Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Тұғыры биік Тұрмағамбет оркестрі

Тұғыры биік Тұрмағамбет оркестрі

   Сыр бойы – қашанда өнер мен шығармашылық ортаға бай өлке. Ұлан-ғайыр даланың әрбір тау-тасы мен сай-саласы ән салып тұрғандай. Ұлы даланың дүбірі домбыраның күмбіріне сыйған секілді. Қазақтың ежелден етене болып келе жатқан көне музыкалық аспаптары бір сәтте қосыла үн шығарғанда көз алдыңа кең даланың шексіз бейнесі тұра қалғандай көрінеді. Сол сәтте тұла бойың шымырлап, кеудеңдегі сезім оты маздай түседі. Сыр өңірінің абыройын биіктетіп, айбынын асырып жүрген Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі бүгінде ел арасында зор қошеметке бөленіп үлгерді. Өнер ұжымының ұлттық нақышта қазақтың өткені мен бүгінін айшықтай түседі. Әрбір аспаптың табиғи үнін түсінген жанға оның шығармашылық амплитудасы өте кең. Тек оны құлағыңмен естіп қана қоймай, жүрегіңмен тыңдай білуің тиіс.
Оркестр ұлттық мұраны насихаттау мақсатында облыстық филармония жанынан 2007 жылы құрылды. Сыр сүлейі атанған атақты шайыр Тұрмағамбет Ізтілеуұлының 125 жылдық мерейтойы қарсаңында тұсауын кескен ұжымға сол кісінің аты берілді. Содан бері олар рухани құндылығымызды дәріптеу, ұлттық өнерді одан әрі өрістету жолында шығармашылық жұмыс жасап келеді. Оркестрдің негізгі құрамын Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжін бітірген кәсіби білікті мамандар мен өнер саласының майталмандары құрайды.
 – Бүгінгі таңда оркестр құрамында халық аспабының құлағында ойнайтын 50-ден аса талантты өнер иелері қызмет етеді. Репертуарымызда халық және Қазақстан композиторларының туындылары, классикалық және Батыс Еуропадағы тұлғалардың шығармалары жинақталған. Барлығы 1000-ға жуық ән-күй бар. Соның ішінде күй алыбы – Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Қазанғап, Динаның шығармалары бар. Сондай-ақ, жергілікті күйші-сазгерлер Исламбек Ысқақов, Мұрат Сыдықов, Төлепберген Тоқжановтың туындылары енгізілген. Біз талай мәрте шет елде болдық. Үлкен сахнада өнер көрсеттік. Оркестр құрамы халық әндерін ұлттық нақышта өрнектейді. Оны түрлі аспаптармен әспеттей түседі. Осылайша тыңдарман жүрегіне жеткізеді. Мәселен, кез келген бір туындыны домбыра, бас домбыра, қобыз, қылқобыз, басқобыз контрабасқобыз, жетіген, сырнай, сазсырнай, сыбызғы, шаңқобыз, үрмелі аспаптардың түр-түрімен түрлендіріп шарықтау шегіне жеткізуге болады. Мұның барлығы Ахмет Жұбанов, Нұрғиса Тілендиев, Алдаберген Мырзабеков сынды елге белгілі композиторлардың әнді өңдеу шеберлігінің құдіреті деп білеміз, – деді Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің директоры, Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрінің бас дирижері Кеулімжай Ботабаев.
Оркестр құрамында дирижердің еңбегі ерек. Оның сахнадағы айрықша екпіні мен шалқар шабытын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Ол өзінің қимыл-қозғалысын да күйге бағындырғандай. Шалқып-тасып арнасынан асқан әуен,  қолына сиқырлы таяқша ұстаған дирижер, ғажайып бір ертегі әлемі  көз алдыңда тұрғандай. Әрбір музыкалық шығарма орындалған кезде дирижер ерекше салмақ түскен оркестр мүшесін орнынан тұрғызып, халық қошеметіне бөленуіне жол ашады. Иә, өлмес туындылар тыңдарман жүрегін елжіретпей қоймасы анық. Жүйткіген жылдардың белесі мен зымыраған уақыт бүгінге жеткен қазақтың күй өнерінің ерекше тылсым құдіретін танытты.  
 – Қазақтың халық әндерінде терең мағына бар. Сондықтан болар, құлақ құрышы қанғанша тыңдап, ерекше әсер алуға болады. Тұлпарлар тұяғының дүбірі мен сайын далада ескен жел ызыңы, байтақ қазақ жерінің кеңдігін осылайша ұлттық музыкалық аспаптар арқылы айшықтауға болады.  Жон арқаңызды шымырлатып керемет әсерге бөлеген күй аяқталғанда көрерменнің ыстық қошеметі аяқ астынан кеудемізге қанат бітіреді, – дейді бас дирижер.
Аталмыш өнер ұжымы әр жылдары алыс-жақын шет елдерде қазақ өнерінің зор мүмкіндігін көрсетті. Өткен жылы Түркияда ән мен күйден шашу шашты. Өзге елдің өнер сүйер қауымы біздің ұлттық аспаптардың әуезді үнін естіген кезде ерекше таңданыспен тыңдайды. Олардың ішінде қазақтың музыкалық бас аспабы – домбыраның орны ерекше. Күмбірлеген домбыраның өкініш пен мұңды, қуаныш пен сағынышты баяндайтын ерекше үні бар. Әсерлі әуезді тыңдарман құлағына жеткізе білу – өнер иелері үшін үлкен бақыт.
Өңіріміздің дарынды өнерпаздары әркез жергілікті халықтың көңілін баурап, жан сарайын жадыратып жүр. Сол себепті, ұлттық музыканы ұлықтауда Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрінің орны бөлек.   
Айнұр ТӨРЕМҰРАТОВА
02 шілде 2019 ж. 1 082 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 443 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам