Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ҰРПАҚ ҰЛЫҚТЫ БОЛСЫН ДЕСЕК...

ҰРПАҚ ҰЛЫҚТЫ БОЛСЫН ДЕСЕК...

    Адам өміріндегі ең қуанышты сәт нәресте сүю. Оны тәрбиелеп, өсіру, ел қатарына қосу, сол ата-ананың парызы. Сондықтан бала тәрбиесі әрқашан басты назарда ұсталған. Халқымыз осыған байланысты «Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» - дейді. Шынымен бабаларымыз бала тәрбиесіне ертеден-ақ мән бергені баршаға аян. Бесікке салу, оған ертегі оқып беру, қазақылықты бойына сіңіру, осының барлығы баланың жақсы азамат болып өсуіне үлкен әсер етеді. Пайғамбарымыз Мұхаммед ғ.с: «Баланы туған кезден тәрбиелеу керек» деген екен. Психолог маманның сөзінше, бала тәрбиесін назардан тыс қалдырмай, оның жүрген ортасын зерттеп, бағамдап қою керектігін еске салады. Бұл баланың өмірден өз орнын табуға қажет екендігін білдіретінін айтады.
Альфира Нұрхожаева, психолог:
–Бала тәрбиесіне ең бірінші әсер ететін фактор ол – орта. Ұл мен қыз сол ортаға қарап өседі. Сондықтан баланың жүріп-тұратын ортасына, отбасы тәрбиесіне айтарлықтай көңіл бөлген жөн. Сол үшін үйдегі тәрбие мен қоғамдық ортадағы мәдениетті байланыстыра отырып тәлім берген дұрыс. Ал, жанұядағы өзара қарым-қатынастың дұрыс болуы, әке мен шеше рөлі айтпаса да белгілі. Шынымен-ақ, адам өмірінде кішкентай кезінде алған тағылым мен үлгі-өнегенің орны орасан зор. Тәрбиенің түп-тамыры да осында. Қазақта «Балаңа бес жасқа дейін патшаңдай қара» деген керемет тәмсіл бар.  Демек, балаға тәрбиені туғаннан бастап бер дегенді меңзейді. Айтқанын қылып, алдына түсіп кету емес, керісінше жақсыны үйретіп, жаманнан жирендіріп, адамгершілікке баулу. Яғни, балаға жастайынан қазақы салт-сананы, әдет-ғұрыпты, ұлттық дәстүрді бойына сіңіріп, ұлтты қадірлеуге, еңбек етуге, қоғамды құрметтуге, ұлтжандылыққа үйрету керек Кейін сол ісіңіз жемісін беретін болады. Өйткені, ата-ананың айтқаны баланың жадында сақталып қалады. Алдағы ғұмырында ол отбасынан, ортадан көргенін жасайды.
Демек, жүрген ортасы тәрбие тәртіпке бағыну мен мәдениеттілікті үйретсе, отбасының тәрбиесі одан әлде қайда жоғары және маңызды. Ата-ананың ең бірінші міндеті де  – бала тәрбиесі. Оны ибалылыққа, сыпайылыққа және адамгершілікке үйрету өз қолыңызда. Бойына атадан балаға мұра боп келе жатқан салт-сананы, әдет-ғұрыпты сіңірсеңіз, ол сіздің басты – жеңісіңіз. Себебі, сол арқылы жас өскін үлкен өмірге қадам басқанда, үлкенге ізеттілік, кішіге қамқорлық көрсетіп, жақындарымен өзгеде адамдарға бауырмалдылық танытады. Ал, сонан соң сол тәрбиені өзінің ұрпақтарына сабақтастырады.
Бұл жөнінде қазақтың келіні Бақытгүл Сүлейменова былай деп әңгімеледі – Қазақ халқы ертеден-ақ отбасы құндылықтарына үлкен мән бәріп қараған. Балғындарға жөн сілтеудің де қиындықтары көп, алайда сол қиындықтан басын ала қашпай, бар міндетін мойнына алған, көңіл бөлген ата-ана ғана саналы тәрбие бере алады. Ол үшін олардың не істеп жүргенін, немен айналысатынын, тапсырманы қалай орындағанын, сабақ үлгерімі сияқты тағы сол сияқты жұмыстарын жіті қадағалап, түсіндіріп, жан-жақты дамуына жағдай жасау қажет. Адам отбасында қандай тәрбие алған болса, өскенде сол тәрбиенің ізімен жүретіні сөзсіз, – дейді ол.
Бала жас шыбық секілді. Қалай майыстырсаң, солай қарай өседі. Сондықтан баланы үнемі қадағалап отыру әрбір ата-ананың міндеті. Ертеңгі жемісіңіз. Бала тәрбиесін кейінге қалдыру үлкен қателік десек болады. Өйткені уақыт өте келе ойы жетіліп, қатайып кеткен соң икемдеу қиынға түседі.
Бала тәрбиесі жайында ұстаз Әсем Тұрақбайқызы былай деді: –  Жалпы, өз басым балаға үйде алған тәрбиенің маңызы, мектепте алған тәлімнен зор деп айтар едім. Біздер, мұғалімдер шәкіртті оқытамыз, білмегенін үйретеміз. Бірақ жақындарындай әсер ете алмаймыз. Үйдің атмосферасы бір бөлек. Ата-әжесінің өнегеге толы сөздерін санасына сіңіріп өскен бала ешқашан жаман болмайды. Кешегі Абай, Шоқан, Бауыржандар бұл сөзіме дәлел. Сондықтан, балаға өзінен кішіге ізеттілік танытып, үлкенді үлкен деп сыйлайтындай, қызы һәм қарындасын қонағым, ұлдарын үйімнің иесі, ізімді жалғастырушым деп бағалайтындай етіп тәрбиелеу қажет. Өйткені отбасында мейірімділікке қанып, адалдық пен тәртіпке бағынып өскен бала да, келешекте жақсы отбасын құруға деген мақсат болады. Сонда ғана елді ойлайтын ер азамат өсіп шығады. Демек, адам өмірінде отбасында алынған тәрбиенің өзіндік орыны, салмағы бар. «Отан отбасынан басталады». Сіз өсірген бала, ертең мыңдаған адамға үлгі болуы мүмкін. Сол үшін бала тәрбиесіне бейқам қарамау керек.
Қазақта «Баланы жастан» деген ұлағатты сөз бар. Тәрбиенің тал бесіктен басталатынын ойда ұстасақ, ұтарыңыз көп болмақ. Еліміздің болашағын жалғастырушы ұрпақ тәрбиелеу бізбен сізге байланысты. Ал, ертеңгі келешек өзіңіз тәрбиелеген ұрпақтың қолында.
                                                                                     Ақтілек БІТІМБАЙ.
11 қыркүйек 2018 ж. 2 284 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам