Қызылордада автокөлік қаққан адам оқиға орнында көз жұмды

Адам қаққан автокөлік жүргізушісі оқиға орнынан бой тасалап кеткен. Полиция қызметкерлері кінәлі тұлғаны анықтау мақсатында жүргізілген жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде ізін суытпай автокөлік жүргізушісі қолға түсті.
«Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігімен және 347-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Онда көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы және жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетіп қалу жағдайлары көрсетілген», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазіргі таңда күдікті жүргізуші ұсталды. Ол Қызылорда қалалық полиция басқармасының уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынды. Тиісті сараптамалар тағайындалып, оқиғаның мəн-жайлары анықталуда.
Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басқа деректері жария етуге жатпайтынын мәлім етті.