Сәлем – сөздің анасы

Алайда, бүгінгі жастар, жастар дейміз-ау жасы кемелдену шағына жеткен үлкендеріміздің өзі сәлемдесуге келгенде селқостық танытады. Қарсы алдыңда тұрған жанға ізеттілік танытып, саулық сұрасаң кейбіреу оны байқамағансып өтіп кетеді. Сондай сәтте адамдардың бұл қылығына қынжылып, іштей ренжіп қалатының рас. Бірақ оған бола сәлемдесуден суып қалудың реті жоқ. Өйткені, пайғамбарымыз «Сәлем – Алла Тағаланың көркем есімдерінің бірі. Сәлем беруші, сәлем алушының есіне сәлемді салғаны үшін бір дәреже артық сауапқа ие болады. Байқаусызда біреу сәлеміңді алмаса, әрбір сенің сәлеміңді одан гөрі жақсырақ, абзалырақ періштелер алады» деген. Себебі, мұсылманның мұсылманмен сәлемдесуі міндет. Әрі ұлы пайғамбарымыздан қалған сүннет деседі. Сондықтан, әрдайым ең бірінші болып амандасуға тырысыңыз. Одан жаман болып қалмайсыз. «Кішіпейіл болғаннан кішірейіп кетпейсің, өркөкірек болғаннан ұлылыққа жетпейсің» деген келелі сөз осыған орай айтылса керек.
Көңілі дархан даладай кеңпейіл қазағым қашанда сәлемдесуді алдыңғы кезекке қойған. Бұрынғы үлкен ақсақалдарымыз «Ассалаумағалейкум» деп ауыз толтырып қол алысып, құшағын кең ашып, төс қағыстырып ата дәстүрді сақтаған. «Әдептен құр қалмассың, үлкенге сәлем бергенің» деп Ақтан ақын айтқандай, сәлем беруді мәні терең әдептілікке балаған. Амандасқанда алыс-жақынды түгел түгендеп шұрқыраса амандасқан. Берген сәлеміне қарап-ақ адамның қандай адам екенін таныған.
Халқымызда «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал сәлем береді» дейді. Бұл – жол азабын тартып, жыраққа кеткен жандардың амандығын сұрап, хал-жағдай білу дәстүрі. «Сәлем берген саулық береді» демекші, бұл – әр қазаққа тән қасиет. Сонда қазақ салтының қадір-қасиетін бағалай білген ата-бабамыз сәлемдесудің жас талғамайтынын білдірсе керек. Ал, қазір алыстан алты жасар бала түгілі, алпыстағы шал келсе де, кейбір үйдің балалары орнынан қозғалмайды. Бұл уақыт өте келе тәрбиенің төмендегенін байқатады.
Қазіргі қоғамда сәлемдесуге қатысты кеткен қателіктерді көзіміз көріп жүр. Бұрын бабамыз қол алысып, төс қағыстыра арқа-жарқа боп амандасатын. Қазіргінің жастары бір-бірінің бетінен сүйіп жүр. Аялдамада тұрсаңыз да, мемлекеттік мекеменің ішінде жүрсеңіз де, сол көрініс. Кісі аяғы көп жерде осылай сүйіскендерін көргенде олар емес өзің қысылып-қымтырылып қаласың.
Қазақтың біртуар батыр ұлы Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты» атты күнделік кітабында осы сәлемдесудің маңыздылығы жан-жақты сөз етіледі. «Сәлемдесе білесіз бе?» деп басталатын алғашқы тарау жолдары сені кәдімгідей ойландырып тастауы мүмкін. Қаннен-қаперсіз бейқам отырған келініне атасының дәл осылай сұрақ қоюы төбесінен жай түскендей әсер қалдырды. Шынымен де сәлемдесудің түп-төркініне жете мән бере бермейтініміз анық. Тіпті, телефон арқылы екі кісі сөйлескен кезде де алдымен ізеттілік танытып, амандасып алуды жөн көрмейміз. «Адамына қарай сәлемі» демекші, мұндай сәтте оның сөйлеген сөзіне қарап, жүзін көрмесең де қандай екеніне баға беруге болады.
Сәлемдесу әдебі – санамызға бабалар аманатымен жалғасқан саналы тәрбиенің бастау бұлағы. Қойнауында сан ғасырлық тарихы бар ата дәстүрден аттап кеткеніміз қазақы қалпымызға кір келтіреді. Сондықтан, жаратқаннан алдымен өзінің емес, өзгенің амандығын тілеп отыратын қаймана қазақтың ұрпағы деген атқа лайық болғаныз ләзім.
Айнұр ТӨРЕМҰРАТОВА