Алматыда танымал актриса жол апатынан көз жұмды: Gelandewagen жүргізушісі сотталады
Алматыда өткен жылдың желтоқсан айының соңында қала ортасында Gelandewagen көлігінің қатысуымен болған жол апатына қатысты айыпталып отырған Ілияс Кардың ісі сотқа жіберілді. Оның себебінен болған апаттан танымал актриса Шолпан Елгезекова және тағы екі адам көз жұмған еді, деп хабарлайды қалалық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап Stan.kz.
1985 жылғы Ілияс Кар ҚР ҚК 345-бабы 4-тармағы (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы салдарынан абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет), 347-бабына (Жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетіп қалу) сәйкес айыпталып отыр.Қылмыстық іс бойынша процессуалдық прокурор тағайындалды. Істің толық әрі жан-жақты тергелуі қамтамасыз етілді.
Еске сала кетсек, 29 желтоқсанда Алматыдағы Сейфуллин және Абай даңғылдарының қиылысында жол апаты орын алып, салдарынан 3 адам мерт болған еді. Олардың ішінде актриса Шолпан Елгезекова да бар. Дәл осы көлікте отырған актриса Айзада Сатыбалдиева ғана аман қалып, ауыр жарақатпен аурухананың жансақтау бөліміне түскен еді.
Куәгерлердің сөзінше Gelandewagen автокөлігінің жүргізушісі бағдаршамның қызыл белгісіне өтіп кетіп, актриса отырған көлікті соққан. Артынша ол оқиға орнынан қашып кетіпті. Тергеу мәліметтері бойынша, жүргізуші мас болған.
Актриса Шолпан өліміне әкеп соққан жол апатына қатысты іс ІІМ-нің айрықша бақылауына алынды.