Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Қызғалдақтар қиырда құлпырады, Кең даланы жұпарға толтырады...

Қызғалдақтар қиырда құлпырады, Кең даланы жұпарға толтырады...

Қойнауы құтқа толы қарт Қаратау қазақ тарихының небір дәуіріне куә ғой, шіркін. Қаратаудың соңғы сілемдері мен қатпар-қатпар тастарының қасиетті Сыр топырағына келіп тоқтауының өзі бекер емес шығар. Естуімше, тасты түйреген құлжаның өзі осы жаққа құмар көрінеді. Шөбі шүйгін болды ма екен? Әлде топырағының тектілігін білді ме? Әйтеуір түз тағысының тау-тасты мекендеп, тағаты таусылғанша Қаратаудың бөктеріне аяңдап, тыныс алуы тегін емес.  Жә, менің айтпағым бұл емес. Табиғат тылсымында әлі адамзатқа ашылмаған тылсым құпия көп қой. Әсіресе, тау етегін жапқан қырмызы қызғалдақты көргенде жүрегімнің жан сарайы ашылғандай болады. Өйткені, қызғалдақ Қаратаудың төл перзенті іспеттес. Оларды бір-бірінен бөліп қарасаң, айдынынан айырылған аққудай адасып қалары анық. Ендеше, көктем шыға көздің жауын алып, қыр мен сайға сән беретін қызғалдақ гүлі көңіліме ерекше нұр сыйлайды. Өңірімізге белгілі журналист, ақын Қаныбек Әбдуовтың Қаратау қызғалдағын қара сөзбен суреттеген өлең шумақтары есіме түсіп отыр.   
        

Көңілдің бір қалауы
Сезімнің ізгі арманы.
Бір үміт бүр жарады
Қаратау қызғалдағы.
Нәзік гүл әлеміне
Жыл сайын елеңдеймін.
Құмармыз әдеміге
Көктемде келем деймін.
Иә, әсіресе көктем күшіне еніп, күн шуағы молынан төккен наурыз, мамыр айында қазақ даласы қызыл-жасыл кілемдей түрленіп, ерекше күйге бөленеді дерсің. Олай болса, демде дүркіреп шығып, кең даламызға алуан түрлі көрік беретін, табиғаттың осынау құдіретіне таң қалмасқа шараң жоқ.  Көзге де, көңілге де жылу беретін дала кілемін көргенде құдды ізетпен сәлемдесіп тұрғандай көрінеді. Алуан түсті нәзік күлтелері самал желмен діріл қағып, құлпырған қызғалдақ туралы аңыз да, дерек те көп. Ол туралы айтылмаған жыр да жоқ. Десе де гүлге деген құмарлық пен тамсанудан туған аңыз-әңгімелер туралы басқа ешбір гүл онымен теңесе алмайтыны сөзсіз. Бұл гүлдің тарихи тамыры тым әріде жатыр.
Гүл патшасының құдіреті мен киесі
Аңызға сүйенсек, бағзы заманда сонау Голландия елінен қазақ даласына сапарлап, бір жиһанкез келіпті. Ол ұлан-байтақ жеріміздің кеңдігіне көз салып, тұмса табиғатына тамсанып келе жатқан жерінен қызылды-жасылды қызғалдақтарға кез болған. Көрген көздің жауын аларлық бұл сұлулыққа ерекше тамсанған шетелдік саяхатшы жанындағы жергілікті адамға қызғалдақты өзіне сатуын сұрапты. Оған жанындағы жол көрсетер серігі қонақтың меселін қайтармай, қолына бір түп қызғалдақ пен сарғалдақты ұстатқан екен. Содан бері қызғалдақ – Голландия мен Нидерланды елдеріне кеңінен таралып, өсіруді қолға алған. Бұл мемлекеттердің бүкіл дүниежүзіне мәдени қызғалдақ сұрыптарын экспорттаумен даңқы шықты. Сауда-саттық дамыған тұста, Ұлы Жібек жолы арқылы саудагерлер Орта Азия мен қазақ жерінен қызғалдақтың тұқымдарын алдымен Түркияға жеткізген. Одан кейін Германия, Ұлыбритания, Голландия елдеріне таралып кеткен деседі. Бүгінде голландық сұрыптаушылар қызғалдақтың жүздеген түрін шығарып, бүкіл әлемде гүл саудасын дамытты. Сондықтан, бұл елдердегі қызғалдақтың мәдени сұрыптарының негізі отаны – Қазақстан жерінде өсетін далалық түрі болып табылады.
Қазақ халқы үшін қыз баласының орны тым бөлек. Оның жаны гүл секілді нәзік әрі сұлу. Гүлдің осы бір көрінісін қазақ қызына қалай теңемейсің?! Олай болса, халқымыздың көктемнің ерке гүліндей ару қыздарын қызғалдаққа балауы бекер емес. Қызғалдақтың нәзік гүлдері қаншалықты тез солса, қыз-ғұмыр да сондай қысқа. Қызғалдақ гүлінің бүр жарып, оның қайта солуы демде орын алады. Сол себепті, халық ауыз әдебиетінің жанры аңыз-әңгімелерде қызғалдақ пен қыз ғұмырын бірге сипаттайды.
...Шілденің шіңгірлеген ыстығында күншығыстан қарасаң, күнбатыс жақта Келіншектау ағып жатқан асау алтын өзен сияқты. Күннің аптабы қайтып, кешкі салқын түсе ел-жұрт тегіс есік алдына шығып, таза ауамен тыныстайды. Сонда болған ертедегі аңыз еске түседі. Айнала түгел көркем, шаруалар тегіс гүл егеді. Таңмен ерте тұрып, ел қызықпен күн кешеді. Бірде бір шаруаның қызы өз сүйгенін тауып, тұрмыс құруға бел буады. Оған әкесінің қызына беретін мал-мүлкі болмай, қатты қынжылады. Сонда қызының қолына бар байлығы өз қолымен еккен дала сәні бір түп қызғалдақ гүлін ұстатады. Әкесі сол гүлмен перзентіне деген бар махаббатын, ықылас-ниетін қоса береді. Өз әкесінің жанын түсінген ару қыз гүлді шын көңілімен қабыл алып, барған жеріне аман-есен бірге жетеді. Біз бұдан қыз бен гүл жанының егіз екенін аңғарамыз. Екеуіне тән ортақ ұқсастықтар көп. Ол нәзіктік пен сұлулық. Ал, кейбір аңызда байлығы мен дәулетін қызғанған әке қолынан қаза тапқан бейкүнә қыздан қалған дақ деседі. Қалай десек те, болған оқиға желісін қиялмен байланыстыру халық ауыз әдебиетінің ұтқырлығы болса керек...
Сайын даланың сәні
Егеменді ел болып, еркіндік алғанына ширек ғасырдан астам уақыт өткен Қазақ елі бүгінгі таңда өзінің түпкі тарихына тереңдеп бойлай бастады. Тарих – ел тағдыры деп қарайтын болсақ, келешек ұрпағының бақыты үшін күрескен ата-бабамызды танып, туған өлкеміздің қасиетін түсініп, сан ғасырлық шежіреге толы мәдени мұрамызбен қатар  атамекенді аялап өту – ұрпақ парызы. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалалары ұлттық сананы жаңғыртып, оны қайта қалыптастыруда маңызды қадам болып табылады. Онда еліміздің құнды жәдігерлеріне қатысты айтылған әрбір дәйектер мен деректер төл тарихымызды бағамдауға үлкен сеп болмақ. Әрі қазақ ұлтының бары мен бағын саралай білген маңызды құжат.
Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» тарауында «Қазақстан – Алма мен Қызғалдақтың Отаны» деп қызғалдақтың шығу тарихын тілге тиек етеді. Онда «Асқақ Алатаудың баурайы алма мен қызғалдақтың «тарихи отаны» екені ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Қарапайым, бірақ бүкіл әлем үшін өзіндік мән-маңызы зор бұл өсімдіктер осы жерде бүр жарып, жер жүзіне таралған», – делінген.
 Тіршіліктің жаршысы
Иә, қызғалдақ біздің жерімізде Тянь-Шань тауларының етегі мен шөлейт даланың түйісер тұсында пайда болған. Көз тартарлық алуан гүлдің түрлері Қазақстанның барлық аймағында өседі. Тау беткейі мен орман белдеуінде тіптен көп. Дегенмен, соның ішінде еліміздің Оңтүстік бөлігінде кең таралған. Қызғалдақ гүлі қазақ халқының түсінігінде – көктемнің, жаңа өмірдің, көрікті тіршіліктің жаршысы болып есептеледі.
Жер шарының түкпір-түкпірінде өсетін үлбіреген нәзік гүлге сүйсіне қарағанмен, оның шығу тарихына, табиғатына, өзге де қасиеттеріне жете мән бермейміз. Қызғалдақ гүлі жайында Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің биология ғылымдарының кандидаты, доцент Айнұр Байкенжеева:
 – Лалагүлдер тұқымдасына жататын көпжылдық шөптесін пиязшықты өсімдіктің даламызда 34 түрі бар. Қызғалдақтың өте сирек кездесетін Альберт, Борщов, Грейг, Кауфман, Шренк секілді түрлері қорғауға алынып, Қызыл кітапқа енгізілген. Ал, бүкіл жер шарында гүлдің 3 мыңнан астам түрі анықталған. Олардың бәрі түптеп келгенде елімізде өсетін дала қызғалдағының сұрыптары болып табылады. Қызғалдақтың тамырлары отырғызғаннан кейін он-он бес күнде шығады. Тау етегінде, сазды және қиыршықты тасты жерлерде басымырақ. Ал, көп шоғырланған ортасы Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Талдықорған облысы болып табылады, – деді.
Биолог маманының айтуынша, елімізде қызғалдақ гүлін коммерциялық мақсатта қолдану кемшін түсіп тұр. Бұл мақсатта Түркістан, Алматы, Жамбыл облыстарында өсіріледі. Бірақ, кең көлемде таралмаған. Әзірге біздің елде тек көгалдандыру мақсатында ғана қолдануда. Сол себепті, елде қызғалдақты өсіру технологиясымен айналысатын ғылыми орталық құру керек екенін алға тартады. Әрі жас мамандарды бұл іске қатысты біліктілігін арттырып, жағдай жасалса, гүл өсіретін кәсіпкерлердің санын көбейтуге болатынын айтады.
Бір көңіл қуантарлығы, соңғы уақытта жыл сайын елімізде «Қызғалдақтар» фестивалін ұйымдастыру қолға алынып келеді. Бұл керемет көрініс көктем мезгілімен тұспа-тұс келеді. Бұл жастарды өз өлкесінің тарихы мен мәдениетін тануға, табиғатына деген махаббатын арттыруға сеп болмақ. Әсем қаланы түрлі-түсті әлемге ендіретін гүл жауһарларын тамашалауға тек елімізден ғана емес, шет елден ағылып келетін туристердің де қызығушылығы біршама артқан.
Қазақ халқы әрдайым дала сұлулығына көз суарып өмір сүрді. Себебі қазақ даласын гүлсіз елестету мүмкін емес еді. Хош иісі кеңсірігіңді жаратын дала гүлдері қазақ қайда көшсе де айналасын қоршап тұрды. Гүлдің адам өмірімен тығыз байланысты екені айтпаса да түсінікті. Табиғат пен адамды бөліп жаруға болмайды. Екеуі егіз жаратылыс. Олар өзара үйлесімде өмір сүргенде ғана жер бетінде жақсылық орнайды. Бұл қаншама ғасыр өтсе де, бүтін Еуропаны таңдай қақтырып, сүйсіндірген, көктемнің хабаршысындай болған қызғалдақ гүлінің тарихи отаны Қазақстан екенінің айқын дәлелдейді.
Айнұр ТӨРЕМҰРАТОВА.
 
18 маусым 2019 ж. 3 134 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 447 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам