Жайылманың қарбызы тұтынушыға жол тартты

Жайылмалық шаруалар «Бір ауыл – бір кәсіп» қағидатын берік ұстанған. Ауыл тұрғындары егін егіп, оның несібесін жерден теруден шаршаған емес. Жылдағыдай 200 отбасыға 2 гектардан 5 гектарға дейін тегін жер берілген. Қазіргі уақытта үш ай тер төгіп еткен еңбектерінің нәтижесін көру үстінде. Осылайша, тұрғындар қуанышы еселей түсуде.
– Жайылма – қарбызымен қадірлі. Шілде айы келгеннен жұрт осы ауылдың қарбызын іздейді. Өйткені, дәмі тіл үйіреді. Құрамында дәрумені мол әрі шөліңді қандырады. Таудың таза суымен суғарылып, тың топырақта өніп шығады. Оның адам ағзасына да пайдасы зор. Сондықтан өзге өңірлерден көлігімен келіп, Жайылманың қарбызын алып кетіп жатқан адамдар аз емес. Жаңақорған ауданының брендіне айналған дәмі ерекше бұл өнім – аймақ мақтанышы. Балдай тәтті өнім Ресейде де сұранысқа ие, – деді Нұрбол Бәкіров.
Қазірге кезде Жайылма диқандары күніне қарбызды 5-6 жүк көлігіне толтырады. Тау баурайында өсіп-өніп шыққан қарбыз осылайша тұтынушы халыққа жол тартып отыр.
Айтолқын АЙТЖАНОВА