КЕМПІРҚОСАҚ
Неше түрлі бояумен төңкерілген кемпірқосақтың доға сызық бойымен көкжиекке барып тірелген сол бір сәтін бала күнімізде ерекше қызықтаушы едік. Аспанды қазбауыр бұлт торлай бастағаннан ақ жауынның нөсерлете құйып өтуін тілеп, артынша кемпірқосақтың шығуын асыға күтетінбіз. Әсіресе, жазғытұрым күндері жаңбыр селдете төгіп-төгіп өткенде түрлі-түсті бояулар төбеде лезде-ақ пайда болып, зеңгір көктің ажарын еселендіріп жібергендей әсер береді. Жаратылыстың қолмен салғандай мінсіз сұлулығына тәнті болып, табиғат-Ананың шеберлігіне таңдай қағатынбыз. Ал, әлгі атаудың шығу төркіні жайлы бала күнімде естіген мына бір аңыз-әңгіме әлі күнге дейін есімде. Кемпірқосақ – кемпірдің қосағы. Қазақта ұзын арқанмен мойындарынан айқастыра байлаған қой, ешкілер тобын қосақ деп атайды. Ал, кемпірқосақ деген сол ауқатты кемпірдің қосағындағы түрлі түсті қойлар екен. Әлгі қария қойларын үнемі жауыннан кейін суаратын көрінеді. Әуеде кемпірқосақ шыққаннан соң, жаңбырдың лезде басыла қоятыны сондықтан болса керек. Ол кездері бұл әңгіменің қаншалықты шындыққа жанасатынын бағамдай білмесек те, қызықты аңызға имандай сенетінбіз. Сосын аспанда әлгі құбылыс пайда болған сәтте құдды бір қой иірген әже кенеттен шыға келетіндей телміре қараушы едік. Ал, ол болса, санаулы минуттардан кейін көбесінен сөгілгендей көз тартар бояулар ақырын-ақырын ақ бұлтқа сіңіп, көзден ғайып болушы еді. Ең қызығы, үлкен әжелеріміздің жағалай тізіле отырып, жүн түтетіні, бұрқыратып оны са¬баумен сабалайтыны, сосын әлгі жүн-жұрқаны түрлі-түсті бояуларға шылап жібергенде кәдімгі кемпірқосақты қолмен ұстағандай күй кешетінбіз. Біздің өлке құмайтты жерде орналасқандықтан ба, әйтеуір, шөлді аймақтың аспаны жаңбырға келгенде сараңдық таныта беруші еді. Сондықтан болса керек, бұл табиғат құбылысын көргенде «алақайлап» жүгіріп, ерекше қуанатынбыз. Сол зеңгір көктің көркем құбылысын қазір де аңсап жүрмін. Аспан жиі нұрын төксе де, әзірше қойын жайған әжемен жүздесу мүмкін болмай тұр. Себебі, қылышын сүйретіп келген қыстың да аспаны долы әйелдің мінезіндей бірде ашық, бірде қатулы. Оның үстіне сықырлаған мына сарышұнақ аязда кемпірқосақтың көкжиектен оқ бойы көтерілмесі айдан анық. Ал, көктем шыға жаңбыр төгіліп, әлем жаймашуақ нұрға шомылған сәтте аспан да қайтадан ерекше күйге бөленеді. Ол жауыннан кейін жүз құбылып, қызыл-көк, сары-жасыл бояу¬лар көздің жауын алады. Бейне бір нәзіктік пен көркемдік атаулысын паш етіп тұрғандай. Ал, ғылымда кемпірқосақ физикалық құбылыстар мен түзілістер шеңберінде түсіндіріледі. Мамандардың айтуынша, күн сәулесінің құрамында табиғаттағы түстердің барлық түрі кездеседі екен. Жарық сәулесі шыны немесе мөлдір қабаттан өткенде сары, жасыл, қызыл, қызғылт сары, көк, көгілдір түстерге ыдырайды. Яғни, кемпірқосақ тәрізді түске айналады. Ал, олардан таралған сәуле шоғыры түрлі-түсті жолақтарға жіктеледі екен. Осылайша, қарапайым ғана физикалық үдерістер керемет табиғат құбылысының түзілуіне ықпал ететін көрінеді. Табиғат-Ананың шеберлігі де осында жатса керек.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.