жарасхан ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ.

21 қараша 2017 ж. 1 488 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам