Белгіленбеген аймақта суға түскендерге айыппұл салынады

Өткен жылы облыс бойынша суда 22 адам қаза тапқан. Оның 8-і балалар. Бұл туралы Қызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Саид Молдақараев және Төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекеме бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Нұрсұлтан Ибрагимовтің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды.
«Биылғы 2019 жылдың басынан 5 тамызға дейін облыс аумағындағы су айдындарында 29 адам қаза болған. Оның 12-і бала. Қызылорда облысының аумағындағы су айдындарында қауіпті учаскелердің саны 64, сол жерлерде 163 ескерту тақтайшалары орнатылған және судағы қауіпсіздік бойынша 60 билборд орнатылды»,-дейді Саид Молдақараев.
Аталған деректерде анықталғандай, 12 адам балық аулау кезінде, 20 адам суға түсуге арналмаған жерде батып, 4 адам абайсыз жағдайда, 2 адам белгісіз жағдайда суда қалқып кеткен.
Айта кету керек, белгіленбеген жерде суға түскен азаматтар «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі №235 кодексінің 364-бабына сәйкес бірнеше айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді.